Basty bet
Мойынқұм ауданында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және инфрақұрылым қарқынды дамып келеді
Мойынқұм ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы соңғы жылдары тұрақты қарқын алып келеді. Аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында өндіріс көлемі артып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Ауданда бүгінде 600-ге жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Соңғы он жыл ішінде ірі қара мал саны екі есеге өсіп, 30 мыңнан 60 мың басқа жетті. Биыл 4,5 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның ішінде дәндік жүгері егістігінің көлемі ұлғайтылды. Суармалы жерлердің тиімділігін арттыру мақсатында каналдарды тазалау, жөндеу және бетондау жұмыстары жүргізілуде.
Өнеркәсіп саласы да аудан экономикасының маңызды бағытына айналып отыр. Алтын өндіру, цемент, гранит және барит өндірісі қарқынды дамуда. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында аудан кәсіпорындары 64,5 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Алдағы кезеңде жалпы құны қомақты 7 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 850-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мыңарал, Шығанақ, Бірлік, Биназар, Мойынқұм және Құмөзек ауылдарындағы су жүйелерін жаңғыртуға 8,5 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар Қылышбай ауылында жаңа ұңғыма қазылып, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту көзделген.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Электр желілері жаңартылып, автомобиль жолдары мен көпірлер жөнделуде. «Бірлік–Мойынқұм–Ұланбел» автожолының бір бөлігінде орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Радай өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқталды.
Әлеуметтік салада тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобалар іске асуда. Айдарлы ауылында спорттық-сауықтыру кешені, кітапхана және ауылдық клуб пайдалануға берілді. Бірлік ауылындағы стадион жаңғыртылып, бірнеше елді мекенде жаңа футбол алаңшалары салынды.
Білім беру саласында Мыңарал мен Қарабөгет ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға берілді. Ал Күшаман ауылында 80 орындық жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Денсаулық сақтау саласында жаңа медициналық нысандар ашылып, аудандық аурухананы күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Газдандыру жобасы да жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда магистральды газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жоба толық аяқталғаннан кейін ауданның 9 елді мекені табиғи газға қосылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мойынқұм ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.