Basty bet

Үрей мен мазасыздыққа толы жылдар еді…

Ауған соғысы… Ол соғыс – қандай соғыс? Көздеген мүддесі не еді? Түпкі мақсатына жетті ме? Бұл сұрақтарға жауап табу қиын. Себебі, бұл – бір елдің ішкі саясатына басқа елдің араласуынан туындаған соғыс еді. Ал біздің елдің жауынгерлері оған еріксіз куә болды, қатысты, қаншама боздақтарымыз құрбан болды.

Осыған орай, бүгін біз Т.Дүйсебайұлы ауылында тұратын, Ауған соғысының ардагері Қосмұрат Имахаев туралы әңгімелейтін боламыз.
Қосмұрат Имахаев 1961 жылы Т.Дүйсебайұлы ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1978 жылы қазіргі Шақпақата ауылындағы, сол кездегі С.Киров атындағы 10 жылдық мектепті бітіреді. Сол жылы Түлкібас ауданы, Ванновка селосындағы гидромелиоративтік техникумға оқуға түседі.
1979 жылы әскерге шақырылып, екі жыл Ауған жерінде әскери борышын өтейді. Осы кезде жалындаған жас сұрапыл соғыспен бетпе-бет келеді.
– Әрине, айтуға оңай болғанымен, екі жыл мен үшін өмірлік естелік болып қалды. Олай дейтінім, «соғыстың аты – соғыс». Адам өлімін көріп, өмір сүріп жатқан жазықсыз жандарға бір жағынан дұшпандар болса, бір жағынан біз де оларға қырғидай тидік. Мен ол кезде небәрі 18 жастамын. Өмірімнің сол бір шағы үрей мен ішкі ойдың арпалысына, мазасыздыққа толы болды.
Біз өз жерімізді қорғаудың орнына, өзге елдің еш мағынасыз, мақсатсыз соғысына ешбір дайындықсыз кірдік. Алайда, Аллаға сансыз шүкірлік айтамын, мүгедек емеспін, денім сау, аяқ-қолым бүтін күйде туған жерге қайта оралдым. Бірақ, сол кездегі ұйқысыз өткен түндер мен жаз 40 градус ыстық болса, қыстағы 40 градус суық азапты күндер менің әлі есімде. Жанымдағы құрдас достарым сол кездері біреуі көз алдымда мерт болса, енді бірі мүгедек болып қалды. Міне, осы жайттар менің жүрегімді сыздатады, – деп сол бір зұлмат жылдарды Қосмұрат Әбейұлы осылай еске алады.
Қосмұрат Әбейұлының сөзінше, сол соғыста намысты қолдан бермей, қасқайып дұшпандарға қарсы тұрған. Иә, оқуын енді аяқтап, ер азаматтың бір міндеті саналатын әскери борышын абыроймен атқарып келуді ойлаған жас үшін мұндай соғысты көру оңайға соқпағаны анық. Айтуға ғана оңай, әрине.
Қосмұрат Имахаев 1983 жылы Ғалия Иманбаевамен бірге шаңырақ көтереді. Өнегелі жанұя саналатын Қосмұрат Имахаев пен Ғалия Иманбаева екеуі Алмас, Айдос, Гүлбану, Бауыржан, Гүлдана есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірген.
Бүгінде ұл-қыздарының барлығы дерлік жоғарғы оқу орнын үздік тамамдаған. Әр қалада, әр салада ел игілігі үшін жемісті әрі абыройлы еңбек етуде.
Ұлды ұяға, қыздарын қияға қондырып отырған үлгілі де, қазақи салт-дәстүрді берік ұстанатын отбасы екенін де айта кеткіміз келеді.
Қазіргі таңда Қосмұрат Имахаев пен Ғалия Иманбаева №28 Амангелді атындағы орта мектептің ұлағатты ұстаздары. Отағасы еңбек пәнінің мұғалімі болса, отанасы бейнелеу өнері және сызу пәнінен сабақ береді. Шәкірт тәрбиесінде де, бала тәрбиесіне де аса жауапкершілік пен ұқыптылықты басты орынға қояды.
– Біз оқушыларды өз Отанын сүюге, қазақ жерінде дүние есігін ашқандықтарын мақтан тұтатындай етіп, патриоттық рухта тәрбиелеуге тырысамыз. Қазіргі бейбіт заманның өзінде де жер шарының бір бұрышында соғыс өрті лаулап, онда жазықсыз жандардың мерт болғанын, соларды қорғау жолында біреулер асқан ерлік көрсетіп жатқанын бүгінгі жас ұрпақ білуге тиіс. Сонда ғана, нағыз патриот жастар – елдің дамуы жолында аянбай еңбек ететін болады, – дейді Қосмұрат Әбейұлы.
Кейіпкеріміз Қосмұрат Имахаев бос уақытында қағаз бен қалам алып, өлең жазғанды жаны сүйеді. Сұхбаттасу барысында да жандары қыршыннан қиылған достарын еске алып:
– «Өмір өзен» – ағысы оның әр қилы,
Сол өмірде ағып келем, кеш мені.
Боздақ болған жолдастарым сан қилы,
Есімдесің, есімдесің – сен мәңгі», деп осы өлең жолдарын жүректен өшпес достарына арнады.
Ардагерді ашық-жарқын, ақ көңіл мінезімен де көпке сыйлы, құрметті ауыл азаматтарының бірі десек, артық айтқандық емес.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close