Basty bet

Асыл әжем, ғасыр әжем!

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» – деп бекер айтылмаса керек. Әр қазақ отбасында ата мен әже – қазақы тәрбиенің қайнар көзі, бастау-бұлағы. Осынау көктемнің шуақты күнімен бірге келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде өзімнің әжем Байдәулетова Жұпар Боранбайқызы туралы айтпақпын. Менің әжем – отбасының ғана емес, бүтін бір әулеттің ұйытқысы, береке мен бірлігін, татулығын сақтап отырған ардақты ана.
Әжем өзінің балалық бойжеткен шағын, жастық дәуренін, тұрмыс құрып келін атанған уақытын бізге жиі әңгімелеп отырады.
– Мен қазіргі Түлкібас ауданының Сартүр ауылында, ол кезде «Красный пахарь» колхозында 1941 жылы дүниеге келгенмін. Әкем соғыс басталысымен майданға аттанған, мені әжем өсіріп, тәрбиелеген. Бесінші сыныптан бастап қазіргі Ванновкаға барып жүгері жинайтынбыз. Сол кезде еңбекақы есебінде шөп беретін, ол уақытта малға беретін шөп жоқ кездер еді. Қысы-жазы сол колхозда жұмыс істедік. 15-16 жасымызда қыста таудағы мал жататын сарайларды қар басып қалады соларды қардан тазартамыз, қойдың көңін ойса соны арбаға салып тасимыз. Солай колхоздың жұмысын істеп жүріп екі жылдай уақыт Мақтааралда жұмыс істедім. Одан апам «Менің төрімнен көрім жақын отыр, көзімнің тірісінде сені құтты орныңа қондырып кетейін» деп бұрынғының салтымен атастырып, құдаласып қойған екен. Мамыр айында Жуалыға аталарың Берікбайға ұзатылдым. Апам көрпе-төсегімді, жасауымды жасап берді. Келін болып түскен кезден-ақ колхоздың жұмысына араласып кеттім. Мойынқұмға қысы-жазы қойдың азығын – шөп, бидай артатынбыз. Ол кезде айлықты ақшалай бермейді. Содан балалар өскен сайын қиындау болып, колхозда сиыр сауып, 16 жыл сауыншы болып жұмыс істеп, зейнетке шықтым, – дейді апам.
Бейнетінің зейнетін көріп отырған әжем – дүниеге он перзент әкелген алтын құрсақты «Батыр ана». Бүгінде 81 жастағы Жұпар апа сегіз ұл, екі қызынан 34 немере сүйіп, 14 шөберенің қолынан май жалаған. Жұпар апам он бала тәрбиелеп Кеңес Одағы кезінде бес жұлдызды «Алтын алқа» алса, еліміз Тәуелсіздік алған соң екінші рет «Алтын алқа» иегері болған.
Дүниеге шыр етіп келген сәтінен бастап тағдыр тауқыметін көріп өскен әжем үнемі «Еліміз тыныш болсын, соғыс болмасын, патшамыз аман болсын!» деп тілеп отырады. Соғыс зардабы ешқандай қазақ отбасын айналып өтпеді. Жұпар апаның қос бірдей ағасы мен асқар таудай әкесі соғысқа кетіп, қайта оралмаған екен.
Берікбай атам екеуі зейнетке шыққанға дейін колхоздың жұмысын істеген. «Анаға баланың алалығы жоқ» демекші балаларын да колхоздың жұмысынан алшақтатпай, оқытып, барынша жақсы тәрбие берген атам мен апам өмірдің жазылмаған заңымен ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. 2006 жылы атам о дүниеге аттанғаннан бері, әжем әулетіміздің тұмары, берекесі мен байлығы. Халқымызда «Әйел – қырық шырақты», «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» – деген ұлағатты сөздер бар. Апамыз сан түрлі сынға сабырмен шыдап, төзіммен төзе білген. Кей-кейде бақытты сәттердің көлеңкесі алыстап, басына бұлт төнген кездерде тұрмыстың бар тауқыметіне төзіп, әр іске болаттай берік болу апамдай қайратты жанның қолынан келеді деп ойлаймын.
«Әжетай! Әулетіміздің киесі, барлығымыздың ақылшымыз, шаңырағымыздың берекесін кіргізіп отырған асыл жан өзіңізсіз! Беліңіз қайысқанша еңбек етіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мейіріміңізді төге жүріп күтіп-баптап өсірген ұл-қыздарыңыз өркен жайып, бүгінде бір-бір шаңырақты құрап, өсіп-өнді. Сол үшін ұрпақтарыңыз Сізге мәңгі қарыздар. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» дейді. Алла сізге күш-қуат берсін! Ұл-қыздарыңыз бен немере-шөберелеріңіздің ортасында әрдайым жүзіңізден шуақ шашылып, қызығына тоймай жүре беріңіз!» деген немерелік ізгі ниетімді білдіргім келеді.

Арайлым Берікбай,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті

Таңдаулы материалдар

Close