Basty bet

Бақытты отбасы – қоғамның тірегі

“Отбасының өнегесі – Отан өнегесі” демекші, отбасындағы тәрбие ертең ел болашағында үлкен рөл атқарады. Сондықтан да, отбасының бақытты болуы аса маңызды. Осы кезде “бақытты отбасы қандай болуы керек?” деген сұрақ туындайды.
Бақытты отбасында, ең алдымен, түсіністік пен сыйластық болуы керек. Әрине, отбасы мүшелері бір-біріне қол ұшын созуға, қолдауға дайын болуы қажет. Бала сабақ оқудан қиналса, барынша көмектес, түсіндір. Ана жұмыстан шаршап келіп, үй шаруасына кірісіп жатса, оған да қол ұшын соз. Отбасында үндестік орнаса ғана, ол отбасы бақытты саналмақ. Яғни, жағдайлары жақсы болса және жоғарыда аталып кеткендей қағидалардың бәрі сақталып, үндессе отбасы нағыз бақытты отбасы болады деп білемін.

Бүгінгі біз әңгімелейтін Ақсай ауылдық округіне қарасты диқандық Дүйсалиевтер отбасы көпке үлгілі жанұя саналады.
Үйдің ақсақалы Әбдіхали Дүйсалиев 1949 жылы туған, зейнеткер, «Ғабит» шаруа қожалығының басшысы. Кезінде ауылдағы колхозда трактор, комбайн айдаған, кейін жүргізуші болып қызмет атқарған.
Ал отбасының әжесі Несіпкүл Сағындықова 61 жаста. Зейнеткер. Бірінші топ мүгедегі. Екі қыз, төрт ұлдың анасы. «Күміс алқа» алқасының иегері. Колхозда жұмыс атқарған.
Ал, осы қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, ата мен әжеге қарап отырған ұлы Бақтияр Дүйсалиев және келіндері Жазира Жәдігерова.
Үйдің отағасы Бақтияр 1980 жылы Диқан ауылында дүиеге келген. Қазіргі уақытта “Ғабит” шаруа қожалығының ісін жүргізіп отыр. Ал, үлгілі келін, аяулы ана, сүйікті жар атанып жүрген Жазира Жәдігерова Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Қазіргі таңда Диқан ауылындағы “Мейірім-2020” бөбекжай-балабақшасында әдіскер-тәрбиеші болып жұмыс істейді. Бүгінде жолдасы екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеуде.
Үлгілі ата-ана жұмыстан бос уақыттарында бала тәрбиесіне жете көңіл бөледі. Балалардың болашағы жарқын болсын деп, Диқан ауылында орналасқан «Аула клубына» робототехника, ағылшын, шахмат, тарих үйірмелеріне жаздырған.
Осыған орай, отбасының ұйытқысына айналған Жазира Жәдігерованы сөзге тартқан едік.
– Ұлдар жолдасыма шаруашылық жұмыстарына көмектеседі. Бала тәрбиесінде басты рөл – білім, жан-жақтылық және біз жетпеген жетістікке балаларымыз жетсін деп, кішіге ізет, үлкенге құрмет деген қағидада, әр бала өз ойын айта алатындай, демократиялы тәрбиедеміз.
Енем тазалықты, барлығы өз орнында болғанын қалайды. “Аққа Құдай жақ” – деп өтірік айтпа, шыншыл бол деп үнемі айтып отырады. Әсіресе «сені біреу қанша балағаттап, даттаса да, ақталма, шындықтың беті ашылады, сенің айыбың жоқ екенін өзі де, сен де түсінесің» деп ақылын айтып отырады. Қазақы салт-дәстүрді, ырым-нанымдарға қатты көңіл бөледі.
Енем үй шаруасының барлығын үйретті. Өзі кілем тоқып, құрақ тігіп отыратын. Ал, қазір сал ауруына шалдыққан соң оның барлығы қалды. Әсіресе, апамыз жолдасымның бауырларына ат қойғызып, өз аттарымен атамау керектігін айтатын. Үлкендердің алдынан табақты алғанда сәлем жасау керек екенін жаймен айтып түсіндірді.
«Абысын тату болса – ас көп» дегендей, қазір, Аллаға шүкір, төрт абысынбыз. Кез келген той-жиынды бірге атқарып, өзіміз бір ауызбен келісіп реттеп отырамыз. Абысындарым өте жақсы адамдар.
Даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың “Бабалар аманаты” кітабын ұдайы оқып, көп үлгі-өнеге тәрбие алып отырамын. Өзім балабақшада тәрбиеші болғандықтан, мұндай кітаптар маған көп көмегін береді.
Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басына сипау – ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы – үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен. Біздің отбасы осындай қағидаларды берік ұстанады, – дейді Жазира Тәңірбердіқызы.
Ұл-қыздарының барлығы оқуда озат оқушылар. Атап айтар болсақ, Еркеназ Тараз қаласындағы 125 ҰБТ мектебінің 11 сынып оқушысы. Рамазан Тараз қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған Білім инновация мектебінде 8 сыныпта оқыса, Нұрислам Тараз қаласындағы Жамбыл облысы Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған спорт мектебінің ауыр атлетика бөлімінде 7 сыныпта оқиды.
Сонымен қатар, Анель мен Еділ №27 Диқан орта мектебінде білім алады. Кенже қыздары Айсәуле бір жарым жаста.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close