Basty bet

Таулы өңірдің тұрғындары тіршілік нәрінен тарықпайды

биыл өңірге қарасты – Көлбастау, Күреңбел және Бақалы ауылдарында ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары атқарылады

Заман өзгеріп, қоғам дамыған жаңа кезеңге қадам басқан кезде ел өңірлерінде, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар үшін инженерлік-инфрақұрылымдық даму жұмыстарының қарқын ала түсетіні жасырын емес. Жалпы тұрғындардың өмір сүруіне жағдай жасау, тұрмыс жайлылығын арттыру мәселесі мемлекет үшін де маңызды әрі күн тәртібінде тұрған мәселе саналады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да жан-жақты айтылып, осыған жауапты өңірлердің атқарушы орган басшыларына тиісті тапсырмалар да жүктеліп отыр. Бұл жайдан-жай емес.
Бұл туралы кеңірек айтатын болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз» деп атап өтіп, ел тұрғындарына лайықты жағдай жасау, өңірлерде инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жақсарту ісін жаңғыртуды тапсырғаны бір жағынан заңды да. Себебі, халықтың, әсіресе, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсармай, ұлттың да сапасы артпайтыны белгілі жай…
Президент Жолдауының «Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажет» деп аталатын төртінші бағдарында да энергетика, инженерлік-инфрақұрылымдық даму мәселесіне көп көңіл бөлу керектігі тапсырылып отыр.
«Бұл жұмыс, ең алдымен, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында жүргізілуге тиіс. Қазір энергия өндіретін жаңа нысандар салу үшін берілетін несие шарттарын қолайлы деп айта алмаймыз. Сондықтан Үкімет қаржы институттары арқылы ұзақ мерзімге арналған қолжетімді несие беру жолдарын ойластыруға тиіс.
Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды» делінген жылдың басты құжатында.
«Жол – экономиканың күретамыры» десек, тиісінше, инженерлік-инфрақұрылымдық даму мәселесіне басымдық берудің маңызын анық аңғарасың. Себебі, жол инфрақұрылымы дамымай, көлік-логистика саласы да өз деңгейінде дамымайды. Ауылдық елді мекендерде де инженерлік жүйелер қолжетімді болмайынша, халық тұрмысының сапасы артпайды. Мұның барлығы сайып келгенде, ел экономикасының дамуына елеулі әсер ететіні белгілі.
Көше жолдарын ретке келтіріп, өңір тұрғындарына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жекелеген жолдарды орта жөндеуден өткізу жұмыстары әсіресе ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында ерекше қарқынмен жүзеге асырылып жатқанын баса айтуға тиіспіз.
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне қолайлы жағдайлар жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже. Басқа өңірлер сияқты Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, елді мекендерді ауызсу жүйелерімен, табиғи газбен, электрмен және қанағаттанарлық автомобиль жолдарымен жабдықтау мәселелеріне облыс, аудан басшылығының тарапынан көбірек көңіл бөлініп отыр.
Бүгінгі күнге ауданға қарасты 49 елді мекеннің барлығы ауызсу жүйелерімен қамтылған деуге әбден болады. Өңірдегі ауызсу құбырларының жалпы ұзындығы – 542,56 шақырымды құрайды. Ал ауыл тұрғындарын сапалы ауызсу жүйелерімен қамту жұмыстарына тоқталсақ, алдыңғы жылдарды айтпағанда, 2024 жылы ауданда екі бірдей елді мекенде ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізіліп, Нұрлыкент және Қызыларық ауылдық округтеріне қарасты Түктібай және Ақтөбе ауылдары орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Бұл – таза ауызсуды көптен күткен ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болғаны анық.
Сонымен қатар, былтыр өңірдегі төрт шағын елді мекенде аула және тұрғындар саны әлдеқайда аз болғандықтан, кешенді блок-модуль (КБМ) орнату арқылы ауызсу жүйелерімен қамтылды. Олар – Қарасу, Көктас, Күркіреусу және Амансай ауылдары.
Сапалы ауызсу – халық денсаулығының кепілі. «Ауру – астан!» демекші, судың сапасы адам денсаулығына да елеулі әсер ететінін жақсы білеміз. Сол себептен ел өңірлеріндегі ауызсу жүйелерін қайта жаңғыртудан өткізіп, халықты сапалы сумен қамтамасыз етуді мемлекет те басым саяси бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Президенттің тапсырмасымен 2025 жылы Қазақстандағы барлық өңірлерді дерлік сапалы ауызсу құбырларына қосу міндетті меже ретінде белгіленіп, бұл бағыттағы жұмыстар қасиетті Жуалы өңірінде де бірнеше жылдан бері жүйелі іске асырылу үстінде.
Атап айтқанда, биыл ауызсу жүйелерінің әбден тозып, ескіруіне байланысты өңірге қарасты – Көлбастау, Күреңбел және Бақалы ауылдарының ауызсу жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып, оған ел қазынасынан қыруар қаржы қарастырылып отыр. Бұл – қуанышты жаңалық. Олай болатыны, аталған ауылдар көп жылдан бері ауызсудың азабын тартып, аудан әкімінің халық алдындағы есептік жиналысы сайын қариялар мен тұрғындар осы өзекті мәселені көтеретін де жататын. «Сабақты ине сәтімен» демекші, ұзақ жылдан бері өзекті мәселе болып келген сапалы ауызсу сәтін салса, биыл өз шешімін таппақ.

40 шақырым магистральды құбыр тартылып, 715 аула ауызсумен қамтылады
Ауызсу жүйелерін қайта жаңғыртуға байланысты жоғарыда аталған үш ауылда атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, қазір Көлбастау ауылында жұмысқа жауапты бас мердігер мекеме «Интеллект Азия» ЖШС жұмысты сәуір айының соңғы аптасында бастады. Қазір ауыл сыртындағы алдын ала белгіленген жер телімінде ауызсумен жабдықтауға арналған арнайы орын дайындалып, мұнда екі бірдей сусорғы станциясы, су тарату станциясы, қуаттылығы 500 кубты құрайтын екі бірдей су жинайтын резервуар, су тазалау қондырғысы салынып, т.б. қосалқы ғимараттардың құрылысы жүргізілу үстінде.
«Жамбыл облысы Жуалы ауданының Көлбастау ауылындағы ауызсу құрылысы» деп аталатын жобаның құрылысына бөлінген 1 млрд 302 718 теңгенің 1 276 663,778 теңгесіне тиісті келісім-шарт жасаған бас мердігер тараздық – «Интеллект Азия» ЖШС. Құрылысқа тапсырыс беруші – Жуалы ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Техникалық қадағалаушы мекеме – «Құрылыс Сауда Экспо» ЖШС. Ауызсу жүйесінің құрылысы 2025 жылдан 2026 жылға өтпелі болып, белгіленгенімен, мердігерлер жұмысты биыл аяқтауды жоспарлап отырғанын айтады.
Жұмысқа жауапты мердігер мекеменің прорабы Қайырбек Сұлтанов құрылыстың кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады. Қазір мұнда негізгі жұмыстар су тарату станциясының басында жүріп жатыр. Жалпы аумағы бір гектарға жуық орынды алып жатқан станцияның айналасы темір-бетон шарбақпен қоршалып, ішінде қосалқы шағын ғимараттар салыну үстінде. Оған арнайы техникалармен қатар, кәсіби мамандар мен қосалқы жұмысшылар тартылған.
– Сәтін салса, 2025 жылдың соңына дейін Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылын сапалы ауызсу жүйесіне қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір біз ауыл көшелерін сумен қамтуға бағытталған жұмыстарды қызу атқаруға кірісіп кеттік. Оған бөлініп отырған қаржы да жеткілікті, жұмысты атқаруға техникалар мен жұмысшылардың әлеуеті де толық жетеді. Жалпы алдын ала есептеулерге сәйкес, Көлбастау ауылында барлығы – 715 аула бар, көшелер саны – 15-ке жуық. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, мұнда 40 шақырымға жуық магистральды құбыр тартылып, аулаларға ауызсу құбырмен жеткізіледі. Жұмыс қарқыны жаман емес. Кестеге сәйкес, атқарылу үстінде,- дейді прораб Қайырбек Мұхымбайұлы.
Құрылыстың барысын өзіміз көзбен көргендей, ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың қарқыны көңіл қуантады. Су тарату станциясының басындағы жұмыстармен қатар, мекеменің арнайы техникалары көшелерге орналастырылатын магистральды құбырлардың шұңқырын қазуды бастап кетті. Жұмыс ауылға қарасты Б.Майлин көшесінде жүргізіліп жатса, мердігерлер алдын ала дайындық жасап, көшелер аралығындағы бір-бірімен байланысатын магистральдық құбырлардың да орнын белгілеген.
Қай құрылысты алып қарасаңыз да, оның қуатты техниканың көмегімен және жұмысшылардың күшімен бітетіні белгілі. Көлбастау ауылының ауызсу жүйесінің құрылысына да қуатты техникалар мен жұмысшы күші жеткілікті көлемде тартылған. Атап айтқанда, қуатты эксковаторлардан – 3 бірлік, манипулятор – 1, жүй тасымалдайтын көліктерден КамАЗ – 4, автокран – 1, т.б. арнайы техникалары бар. Құрылысқа көлік жүргізушілермен қатар, кәсіби су жүйесі мен құрылыс мамандары және әртүрлі жұмысшылардан – 40 адам жұмылдырылған. Соның нәтижесінде, қазір жұмыстың елеулі бөлігі аяқталды деуге болады.
Айта кету керек, ауызсу жүйесінің құрылысына негізінен Қазақстанда жасалып сертификатталған, отандық сапалы материалдар қолданылу үстінде. Материалдың дені облыс орталығынан құрылыс басына жеткілікті көлемде жеткізіліп жатса, құрылысқа қажетті ұсақталған шағал тас пен құм жергілікті жерден сатып алынуда. Мәселен, әртүрлі диаметр өлшемдегі пластик құбырлар мен темір-бетон сақиналар, цемент, арматура, т.б. сапалы құрылыс материалдары облыс орталығындағы «ЖамбылХимСтрой» ЖШС, т.б. белгілі кәсіпорын, серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлерден алынып отыр. Құрылыс материалдары сапасының жоғары екенін айттық, ендігі кезекте оны сапалы орналастырып, атқару құрылысқа жауапты серіктестіктің жұмысшыларына тікелей байланысты.

