Basty bet
Антына адал ардагерлер
Бұдан 35 жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес Одағының әскерлері Ауған жерінен шығарылды. 1979 жылдың көктемінде басталып, 10 жыл уақытқа созылған бұл соғыс адамзат тарихындағы әділетсіз соғыстардың бірі болғаны анық.
Көршілес жатқан ел Ауғанстанның өз ішінде болып жатқан саяси қақтығысқа сол кездегі Кеңес мемлекеті басшылығының орынсыз орналасуы салдарынан мыңдаған Кеңес жауынгерлері соғысқа жөнсіз аттандырылды. Деректерге қарағанда, сол жылдары Ауған соғысына қатысқан 22 мың қазақстандық жауынгердің 887-сі жат жерде қаза тапты. 3000 жауынгер қанды қақтығыстардан жарақат алып, туған елге мүгедек болып оралды. Майдан даласында із-түзсіз жоғалып кеткен көптеген сарбаздардың тағдыры әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр.
Сонау жылдары Ауған жерінде болған сұрапыл соғысқа Жуалы ауданының да жүзге тарта жауынгер азаматтары қатысып, олардың арасында – Жұмабек Оразбаев, Нұрлыбек Замбаев, Виктор Латикант есімді ержүрек жерлестеріміз ерлікпен қаза тапты.
Бүгінде қасиетті өңірде Ауған соғысына қатысқан елу төрт интерноционалист-жауынгер тұрса, олардың барлығы да мемлекеттік марапаттардың иегерлері. Осынау азаматтардың есімдері алдағы уақытта аудан тарихына алтын әріппен жазылатынына кәміл сенімдіміз.
Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауған жеріне шығарылғанына 35 жыл толуына орай аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері «Кеңес әскерлерінің Ауғанстандағы ерлігі» атты тақырыпта ардагерлермен кездесу ұйымдастырды. Оған аудан орталығындағы №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Кездесуге ауданда тұратын Ауған соғысының ардагерлері атап айтқанда, Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Пердебай Оспанов, Әлижапбар Абдыев, Асылхан Әбдіханов, Хази Тасымбетов қатысты. Кездесудің алдында оқушылар мен ардагерлерге Ауған соғысы туралы деректі фильм көрсетілді. Ардагерлер оқушылар алдында өздерінің Ауған жерінде бастан кешкен оқ пен оттың арасындағы болған патриоттық естеліктерін айтты. Мектептің мұғалімі Абылай Торы ардагерлерге арнап әндер орындады. Музей қызметкері, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев ардагерлерге «Ардагерлер айбыным» өлеңін тарту етіп, кездесуді қорытындылады. Оқушыларды Отанын, туған жерін сүюге үндейтін тәрбиелік мәні зор кездесуден үлкен әсер алған оқушылар мен музей қызметкерлері ардагерлермен естелік суретке түсті.
Бүгінде арамызда жүрген Ауған соғысы ардагерлері халық шаруашылығының әр саласында еселі еңбек етіп, қасиетті өңірдің өркендеп өсуіне, экономикалық тұрғыдан дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Бұл ержүрек жерлестеріміздің азаматтық парыздарына адалдығының белгісі деп білеміз.
Манзура ҚЫРЫҚБАЙ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жетекшісі