Basty bet
Жасыл алаңды жалындатқан жас футболшы
Футболдың әлемдегі нөмірі бірінші спорт екеніне ешкімнің де таласы жоқ. Англиядан бастау алып, әлемді жаулаған футболмен бүгінде жер шары тыныстап тұр. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін футбол ойыны десе бәрін тастап, теледидарға телміретіні айтпаса да түсінікті. Алаңдағы жиырма екі футболшыны ала доптың артынан жүгіртіп, миллиардтаған жанкүйердің сол жиырма екінің қимыл қозғалысына бас алмай қарап, тамашалайды..
Көпшіліктен сұрау салсаңыз, ауыздарынан – Пеле, Марадонна, Рональдо, Мессидің өмір деректерін жаңылмастан айтып, басым бөлігі олардың нағыз жанкүйеріне де айналған. Ал әлем тәнті болған осы спортқа алаш абыройы үшін аянбай тер төгіп, жасыл алаңда жарқырап жүрген жігіттеріміз жетерлік. Қазақ футболы көптеген талантты ойыншыларды түлетті. Сондай талантты ойыншылардың ізін жалғастырып, ел мерейін асқақтатып жүрген спортшы Әбдірәсіл Әбдіманапұлы.
Спорт саңлағы аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы іргелі білім шаңырағы саналатын №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 9 сыныпқа дейін білім алады. Қолындағы аттестатпен Тараз қаласындағы Тараз политехникалық колледжіне оқуға түсіп, «Бағдарламашы» мамандығын игеріп шығады. Болашақта атақты Пеле, Месси, Рональдо сияқты футболист боламын» деген бала арманының жетегіне еріп, студенттер лигасында футбол ойнап, үздік шабуылшы атанады.
Ала допқа икемі бар жас футболшы көпшіліктің көзіне түсіп, ШФК «Монтажник» әуесқой футбол клубына шақырту алады. Бұнымен тоқталып қалмай, 2018 жылы желтоқсан айында «Қайрат» шағын-футбол клубының академиясына шақырту алып, сол жылдары «Қайрат» ФК Жастар академиясында ойын көрсетеді. Футбол клубтарында жақсы ойын көрсетіп қана қоймай, білімін одан ары шыңдау мақсатында Алматы қаласындағы Каспий қоғамдық университетіне өзі таңдаған мамандығымен грантқа түседі. Университет қабырғасында оқи жүріп, кәсіпқой деңгейдегі ойындарға көптеп қатыса бастайды.
-Үлкен футболдағы өмірім 2020 жылы «Жетісу» ШФК құрамасы сапында ойын көрсетуден басталды. 2021 жылы Рудный қаласының Шағын-футбол клубы «Аят» құрамына шақырту алып, бүгінгі таңда сол команданың үздік ойыншысы, «шабуылшы» құрамындамын. Әлем мойындап, қызықтап қарайтын бұл спорт түріне бала кездегі арманым мен ата-анамның қолдауы алып келді,- деп ағынан жарылды жас футболшы.
Иә, расында ата-ананың үкілеген үмітін арқалап, футбол алаңында қарсыласының шабуылына тойтарыс беру қайтпас қайрат, мұқалмас жігерді қажет етеді. Мемлекеттің мерейін асырып, ел абыройын қорғап қана қоймай, адамзат тарихы мен жанкүйерлер жүрегінде есіміңді қалдыру оңайға соқпайтыны айдан анық. Ауылдағы доп теуіп жүрген қара домалақтарды футбол үйірмесіне тартып, жастайынан кәсіби тұрғыда дайындаса талантты ойыншылар шығатыны сөзсіз. Бұған мақала кейіпкері жас футболшы Әбдірәсіл дәлел болмақ.
Жас та болса, бас болып 2022 жылдан бастап өз туған жерінде жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир өткізіп, жастарды спортқа деген қызығушылығын арттыруға өзіндік үлесін қосып келеді. Мұнымен тоқталып қана қоймай, кәсіби футболшы ретінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де бар. Атап айтар болсақ, 2022 жылы Golden boy «Үздік жас ойыншы» жүлдесінің иегері атанса, 2021-2022 жылдары «Аят» Шағын-футбол клубында Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері. Ал, 2023-2024 жылдары Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанады. Сонымен қатар, 2022 жылы күз айында өткен Қазақстан Ұлттық құрамасы Черногория құрамасына қарсы ойында дебюттік гол иегері атанды.
Қазақта «Үлгі болар ағаның ізін бас та, жолын қу, болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, жас спортшының жеңісті де жемісі жолы алда деп білеміз.
Спортқа жанықұмар ала допты жанына серік еткен Әбдірәсілдің арманы – әлем чемпионатында доп тебу. Асқақтаған арманының шыңына жетіп, қазақ футболының көсегесін көгертіп, еліне толассыз жеңіс сыйлап, жанкүйерлерін қуанта беруіне біз де тілекшіміз.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»