Жоба республикалық және облыстық бюджеттен қолдау тапты
Иә, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылымен іргелес орын тепкен Көлбастау ауылы тұрғындары тығыз орналасқан елді мекенге жатады. Халқы жыл санап көбейіп келе жатқан бұл ауылда ауызсудың мәселесі бұрыннан бар. Су тарататын бұрынғы станцияның қолданысқа берілгеніне 40 жылдан астам уақыт өткенін ескерсек, құрал-жабдықтары әбден тозып жиі істен шықса, көше бойындағы магистральды құбырлардың да тозығы жетіп, әр жерден тесіліп жарамсыз болуға айналғалы қашан. Тұрғындар тілегін ескерген аудан басшылығы 2023 жылы жобалық-сметалық құжаттама дайындап, қаржыландырылу үшін республикалық және облыстық бюджетке тиісті ұсыным жолдағандарын айтады. Көлбастау ауылының ауызсу жүйесінің құрылысы республикадан тиісті қолдау тауып, нәтижесінде құрылысқа жұмсалатын қомақты қаражаттың 90 пайызы республикалық бюджеттен, ал 10 пайызы облыс қазынасынан қарастырылып отыр.
Ұзақ жылдан бері ауызсудың азабын тартқан Күреңбел ауылындағы ауызсу жүйелерін қайта жаңғыртуға бағытталған жобаға да қаржы-қаражат республикалық және облыстық бюджет есебінен қарастырылып отырғанын айта кеткен жөн. Екі ауылдың тұрғындары да ұзақ жылдан бері күткен таза ауызсудың көп ұзамай келетініне және тілегінің орындалғанына қуанышты екенін жеткізді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close