Basty bet
Төртеу түгел болса…
Шынын айту керек, Алматыдағы қатыгездік пен ұрлау, тонау, талқандау, орын алған лаңкестік оқиғалар Қазақстанның тәуелсіздігіне үлкен қауіп-қатер туғызды.
Аса қатыгездіктің жүрек ауыртатын оқиғаларын өз көзіммен көрдім.
5 қаңтар күні жұмыстан қайтып келе жатқанмын. Төле би мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында бет-ауыздарын бүркелеп алған бір топ бұзақылар полиция көлігін төңкеріп тастап, тәртіп сақшыларын аяусыз сабап жатты. Шыдай алмай көлігімді тоқтатып, жігіттерге:
-Жігіттер-ау, бұларың қалай? Мына бейбастықты тоқтатыңдар! – деп ышқына айқайладым.
-Әй, шал!- деді суық түсті қарақшылардың бірі. -Аман-сауыңда тайып тұр. Әйтпесе, сені де аямаймыз!- деді.
Қолымнан ештеңе келмейтінін біліп, көлігіме қайта міндім…
Ел басына туған қиын сәттерде халқымыз, Алматы қаласының тұрғындары Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл әрі нақты қадамдарын қолдап, біртұтас екендіктерін көрсете білді.
«Боламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба?» деген аса күрделі қиын шақта құқық қорғау органдары төніп тұрған ажалға қарсы тұрып, нағыз ерліктің үлгісін көрсете білді. 20-ға жуық сарбаз ел Тәуелсіздігін қорғау жолында ерлікпен қаза тапты. Солардың арасында жуалылық Алмасов Нұрболсын Ғаниұлы да бар.
Батыр жауынгердің ерлігіне жоғары баға беріліп, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ел басына қатерлі күн туғанда нағыз батырлықтың үлгісін көрсеткен Нұрболсынның іс-әрекеті бүкіл Жуалының жастарына үлгі-өнеге.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде сөйлеген сөзінде енді дамудың жаңа кезеңі басталғандығын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы халық арасында үлкен дүрбелең, қорқыныш туғызған лаңкестік оқиғаларға жан-жақты талдау жасап, жіберілген кейбір кемшіліктер ащы сабақ болғандығын ашып айтты.
Қазақстанның ең үлкен байлығы – оның халқы болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа еліміздің экономикасын жандандыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Көп ұзамай-ақ халықтық қор құрылып, қазақстандықтардың әлі шешімін таппаған күрделі мәселелерін жүзеге асыруға үлкен үлес қосатын болады.
Ауыл – елдің алтын бесігі. Ана тіліміз, тарихымыз, салт-дәстүріміз, татулығымыз бен бірлігіміз елден басталады.
Ауылсыз еліміздің болашағын, экономикасын дамыту мүмкін емес. Президент ежелден ырысымыз бен берекеміз болған алтын қазығымыз ауылдың бүгінгі хал-ахуалына, әлеуметтік жағдайына, экономикасының жақсара түсуіне айрықша көңіл бөлді.
Қасиетті Жуалы жері, қазақтың қастерлі жері 1950 жылға дейін қазіргі Жуалы ауданымен көршілес жатқан Түркістан облысының Түлкібас ауданы Жуалы ауданы болғанын көнекөз қарияларымыз жақсы біледі. Бір кездері Мыңбұлақ атанған жазиралы өңірге V-VII ғасырларда Батыс Түркі қағанатының жазғы ордасы болған. Көптеген шетелдік және отандық тарихшыларымыздың зерделі зерттеулеріне сенетін болсақ, қазақ халқының іргетасы, ұлт болып қалыптасуы осы жерден бастау алған.
Жуалы – батырлар мен генералдардың, ақын-жазушылардың туған жері, алтын бесігі. Біз қайда жүрсек те Сіздерге тілекшіміз, жеткен табыстарға шын жүректен қуанамыз!
Қол жеткен жетістіктерге үлес қосу – біз үшін де үлкен мәртебе.
Жақында Алматыда тұратын бір топ қаламгерлер, өнер қайраткерлері арнайы шақыртумен Жуалыға барып, аудан тұрғындарымен, зиялы қауыммен кездесіп, ауыл-ауылды аралап, ауылдың экономикасы мен әлеуметтік жағдайының жақсарып келе жатқанын көріп, соның айқын куәсі болдық.
Аудан әкімі Олжас Есалханұлы бастаған ел азаматтарының ел мүддесі үшін атқарып жатқан тындырымды істеріне қуанып қайттық.
«Жау жоқ деме, қыр астында» деп данышпан халық бекер айтпаған. Олай болса, сақ болайық, бір болайық!
Баукең, Бауыржан Момышұлы ағамыздың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген даналық сөздерін есімізден шығармаймыз.
Құрметті жерлестер!
Тәуелсіздік – біз үшін ең қастерлі ұғым. Оны сақтай отырып, елімізді өркендетуге Президентімізден бастап бәріміз жұдырықтай жұмылып, біркісідей үлес қосуымыз керек.
Тәуелсіздіктің аспан түстес Туы желбіреп, мәңгілік ел болайық!
Атақты Төле би бабамыздың «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау алауыз болса, ауыздағы кетеді» деген сөзін ұмытпайық!
Доқтырхан Тұрлыбек,
жазушы, режиссер.
Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры