Basty bet

Өңір ардагерлері спорттың бірнеше түрінен сынға түсті

Тәуелсіздік жылдарынан бастап аудан көлемінде өңір экономикасының дамуына және халық тұрмысының артуына және ауыл-аймақтарда ынтымақ пен бірліктің орнығуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып, әлі де саптан қалмай еңбек етіп, жас буынға жарқын жол көрсетіп жүрген ардагер азаматтар арамызда аз емес. Оларды түрлі салада талмай еңбек еткен еңбек майданының майталмандары десе де артық емес. Иә, қариясы бар елдің қазыналы болатыны да сондықтан. Қазыналы қарттар – біздің байлығымыз, арқасүйер асқар тауымыз, ұлттың ұстыны да дәл осы қариялар.

Осы ретте қасиетті өңірде тұратын ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттырып, өмірден көрген-түйген мол тәжірибелерін жас ұрпақтың тәрбиесі мен жарқын болашағына лайықты жарату, сонымен қатар, аға буынның арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру арқылы олардың өмір сүру жасын ұлғайту – басты міндеттердің бірі. Осыған орай биыл атап өтілетін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 38 жыл толуына орай аудан ардагерлері арасында спорттың бірнеше түрінен спартакиада ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейдің спорт залында өткен ардагерлер арасындағы дәстүрлі жарысқа өңірге қарасты ауылдық округтердің барлығынан өкілдер қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылуына қатысып сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев құттықтау сөз сөйлеп, жалпы ардагерлердің қоғамдағы рөлі және өңір тұрғындарын саламатты өмір салтын қалыптастыру ісіне тартудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айта кету керек, жарыс барысында ардагерлер спорттың алты түрінен өзара сынға түсіп, бақ сынады. Атап айтқанда, үстел теннисі, дойбы, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ және бильярд. Ардагерлердің белсенділігімен әрі тартысты өткен спартакиада қорытындысында жекелеген спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанған ардагер спортшылар Диплом, медаль және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Жеңімпаз және жүлдегерлерді «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы, денсаулық сақтау жүйесінің үздігі, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев марапаттады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close