Basty bet

Елдің алдағы жаңа даму бағдарлары айқындалды

Кеше Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жаңа Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы жаңа Жолдауында ел дамуына бағытталған басты бағдарлар белгіленген.
Иә, әлемде дәл осындай аса күрделі геосаяси жағдай қалыптасып отырған кезеңде Президенттің халыққа Жолдау жариялауы ел дамуының басты бағдары ретінде жоғары бағаланады. Қ.Тоқаев бас құжатта ерекше атап өткендей, Парламент палаталары есепті мерзімде жүйелі жұмыс атқарып, депутаттар ел өңірлеріне жұмыс сапарларымен шығып халықпен кездесіп, ондағы әлеуметтік проблемаларға да терең мән берілді. Президент ендігі кезекте аталған проблемалық мәселелерді ел Үкіметімен бірлесе шешуге тапсырма берді.
Сонымен қатар, жаңа Жолдауда Үкіметке бірқатар маңызды тапсырмалар беріліп, ендігі кезекте аймақ әкімдерінің жұмысы өңірлерге инвестиция тартумен бағаланатыны да белгілі болды. Бұл – өте орынды міндет. Инвестицияны ел игілігі ретінде бағалайтын болсақ, өңірлердің жаңаша дамуы инвестиция тартумен тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына тұтас қоғам болып атсалысудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның алдағы жаңаша даму бағдарларына да кеңінен тоқталды. Жаңа Жолдау ел дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз!

Сейітхан ЖҰМАШЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close