Basty bet

Қызмет көрсету аясы кеңейіп келеді

9 қазан – пошташылардың төл мерекесі. Біріккен Ұлттар Ұйымы ауқымында атап өтілетін бұл күн 1969 жылы пошташылардың Токиода өткен конгресінде ресми бекітілген. Ал, қазақтың алғашқы пошта қызметі 1993 жылы 5 сәуірде құрылған. Яғни, ресми түрде мемлекеттік мәртебеге ие болған «Қазпошта» қызметіне биыл 30 жыл толды.

«Қазпошта» акционерлік қоғамы еліміздің шалғай жатқан ауылдарын қамтитын ең кең трансфер-агенттік желіге ие.
Аудандық «Қазпошта» байланыс торабында күн сайын қарбалас тірлік. Мұнда тұрғындар зейнетақы, жәрдемақы алу, қалаларға сәлемдемелер жіберу, газет-журналдарға жазылу, түрлі төлемдер төлеу, тағы да басқалай қызмет салалары бойынша келеді.
Аудандық «Қазпошта» байланыс торабына қарасты 12 байланыс бөлімшесі бар. Онда барлығы 72 қызметкер жұмыс істейді. Салада ұзақ жылдар бойы халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар жетерлік. Атап айтқанда, операция залында касса меңгерушісі болып қызмет етіп келе жатқан Зейнеп Құрманова, инкассатор Ғалымжан Шәмшиев, пошта тасымалдаушылар Надежда Бурина, Ирина Панина, ауылдардағы пошта байланыс бөлімшелерінің меңгерушілері Нағима Кемалова, Нұрғайша Сауранбаева және Қарлығаш Нартаеваны ерекше атап өтуге болады.
– «Заман талабына сай «Қазпошта» акционерлік қоғамының қызметі жыл сайын жаңарып, кеңейіп келеді. Мәселен, үстіміздегі жылы пилоттық қызмет түрлері есебінде Қарасаз, Бауыржан Момышұлы-2, Шақпақата ауылдарындағы бөлімшелерде Халыққа қызмет көрсету орталығының 28 қызмет түрі ашылып, жұмыс істей бастады. Бұл қызмет түрлері ауыл тұрғындарының уақытын, қаражатын үнемдеуде өте тиімді. Сондықтан қалған ауылдарда да қызмет түрін келер жылы ашу жоспарлануда.
Пошта саласында тұрғындарды толғандырған мәселенің бірі – пошта тасымалдаушылардың жалақысы. Себебі, жұмыстың сапалы орындалуы үшін қызметкерге төленетін жалақы еңбегіне сай болуы маңызды. Сондықтан үстіміздегі жылы пошта тасымалдаушылардың жалақысы 25 пайызға көтерілді. Пошта тасымалдаушылар газет-журналдармен бірге хат, сәлемдемелер тасымалдайды. Хаттар мен сәлемдемелер үшін пошта тасушыларға қосымша бонустар беріледі.
Қызметкерлердің жалақысын алдағы уақытта да көтеру мәселесі басшылықтың назарында.
Потша тасымалдаушыларға сонымен бірге арнайы жұмыс формасы, аяқ киім, сөмке, фонар, смартфон телефон берілген. Пошта тасушыларға берілген велосипедтердің ескіруіне байланысты келер жылы жаңадан беріледі деп жоспарлануда.
Тұрғындар тарапынан газет-журналдардың дер кезінде таратылмауы туралы да өкпе-реніштер түсіп тұратыны жасырын емес. Бұл мәселеге келсек, жұмысына немқұрайдылықпен қараған қызметкерлердің жауапкершілігі міндетті түрде қаралады. Қажет жағдайда ескерту беріледі. Бұл мәселенің бір ұшы салада әлі де жалақының аз болуына байланысты қызметке тұруға адамдардың аз келуіне де келіп тіреліп жатады. Алдағы уақытта бұл мәселелер өз шешімін табатын болады деген сенімдеміз.
5 қазаннан бастап газет-журналдарға жазылу науқаны басталды.
Сондықтан барша қызметкерлерге науқанды сапалы ұйымдастыру туралы тапсырмалар берілді. Аудан пошта байланыс торабында үш қызметкер нақты науқандық жұмыспен айналысады.
Газет-журналдардың халыққа сапалы ақпарат таратуда, рухани сұранысын қанағаттандыруда, жалпы ағартушылық қызметі зор. Сол себептен газет-журналдарға жазылу науқанына аудан болып біркісідей атсалысуымыздың нәтижесінде көрсеткішіміз жыл сайын басқа аудандармен салыстырмалы түрде жаман емес. Биыл да өз деңгейінде өтеді деген үміттеміз.
Осы сәтті пайдаланып, барша жуалылықтарға жазылу науқанының басталғанын хабарлай отырып, өздерінің сүйікті басылымдарына жазылуға шақырамын. Және де өзімнің әріптестерімді төл мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын!
Әріптестерімнің дендеріне саулық, отбасыларына амандық, бақыт тілеймін!»,- дейді аудандық байланыс торабының басшысы Мейерман Болысбекұлы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close