Basty bet

Ұрлыққа барған қылмыскер жазадан құтылмайтынын білгені жөн

Соңғы жылдары ұрлық белең алып бара жатқаны байқалуда.
Жуалы аудандық сотында 2022 жылдың 12 айында, ҚК-нің 188-бабы бойынша (ұрлық) 14 қылмыстық іс қаралса 2023 жылдың 4 айында үш қылмыстық іс қаралды.
Айта кететін жайт, 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 292-Заңымен ҚК-тің 188 бабының 3 бөлігіне өзгерістер енген болатын.
Аталған бөліктен ұрлыққа жазаның ауырлағанын байқауға болады, яғни ірi мөлшерде, бірнеше рет тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық – мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді. Екінші мәрте ұрлық жасаған адамның жәбірленушімен татуласуына жол жоқ, яғни жаңартылған Қылмыстық кодекстің талаптары қатаңдатылды.
Қазіргі таңда ұялы телефондардың ұрлығы көбеюде. Ұялы телефондарды табу аса қиын. Себебі, әккі ұрылар тапқан олжасын бірден сатып жібереді. Ал алыпсатарлар телефонды Қазақстан аумағында көп ұстамай, шетел асыруға тырысады. Сөйтіп, шекарадан шығып, басқа байланыс операторына қосылған құрылғыны табу қиындайды екен. Қазақстаннан ұрланған телефондар негізінен Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанда саудаланады.
Дегенмен, ұрылар, негізінен, ақша, әшекей бұйым, қымбат техника мен құндыз ішіктерді алады. Пәтер ұрлығы көбінесе жұрт жұмысқа кеткенде, яғни, үйде ешкім жоқ кезде жасалады деу – қате пікір. Сақшылардың сөзінше, тұрғындар шырт ұйқыға кеткенде де үйге түсетіндер бар. Сондықтан, есік-терезені мықтап бекітіп, сақтық шараларын естен шығармаған жөн. Бұл қылмысқа баратындар үнемі топтасып жүреді. Бірі маңайды барлап не олжаны күтіп көлікте отырса, келесі есік алдын күзетіп, қауіп төнсе, хабарлауға дайын тұрады. Ал қалғандары пәтер ішін тінтеді.
Бұрын бөтеннің мүлкін жымқырғандар келтірген зиянды өтесе, Қылмыстық кодекстің 68-бабының негізінде жәбірленушімен татуласуға байланысты қылмыстық жауаптан босатылатын. Енді жаңа заңда мұндай рақымшылыққа жол жоқ. Күдікті жәбірленушімен тек бір рет татуласып, жауапкершіліктен құтыла алады. Ал егер екінші қайтара ұрлық жасаса, міндетті түрде сотталып, үкім бойынша жазасын арқалайды.
Айтар ойымның түйiнi, бүгiн болмаса ертең әр нәрсенiң сұрауы болады. Ұрлық жасап олжаға батамын деп жүріп, қолға түсіп, сотталған қылмыскерлердің «Ұрлық түбі – қорлық» деген халық даналығының ақиқаттығына ой тастап, ақыл тоқтатар деген ойдамын. Сотқа жеткен iстiң әрдайым әдiл шешiмiн табары анық.

Бақтияр Мамыр,
аудандық
сот әкімшісінің
бас маманы,
сот отырысының хатшысы

Таңдаулы материалдар

Close