Basty bet
Жүйеде аудан тұрғындарының 82,4 пайызы сақтандырылған
Кейінгі жылдары еліміздің денсаулық сақтау саласында мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілуде. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына олардың жынысы, жасы, әлеуметтік мәртебесі, тұрғылықты жері және табыстарынан тәуелсіз түрде медициналық және дәрілік көмекке бірдей қолжетімділікті кепілдік етеді.
Осы ретте, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Назарларыңызға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы сіз білуіңіз қажетті ақпараттар ұсынылды.
-Батырбек Балтабайұлы, МӘМС жүйесіне биыл қандай өзгерістер енгізілді? МӘМС төлемі 2024 жылы қандай мөлшерде болды?
-Биыл елімізде ең төменгі жалақы 70 мыңнан 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Осыған байланысты МӘМС үшін аударылатын жарналардың сомасы да өзгереді. МӘМС төлемдері төлеушілердің әр санаты үшін әртүрлі мөлшерде болады. Жұмыс берушілердің аударымдары қызметкерлер жалақы деңгейінің 3 пайызын төлейді. Аударымдардың ең жоғары сомасы 25 500 теңгеден аспайды. Бұл 10 ең төменгі жалақының 3 пайызы. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (АҚС) бойынша табыс алатын қызметкерлер мен жеке тұлғалардың жарналары 2024 жылы олардың табысының 2 пайызын құрайды, бұл ретте, егер жалақы мөлшері 10 ең төменгі жалақы жоғары болса, онда тек осы сомаға ғана салық салынады және жарнаның ең жоғары сомасы 17 000 теңгені құрайды. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындардың жарналары 5 950 теңгені немесе 1,4 ЕТЖ-ның 5%-н құрайды. Дербес төлеушілер үшін жарна сомасы 4 250 теңгеге тең (1 ЕТЖ-ның 5%).
Бірыңғай жиынтық төлем кәсіпкерлік қызметті жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар үшін 5 жылға (2019 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) уақытша енгізілді. 2024 жылдың қаңтарынан бастап БЖТ болмайды. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәртебені екі жолмен ала алады. Яғни, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды жеке кәсіпкер ретінде төлеу және жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу қажет. Ал, 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналарын мемлекет аударады.
-Мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдікке ие 15 санат қатарына кімдер және қалай кіреді?
-Бұл санатқа, біріншіден, 18 жасқа дейінгі балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер кіреді. Аталған жеңілдік санатына ену үшін әйел тіркелген емханада жүктілігі бойынша уақтылы есепке тұруға тиіс. Соңғы 2 айда ол үшін зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауы шарт. Жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген және өз қызметін тоқтатпаған әйелдер, сондай-ақ БЖТ төлейтін әйелдер жұмыс істейтін болып саналады және жеңілдік санатына енгізілмейді. Сонымен қатар, үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлға да осы санатқа жатады. Бұл санаттағылар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады. Бірақ ресми түрде жұмыс істемеуі және де олардың атына соңғы 2 айда зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар жасалмаған болуы керек. Одан бөлек, бұл топқа жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы тұлға, мүгедек баланы күтіп-бағатын, жұмыс істемейтін адамдар, бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар және зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері де кіреді.
Сондай-ақ, мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдікке қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар, тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар, жұмыс істемейтін қандастар жатады. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын тұлғалар, жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдікке ие болады. Егер кейбір азаматтар осы 15 санаттың біріне кірсе, бірақ «сақтандырылмаған» болса, онда растайтын құжаттар тізімін жинап, оны Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруы керек. Ақпарат мемлекеттік органдарға жолданып, тиісті шаралардан соң ол азаматқа «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі беріледі және ол үшін мемлекет жарна төлейді.
-Осы ретте, аудандағы жағдай туралы айтып берсеңіз. Жалпы тұрғындардың қанша пайызы сақтандырылған. Сақтандырылмағандар қанша?
-Аудандық орталық аурухананың РПН (халықты тіркеу порталы) бойынша 45,500 тұрғынның ішінен 8033 адам медициналық сақтандыру мәртебесін алмаған, ол 17,6%, ал, сақтандырылған тұрғындар 82,4% болып отыр. Аудандық орталық аурухана тарапынан, 8033 медициналық мәртебесі айқындалмаған тұрғынның барлығымен түсіндірме жұмыстары бірнеше рет жүргізіліп, 1326 адам сақтандыру мәртебесін алды, ол 16% құрайды. Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесі бойынша «А жақсы» 497 азамат, «В қанағаттанарлық» 1979 азамат, «С төмен» 2807 азамат, «Д дағдарыс» 2180 азамат, «Е мүшкіл деңгейде» 602 тұрғын медициналық сақтандыру мәртебесін алмаған. Динамикада 5090 адам өзектендірілді, ол 63,36% құрайды.
-МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар төлемді қалай жасайды?
-Егер науқастың сақтандыру мәртебесі болмаса, не істеу керек? Яғни, олар бірінші кезекте, қолжетімді жолдарды қолдана отырып, МӘМС жүйесінде қарыздардың бар-жоқтығын және мерзімдерін тексеруі керек. Егер жүйеде қарыз болса, оны төлеу немесе жою қажет, бірақ қарастыратын уақыт алдыңғы 12 айдан аспауы керек (мысалы, осы жылдың қаңтар айынан келесі жылдың қаңтар айына дейін). Сақтандыру мәртебесі 3 жұмыс күні ішінде беріледі. Егер адам жеке кәсіпкер болса немесе БЖТ төлеушісі болса, өзі төлесе, онда қарызды дербес төлеуші ретінде төлеуге болады. Егер қарыз жеке кәсіпкерден (ЖК), шаруа қожалық (ШҚ) иелерінен, жеке практикамен айналысатын адамдардан, қызметкерден немесе азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс жасайтын адамнан анықталса, онда төлемдердің мәртебесін тексеруі керек. Жіберілген төлемдердің мәртебесі, ол қайтарылған болуы мүмкін, содан кейін сіз қарыз бен пайыздарды төлеуіңіз қажет. Егер төлемдер қате түрде басқа мерзімге төленсе немесе төлем құжаттары дұрыс рәсімделмесе, бұл кезеңдердегі ақшаны қайтара алады. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-на өтініш жазып, қатенің себебін көрсетіп, өтінімге төлемді растайтын құжаттарды тіркеу қажет.
Соңғы 12 айдың төленбеген кезеңдері болған жағдайда, екінші деңгейлі банктер және олардың интернет-сервистері мен мобильді қосымшалары, төлем терминалдары және «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшелері арқылы жарналарды төлеуге болады. Төлемдерді тексергеннен кейін “Сақтандырылған”мәртебесі беріледі.
– МӘМС жүйесіндегі тұрғындар өз мәртебесін қалай тексеруіне болады?
-Тұрғындар міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесін бірнеше жолмен тексеруіне болады. Біріншіден, Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы. Ол үшін «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударылған аударымдар және (немесе) жарналар сомасы туралы ақпарат беру» қызметін тауып, «Қызметке тапсырыс беру» батырмасын басып, ЖСН-ді көрсету қажет. Оның нәтижесі 10 минут ішінде дайын болады. Сонымен қатар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz. ресми сайты арқылы да өз мәртебесін білуге болады. Яғни, сайт бетінің оң жақ бұрышында орналасқан «Мәртебені анықтау» терезесін басып, ЖСН-ді көрсету жеткілікті. Одан бөлек, Goldau 24/7 мобильді қосымшасындағы мәзірдегі «Сақтандырылу мәртебесін тексеру» бөлімін таңдап, ЖСН-ді енгізу қажет. Терезеде мәртебе және алдыңғы 12 айдағы төлемдердің болуы туралы ақпарат пайда болады. Бұл қосымшаны PlayMarket және AppStore-дан жүктеуге болады.
Сондай-ақ, МӘМС және ЕДБ қосымшаларында мәртебесі мен төлемдерін тексеруге болады. Медициналық қызметтерді тұтынушының мәртебесін тексеру сервисі (сақтандырылған/сақтандырылмаған) енді Қазақстан Халық банкінің, Центр Кредит Банкінің және Kaspi Bank банкінің мобильді қосымшаларында енгізілді.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»