Basty bet

Өңірдің таза болуы өзімізге байланысты

«Таза болса табиғат, аман болар адамзат!».
Осындай ұранмен өсіп, ер жеткен алдыңғы толқын ағалардың буыны қазір де табиғатты қорғауды, қоршаған ортаға жанашырлық танытуды өмірлік басты мақсаты етіп санайды. Табиғатты сүюді, онымен етене болуды біз табиғаттың өзімен қатар, алдыңғы толқыннан үйренгенбіз.

Қоршаған ортаға зиянын тигізетін де, айналаны қорғайтын да, оны көріктендіретін де – адамдар болып табылады. Өңірдің тазалығы ең біріншіден өзімізге байланысты. Бұл мәселеде біздің экологиялық мәдениетіміз, оның ішінде, жастардың экологиялық тәрбиесі мен олардың табиғат пен қоршаған ортаға деген көзқарасы ерекше рөл атқаратынын да баса айтуымыз қажет.
Шындығына келгенде, «нашар экология», деген сөз тіркесі қазір қалыпты сөз қолданысына айналып келеді және бұл тіркеске ешкім таң қалмайтындай жағдайға жеттік. Денсаулығымызға зиян келіп немесе ауыра қалсақ, «экологияның кері әсері ғой» деп барлық кінәні табиғатқа аудара саламыз. Әрине, бұл дұрыс пайым емес. Адамзаттың өзі табиғаттан шығып, содан өсіп-өніп, көбейіп жатқан жоқ па?!
Қазір барлық ел өңірлерінде, әсіресе, үлкен қалаларда, қоршаған ортадағы ең үлкен проблема – белгіленбеген орындарға бей-берекет қоқыс тастау, ағаштарды заңсыз кесу деректері көптеп орын алуда. Соның салдарынан ауаның, өзен, көлдердің шамадан тыс ластану деректері тіркеліп жатыр. Мұның барлығы адамның қолымен жасалып отырғанын жақсы білеміз. Бірақ…
Өңірдің таза болуы ең алдымен өзімізге жақсы. Оны сақтау міндеті де ең біріншіден өзімізге байланысты. Ауданда көктем және күз мезгілдерінде көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазалыққа арналған екі айлық өткізіледі. Ал қоршаған ортаға деген қамқорлықты жыл он екі ай бойы дәстүрге айналдырсақ, оның ешқандай артықшылығы жоқ.
-Аудан әкімдігінің 2023 жылғы 22 тамыздағы «Күзі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын өткізу туралы» №240 қаулысы қабылданып, аудан бойынша 2023 жылдың 1 қыркүйегі мен 31 қазанның аралығы күзгі абаттандыру және санитарлық тазартудың екі айлығы болып жарияланғаны белгілі. Ауылдық округтерге күзгі абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарына қаралған қаржының көлемі – 10 миллион теңгені құраса, оның ішінде, абаттандыруға және көгалдандыруға -4,2 млн теңге, санитарлық тазалыққа -5,8 млн теңге қаралған.
Ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесіп атқаратын жұмыс көлемі бойынша алдын ала жоспар жасалды. Атап айтқанда, күзгі екі айлыққа қатысатын адамдардың жалпы саны – 5310-ды құраса, оған қоғамдық негізде қатысатын адамның саны – 185. Көктемгі және күзгі екі айлық шарасы кезінде өңірдегі тал-дарақтарды күтіп-баптау жұмыстарына басымдық беріледі. Осыған сәйкес, биыл барлығы 9080 дана талды бұтау және 3030 дана талды ақтау жоспарланып отыр.
Одан бөлек, тазарту жұмыстарына келсек, күзгі екі айлық шарасы кезінде барлығы 91,7 шақырым канал мен арықтарды тазарту, 212,8 шақырымды құрайтын көшелерді тазалау, 83,7 шақырым алаңдар мен аулалардың аумақтарын тазарту, мұнымен қоса 112,7 тонна қоқыс шығару жоспарлануда.
Көріктендіру және санитарлық айлық шарасының барысында жөндеу жұмыстары, оның ішінде, қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлердің қасбеттерін және көшелердің көлік жүретін бөлігін жөндеу, мұнымен қоса жаяу жүргіншілер жолдары, шағын сәулет нысандарын және ескертіштердің аумағын жөндеу жұмыстары да қоса атқарылады деп жоспарлануда. Одан бөлек, сенбілік кезінде аудан аумағына барлығы 1200 данаға жуық тал-дарақ, оның ішінде, қарағаш, терек, жеміс және декоративті ағаштар отырғызу жоспарымызда бар,- дейді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров.
Жалпы экологиялық шараларды өткізу кезінде оған аудан тұрғындарын және мекемелер мен қоғамдық ұйымдарды көптеп тартуымыз қажет. Бұл – өте маңызды. осы тұста биылғы күзгі екі айлық шарасының барысында орындалуға тиісті жұмыстарды да атап өткенді жөн көріп отырмыз.
Бұл бағытта Б.Момышұлы ауылы және ауданға қарасты ауылдық округтердің әкімдері жергілікті тұрғындармен өз үйінің маңайы мен көшелерде тазалық сақтау бойынша түсініктеме жұмыстарын үнемі жүргізу және аталған мәселе бойынша көшедегі көрнекі құралдарға орналастыруды жандандырулары қажет. Мұндай жоспарлы жұмыстардан аудандық мекемелер де тыс қалмаулары тиіс.
Күзгі абаттандыру және санитарлық тазалық айлығы шарасы кезінде аудан көлемінде ұйымдастарылатын сенбіліктердің маңызы зор. Олай болатыны, жоспарланған жұмыстардың барлығы дерлік сенбіліктердің барысында атқарылады. Осыған байланысты өткен аптаның сенбісінде аудан көлемінде жаппай күзгі сенбілік іс-шарасы өтті. Сенбілікке жауапты бөлім мамандарының айтуынша, аталған іс-шараға барлығы 37 мекеме қатысу жоспарланып, нәтижесінде 20 мекеменің қызметкерлері сенбілік жұмыстарына атсалысты. Сенбілікке барлығы 202 адам қатысып, өңірде тазалық жұмыстары жүргізілген.
-Биылғы күзгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазарту шарасы кезеңінде атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсам, тұрғындардың және мекеме қызметкерлерінің қатысуымен өңірде 22,8 шақырым канал мен арықтарды тазарту, 57,24 шақырым көше бойын тазалау және кездейсоқ күл-қоқыс орындарын тазалау жұмыстары кезінде барлығы сегіз тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.
Күзгі абаттандыру және санитарлық тазарту екі айлығына жоспарланған жұмыстардың өңір тазалығын сақтаудағы маңызын бас айтқым келеді. Жұмыстар белгіленген уақытқа дейін жалғаса береді. Аудан тұрғындарын сенбілікке белсенді қатысып, ауыл-аймақтың тазалығын сақтауға шақырамын,- дейді жауапты бөлімнің қызметкері М.Дамиров.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close