Basty bet

Экологиялық тәрбие – басты назарда

Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу әрбір ұстаздың басты міндеті. Білім негізі мектепте қаланатын болғандықтан, оқушының жеке тұлғалық күшін дамыту басты орында. Олай болса, қазіргі ұстаздар қауымының алдындағы үлкен мақсат: өмірдің барлық саласындағы белсенді, қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеу.
Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Тәрбие жұмысы дұрыс жолға қойылған мектепте сапалы білім алу мүмкіндігі мол болады. Сондықтан да мектептегі тәрбие жұмыстарына баса назар аудару керек. Болашақ ел тізгінін ұстар, еліміздің ертеңгі иелеріне бүгінгі күннен бастап табиғат пен оның ерекшелігін, маңызын қалыптастыру, яғни экологиялық тәрбие беру өте маңызды.
№19 Д.А.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясындағы экологиялық тәрбие қаншалықты жүзеге асырылуда. Сол жағын тарқатып айтатын боламыз. Аталған мектепте білім алушылардың бойына экологиялық тәрбиені сіңіру басты назарда.
Атап айтар болсақ, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Қырғызбаева 2-11 сыныптың білім алушылары арасында «Табиғатқа қамқорлық акциясын» өткізді. Акцияға 2-11 сыныптың білім алушылары үйлерінен тал-дарақтар әкеліп, мектеп ауласына егіп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Сондай-ақ «Су үнемділігі» атты жоба байқаулары ұйымдастырылды. Жоба жеңімпаздарына мектеп әкімшілігі демеушілік жасады. Қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды. «Табиғатқа қол ұшыңды соз» атты тақырыпта сынып сағаттары 2-11 сыныптар арасында ұстаздар тарапынан ұдайы өткізіліп тұрады. «Табиғат тамшылары» атты сурет байқауын еңбек пәнінен сабақ беретін ұстаз Ұлбосын Сыбамбаева 5-7 сыныптар арасында ұйымдастырса, Күнімзада Жарқымбаева 3-4 сыныптар арасында үнемі өткізіп, үздіктерді марапатқа ұсынып отырады. Мектеп тәлімгері Лаура Қалдарбектің басшылығымен «Бір отбасы – бір тал» атты отбасылық тал егу акциясын ұйымдастырып, ата-аналарды да мектепке тартуда. «Жасыл мектеп», «Таза аула» акциялары мектеп оқушылары арасында жыл сайын ұйымдастырылып отырады. Технология пәнінің ұстазы Серік Асанов білім алушыларға құстарға ұя жасап үйретті. Жасаған ұяларды мектеп ауласындағы теректерге орналастырды.
Сондай-ақ мектеп түлектері Әкежан Орынбасар, Ерден Ақылжан, Әділет Талғатұлы, Абзаділ Ғалымжан, Елнұр Әлімбетов білім ошағын одан әрі көркейту мақсатында мектеп ауласына арша ағаштарын егіп, жас ұрпаққа үлгі бола білді.
Мектеп тәрбиесінің ерекшелігіне келсек, табиғатты сүйіп қана қоймай, оны қорғауға баулуда аталған білім ошағының ұстаздарының еңбегі орасан зор. Негізінен табиғатты қорғау қарапайым істен басталады. Бөлме өсімдіктерін күту, мектеп ауласын таза ұстау, гүл мен ағаштар отырғызу, оларды күтіп-баптау керек екенін ата-ана, ұстаз, қоғам болып жас ұрпақтың санасына сіңіре білсек, желегі жасыл тартып, табиғат көркейетіні анық.
Экологиялық тәрбие бір-екі сағатта немесе 10-15 сабақта беріліп қана қоймайды. Экологиялық тәрбиені жылдың 4 мезгілінде, 12 айында, 365 күнінде, өмірдің әр сағатында үйрету керек. «Мәуесі бардың әуесі бар» демекші, табиғатты өз үйіңдей қарап, оны аялаған адамның да қоршаған аясы да әдемі болатыны сөсіз.

Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close