Basty bet

Өзіңді ойласаң, өз қауіпсіздігіңді сақта!

Жазғы маусымның алғашқы күнінен бастап, аптап ыстықтан қашып, жағажайға демалу үшін суға түсетін азаматтар саны артқан сайын, құтқарушылардың да тынымсыз жұмыс істейтіні белгілі. Өйткені жағажайларда суға шомылушылар арасында суға кетіп, абайсызда ажал құшатындар өкінішке қарай кездесіп тұрады. Ондай суық хабарларды теледидар арналарындағы жаңалықтардан да, ғаламтордағы хабарлардан да естіп көріп отырамыз.
Азаматтардың жазатайым жағдайға ұшырауының басты себептері белгіленбеген орындарда суға түсу болса, келесі бір себебі, алкогольді ішімдіктер ішіп алып суға шомылуы болып отыр.
Әр адам өзін ойлап, өз қауіпсіздігіне немқұрайды қарамаса, қайғылы жағдайдың алдын алуға болатынын жақсы білеміз. Ол үшін мына қарапайым ережелерді жадымызда ұстанған жөн. «Суға сүңгіп, салқындап алсам» деген шомылушылар жағадан алыстамай, суға шомылуға болатын, рұқсат етілген жағалаулардың өзінде арнайы қойылған шектен ары аспауы қажет. Бұл ең алдымен шомылушыны суға батқан жағдайда құтқарып алуға мүмкіндіктің көбірек болатынын, екіншіден, суға бату ықтималдылығын азайтады.
«Халық денсаулығы – мемлекет байлығы» демекші, осындай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін тұрғындарға қандай қауіпсіздік шаралары жасалып жатыр, ауданда қанша су айдындары бар деген және өзге де сауалдарға жауап табу мақсатында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаевты әңгімеге тартқан болатынбыз.
-Аудан бойынша Гидротехникалық құрылыстардың саны 14-ке жетіп отыр. Оның ішінде екі су қоймасы, алты тоған, екі су торабы мен төрт магистральдық каналдар құрайды. Су айдындарындағы қауіпсіздікке байланысты үгіт-насихат жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Теріс су өзенінің жағалауында шомылуға белгіленбеген орындарда тыйым салу белгілері жартылай орнатылған. Сонымен қатар ауылдық округі әкімдіктеріне судағы қауіпсіздік бойынша баннер үлгісі жолданған және ауылдық округтерде баннер толықтай орнатылды.
Ағымдағы жылы жазғы шомылу маусымында адам өлімі мен қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында, аудан аумағындағы су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау және шомылуға тыйым салынған аймақтарда, атап айтқанда, «Теріс» өзені бойында, су тоғандарда, каналдарда, арықтарда, бөгеттерде рейдтік жұмыстарын жүргізу барысында аумақтық учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп күнделікті және демалыс күндері шомылуға келетін тұрғындармен демалушыларды ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 440 және 364 баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартуда онымен қоса, патрульдеу жұмыстары да жүйелі ұйымдастырылуда.
«Өрт қауіпсіздігі – баршаға ортақ іс»
Расында, адам өмірінен қымбат не бар? Бәріміз білетін шындық осы болғанымен, атүсті қарайтынымыз жасырын емес. Адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға жəне материалдық құндылықтарға орны толмас зиян келтіретін «тілсіз жау» өрт болып табылатыны баршамызға аян. Тілсіз келіп, тұтқиылдан тап беретін өртті алдын ала болжап білу мүмкін емес. Жаңалықтардан «пәлен тұрғын үй өртеніпті, түгеншенің отбасы иіс тиіп, қырылып қалыпты» деген қаралы хабарды естіп-көріп отырсақ та, бұл жағдай біздің басымыздан өтпейтініне «Құдайдан қолхат» алғандай бейқам жүретініміз, жасырын емес. Әсіресе, құрғақ жəне ыстық күндері өрт қаупі артады. Ең қиыны, дала өртін өшіру. Ағымдағы жылы жеке тұрғын секторында 17 өрт оқиғасы, 21 өрт ретінде есепке алынбайтын жану оқиғалары, 30 апаттан құтқару жұмыстары жүргізілді. Осындай ақпараттарды тілге тиек еткен аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Кеңесбек Абдраймов тұрғындардың жауапкершілігін еске салып, өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелеріне баса назар аудару керектігін айтып өтті.
-Өрттің алдын алу мақсатында аудан тұрғындарының үйлеріне барып, жадынама тарату арқылы үгіт-насихат жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Сонымен қатар, газет беттеріне мақала жариялау, әлеуметтік желілерге мақала жариялау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отырады.
Бүгінгі таңда ауданда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында – №7 өрт сөндіру бөлімі және Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында – №14 өрт сөндіру бекеті бар. Өрт сөндіру техникаларының саны – жетеу. Атап айтар болсақ, негізгі мақсаттағы екі өрт автокөлігі мен екі көмекші көлік болса, қалған үшеуі апаттан құтқару техникалары болып табылады. Ауданда жалпы алғанда, 37 өрт сөндіруші тұрғындардың қауіпсіздігі үшін дамылсыз еңбек ету үстінде. Өрт тілсіз жау болғанымен өздігінен пайда болмайды.
Жалпы, өрт оқиғаларының жиі орын алуына әсер ететін фактілердің бірі тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне немқұрайды қарауынан пайда болады. Осы орайда, өңір тұрғындарына өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес беремін,- деді бөлім бастығы.
Осы орайда «Сақтансаң – сақтаймын» деген нақыл сөзі еріксіз еске түседі. Апаттың алдын алу үшін елді құлақтандыру мақсатында елімізде арнайы мамандар түрлі шараларды атқарып, әртүрлі жолдарын қарастырып, тұрғындардың амандығы үшін аянбай қызмет етуде.
Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің алдыңғы қатарында тұрған өмір қауіпсіздігі мәселесіне салғырт қарауға болмайтынын тағы да айта кеткен жөн.
«Апат айтып келмейді» деген қанатты сөздің астарында үлкен мән бар. Сондықтан, қандай төтенше жағдай болсын, ел азаматтары қауіпсіздік шаралары бойынша өз білімдерін жетілдіруді азаматтық борышым деп санаса артық болмас еді.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close