Basty bet
Ұлттық тағамдарымыздың қадіріне жетіп жүрміз бе?
Қазақтың тамақтану мәдениеті – байырдан бар дәстүр. Біз сол дәстүрді жаңғыртып, ұлтымыздың екшеліп, бүгінге жеткен ұлттық тағамдар әлемін біліп жүргеніміз абзал. Жаңғырту деген ескіні сүріп тастау емес. Қазақтың ұлттық тағамы аяқасты пайда болған жоқ. Ол ұлтымыздың тарихы, жүріп өткен жолы, тұрмыс салты, керек десеңіз түрлі соғыс жағдайлары мен той-томалағының негізінде еленіп, екшеліп осы күнге жетті.
Ата-бабамыз астың құндылығын жақсы білген. Осы күнге ұрпағы тірі жетуі үшін оны пайдаланған, тағамдану тәжірибесін ұрпаққа қалдырған. Сондықтан бүгінгі ұрпақ оны қадірлеп, бағалауы керек.
“Ауру – астан” демекші, бүгінде түрлі зиянды тағамдарды пайдаланудың салдарынан адамдар арасында ауру түрлері жасарып кетті. Зиянды тағамдар, олардың адам ағзасына қаншалықты зиян екендігі туралы дәрігерлер БАҚ арқылы дабыл қағуда. Осы ретте тек Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті ұлттық тағамдарымызды дайындап, тұтынуды, тиімді тамақтануды әдетке айналдыруымыз керек.
Ұлттық сусындар мен тағамдарымыздың барлығы адам ағзасына өте пайдалы. Мәселен, ұлттық сусынымыз қымыз С дәруменіне өте бай, жалпы қымыздың құрамында мың сан дәрумен бар. Оның ең басты төрт ерекшелігіне тоқталсақ, біріншіден – қымыз құрамындағы ақуыздың “альбуминдік” сіңімді нәзік табиғаты бар, екіншіден – қымыз құрамында трансмай қышқылы жоқ. Бұл майдың ағзаға зияны өте көп. Үшінші ерекшелігі – қымыз табиғи антибиотик. Төртінші қасиеті – ашыту процесі барысында пайда болатын вирустар мен бактерияларды жоюға қабілетті аскорбин қышқылына (С дәрумені) өте бай.
Наурыз мейрамында дайындалатын басты тағам – наурызкөже. Наурызкөжені әркім әртүрлі дайындайды.
Наурыз мерекесі – түркі халықтарына ортақ мереке. Сондықтан түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналады. Наурызкөжеге де жеті түрлі дән қосылып жататыны да сондықтан. Бұл қасиетті асты “тоқшылық пен ырыс-берекенің жоралғысы” деп те жатады.
Наурызкөжені дәмді етіп дайындайтын жандар арамызда аз емес. Қасиетті асты ерекше дәмді етіп дайындайтын жанның бірі – Қарабастау ауылының тұрғыны Салтанат Иманбаева. Салтанат Амангелдіқызы өзінің наурызкөже дайындау әдісімен бөлісті.
-Наурызкөжеге ең керекті, дәмін келтіретін дәм – сүрленген ет пен қазы. Сонымен бірге қажетті дәндер бидай мен ақ, сары жүгері және айран. Наурызкөжеге қажетті дәндерді етпен бірге қайнатпайды. Оларды бөлек-бөлек қайнатып, бөрттіреді. Соңында бөрткен дәндерді қайнаған сүр еттің сорпасына қосады. Қайнатылған көжені ошақтан түсіріп, біраз қойып қоған жөн. Кейін қазаннан түскен ет пен қазыны майдалап турап, дәндер қосылған көжеге айран араластырылады. Дегенмен бұл наурызкөженің қатып қалған нұсқасы емес. Әркім әртүрлі жасайды. Бір жерлерде дәндермен бірге кеспе кесіп те салады.
Енем марқұм көшеде бірінші болып наурызкөже таратады екен. Онысын бүгінде замандастары ризашылықпен айтып отырады.
Мен де енемнің үйреткен жолымен жыл сайын көрші-қолаң мен ағайын-туысқа, ұжымыма наурызкөже беремін. Жылда ертерек беруші едік, биыл 22 наурыз күні беруді жоспарлап отырмыз.
Адамның денсаулығы тамақтануына тікелей байланысты.
Қазір үйде екі сиыр бар. Мен сауылған сүтті сатпаймын. Айран ұйытып, құрт, қаймақ, май жасап, Алматыдағы балаларға жіберіп отырамыз. Балалар мен немерелердің табиғи таза өніммен тамақтануына барынша үлес қосуға тырысамын. Тары-талқаннан жент, майсөк жасап, шәймен тіскебасарға чак-чак жасап беріп жіберемін.
Мақтанғаным емес, менің чак-чагымды да көп адам ұнатып, сүйсініп жейді. Мек чак-чакты жұмыртқаға сәл ас содасын қосып илеймін. Қамырды қалыңдау етіп жайып, кеспе кесіп, майға пісіріп алып, оған күнжіт пен бал қосып араластырып, қатырамын. Күнжітті қыздырып және қара күнжіт қосқандықтан дәмі ерекше әдемі болады,- дейді Салтанат апай.
Иә, әрбір ата-ана отбасының денсаулығы үшін ұлттық тағамдарға ерекше мән беруі керек. Себебі, ұлттық тағамдарымыздың қай-қайсысы болсын, оның ағзаға тигізер пайдасы зор.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»