Basty bet

«Апамның аялы алақаны»

балалар жазушысы М.Құлибаевтың жаңа кітабы жарық көрді

Жуалыдан шыққан қаламы қарымды журналист, балалар әдебиеті әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылып үлгерген Марат Құлибайұлын білмейтін жамбылдықтар кемде-кем. Оның шығармашылық қалыптасу және өсу жолы Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газетінде басталғанын бүгінде әріптестері мақтан тұтады.
Облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Ақ жол» газетінде жұмыс істеген жылдары Марат шығармашылық қарым-қабілетін ұштап қана қоймай, жаңа әдеби ортада балалар әдебиетіне де жақындай түсті. Оның бір дәлелі – Президенттің арнайы Жарлығымен белгіленген биылғы «Балалар жылында» жаңа кітабының жарыққа шығуы.
Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасында басылған «Апамның аялы алақаны» атты әңгімелер жинағына қаламгердің алдыңғы «Қолқанат» және «Мейірім» кітаптарындағы бірқатар шығармаларымен бірге әр жылдары жазылған мөлтек әңгімелері енген.
Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы алғысөзде жазғандай, кітаптың тілі балалардың жанына жақын әрі қарапайым да түсінікті. Қаламгер күрделі оқиға іздеп қиналмайды, баланың басынан өткен бір сәтті қаз-қалпында жазып, әп-әдемі әңгімеге айналдыра біледі.
Мараттың біз білетін жақсы қасиеті – қарапайымдылығы, жеткен табысқа ешқашан тоқмейілсімейтіндігі. Ол көркем әңгіме жазған кезде бойындағы бар қабілетін сарқа жұмсауға тырысады. Шығармасы жұмыр болып шығуы үшін тіптен, жақсы пікір айтқан баланың да кеңесіне құлақ салуға бейіл. Жазғанын бірден дүниеге санамай, арада ойын суытып тұрады. Ойы пісіп-жетілгенде, қайта қолға алады.
«Қолқанат» және «Мейірім» атты жинақтары аудандық газетте еңбек етіп жүрген кезде жарық көрген. Ондағы кей шығармаларды Мараттың өмірден алғанына куә болғанымыз бар. Сонда ол қаламынан әбден ұшталып шыққан әңгімелерді әріптестеріне оқуға беріп, пікір айт деп қолқа салушы еді. Біздің айтқан пікірімізбен келісіп, келесі жолы жазғаны көркемдік дәрежеде алдыңғысынан да биік шығатын.
Біз әріптесімізге әдебиет айдынында алар асуының зор болып, қаламының ешқашан мұқалмауын, жазарының көп болуына тілек қоса отырып, қажымас қайрат, шалқар шабыт тілейміз.

«Жаңа өмір»-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close