Basty bet
Асық ойыны – тәлім-тәрбиенің көзі
Қазақтың ұлттық ойындары – сан қырлы, мазмұнға бай қазыналардың бірі. Олар адам көңілін көтеріп, ойын-сауықтық қана рөл атқарып қалмастан, дененің шынығуына, ептілік, күш-қайрат түрлерінің қалыптасып, ақыл-ойдың жетілуіне ғасырлар бойы игілікті әсер етіп келген. Ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні, бірлік пен ынтымақ жолын дамытуда да маңызы зор.
Асық ойындары туралы сөз етуден бұрын, қазақ халқының асыққа деген айрықша көзқарасын айта кеткен орынды сияқты. Асық турасында ұлтымыз оны малдың, аңның жай ғана бір сүйегі ретінде қарамаған. Оған байланысты ежелден айтылып келе жатқан ырымдар бар. Мәселен, «Алты жыл аш болсаң да, асық етін мүжіме» немесе «Тоғыз жыл тоқ болсаң да, тобықты тастама» деп кішкентай балаларға асық етін жегізбеген. Қасқырдың асығын өзіңмен бірге алып жүрсең тіл-көзден, ұшықтан аман-есен боласың. Атыс-шабыс болып кетсе, оқ тимейді деген ырым бар. Тіпті, әлі күнге дейін адамдар сыртта жүргенде оқыс оқиға болса, аман қаласың деп сенеді. Тілдік қолданысқа терең сіңген, ежелгі заманда хан сайлаудан басталған «Қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа ғой, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой» немесе «Асығың алшысынан түссін», бүге-шігесіне дейін анықтау» сияқты, т.б. тіркестер тегіннен тегін айтылмаса керек.
Ұлттық ойындары көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Өмір салты мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлт ойындары да осыған икемделеді. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбісі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік те, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатына жете бермейді. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған.
Ұлттық ойындарды өз аймағымызда қайта дәріптеу мақсатында ағымдағы жылдың сәуір айының орта тұсында ауылдық округтің орталығы Шақпақата ауылында жалпы аймақта ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау мақсатында, жасөспірімдерді асық ату арқылы спортпен шұғылдануға тарту, олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру аясында жасөспірімдер арасындағы асық атудан «Алтын сақа» деп аталатын округтік турнирдің кезекті жарысы ұйымдастырылды.
Іс-шараны дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен округтің спорт және жастар ісі жөніндегі инспекторы ұйымдастырды. Аталған шараны Мұхамеджан Оразбаев ашып, ұлттық спортымыз туралы біраз мәлімет беріп, оған қатысушы жасөспірімдерге сәттілік тіледі. Жарысқа қатысушылар екі кезең бойынша іріктеліп, соңында ең мергендері өзара бақ сынасты. Жарыстың нәтижесінде ІІІ орынды «Амангелді-2» командасы, ІІ орынды «Амангелді-1» командасы, ал І орынды «Сағындықов-1» құрамасы иеленді. Жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар және сусындар берілді.
Ақжан АХМЕТОВ,
Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы