Basty bet
Оқушылардың патриоттық сезімдерін оятты
Облыстың бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен басталған «Жомарт түлек» акциясы мектебімізде өз жалғасын тауып отыр. Кіндік қаны тамған жері мен халқына деген сүйіспеншіліктен туған осындай игі іс-шаралар патриоттық сезімді күшейтіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосары сөзсіз. «Мектепке тағзым» атты форумға Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Алмас Рахмашов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғымбеков және ауылдық жастар ісі жөніндегі инспекторы Шынболат Тұрарбек қатысты.
Форумның басты мақсаты – ел өңірлерінде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету. Сондай-ақ, туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге, маңызды жобаларды қолға алып, жүзеге асыруға атсалысуда. Ол үшін арнайы jambyl-tylek.kz сайты жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда аталған сайтта мектептен түлеп ұшқан 400 ден астам түлек тіркелген.
«Мектепке тағзым» форумында мектеп қабырғасын 10, 15 және 20 жыл бұрын бітірген бірқатар түлек бас қосты. Түлектерді мектеп басшысы және оқушылар қошеметпен қарсы алып, еркін форматта өткен кездесуде демеушілік көрсеткен бірқатар түлектердің игі істері туралы мектеп директоры Азамат Әбеев баяндап, жомарт түлектердің өмір жолы мен еңбектегі жетістіктері кеңінен таныстырылды.
Басқосу барысында сөз алған ауылдық округтің әкімі Алмас Айқынбекұлы және ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғымбеков алтын ұя мектептеріне жүздесуге келген түлектерге алғыс білдіре отырып, демеушілік жасап игі істерді бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Келесі кезекте мектеп түлектеріне сөз берілді. Түлектер көзкөрген ұлағатты ұстаздарына алғыстарын жеткізіп, жиынға қатысқан мектеп оқушыларына жол көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтты. Мектеп бітіруші түлектер қонақтарға сұрақтар қойылып, еркін пікірлесуге мүмкіндік алды.
Ал ұстаздар қауымы шәкірттерін көріп, қуаныштарын жасыра алмады. «Жомарт түлек – жомарт жүректің иесі екендігін байқатады»,- деп өздерінің жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Кештің соңы концерттік бағдарламаға ұласып, қонақтар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Әрбір түлектің атамекеніне, білім алған ошағының көркеюіне үлес қосуы азаматтық парыз. Мектеп түлектерінің осындай игі істері жас жеткіншектердің бойын жігерлендіріп, патриоттық сезімдерін оятатынына сенім білдіреміз.
Құралай Сұлтанова,
№13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары