Basty bet
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ КАБИНЕТІНДЕ ДОМБЫРА ТҰРУЫ ТИІС
Өзі домбыра тартатын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланғаны мәлім. Осы күннің маңызы жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былай деді:
– Тарихта халқымыздың өз салты мен дәстүрінен алшақтап, ажырап қалған сәттері болғаны жасырын емес. Алайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген бастамасының арқасында бүгінде халқымыздың дәстүрлі өнерге деген шынайы ықыласы артып келеді. Ұлттық домбыра күні – соның айғағы. Барша халық осы шуақты мерекені айрықша қуанышпен тойлайды. Себебі қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғисалар бастаған күйшілік дәстүрді еліміздің дарынды жастары жалғастырып келеді. Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл – қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет. Төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша назарында болады.
Біз қазақтың дәстүрлі әнін, күйін елімізге ғана емес, әлем жұртшылығына танытып жүрген өнерпаздарымызға лайықты қолдау көрсете білуіміз керек.
Президент домбыра тарта ма, тартпай ма білмеймін, бірақ мына сөзі, бастап жатқан тірлігі (мектептерге домбыра пәнін енгізу) тартқанға бергісіз. Домбыраны балалайканың баласына айналдырып жібере де жаздаған заман өтті. Қауіп ұлт аспаптарының да басына төнген (Президенттің өз сөзінде «тарихта халқымыздың өз салты мен дәстүрінен алшақтап қалған сәттері болғаны жасырын емес» деуі де тегін емес). Бұл қауіптен құтқарған жарықтық Жұбанов, Сарыбаевтар еді.
Кемеңгерліктің көзі – күй. Даналықтың дауасы – домбыра. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген Қадырдың сөзін бүгін қалай айтпай қаламыз?! Сол қазақтың халықтық қалпын сақтап қалған ұлы Құрманғазы оркестрінің репертуарын кешегі кесапат Колбин құпия түрде тексертіпті деген әңгімені де бүгінде қауесет дей алмайсың.
Домбыра – рух, алапат күш. Ұлы бабаларымыздың оқулығы дала мен домбыра болған. Дала данышпандары даналық ойларының мәйегін дала дәптеріне домбырамен жазған. Домбыраның мүмкіндігі шексіз. Күйде жанр болмайды. Оның шанағынан тек қосбасарлар, ақжелеңдер, көкейкестілер төгілген. Одан шешен, одан шебер бола бермейді. Қысқасы, домбыра болмаса, бұл елдің тағдыр-тәлейі ендігі қалай болары да беймәлім еді.
Күй тыңдаған қазақ атқа мінгендей болады. Төрінде домбыра тұрған үйге жын-шайтан жоламайды. Ол – рух. Елді ұстайтын да рушылдар емес, рухшылдар. Мемлекет басшысының домбыра жөніндегі айтулы сөзі халықпен тікелей жұмыс істейтін әкімдердің қойын кітапшасында жүру керек. Көпшілік орындарда, мектепте, пойызда, ұшақта, т.б. кіре берісте домбыра тұрса. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында бұл күннің маңызын айқындайтын терең танымға негізделген ашық сабақтар өткізілуі керек. Мектепте домбыра пәнін оқыту оны тек үйретіп қою емес, оның рухани, тарихи мәніне зор, синкретті сипат беріліп оқытылса жөн.
Балаңыз халықшыл, елшіл болсын десеңіз, өнерге беріңіз. Оның музыкант болуы мақсат емес (ол таланттың шаруасы), домбыра ұстап өскен бала балалықтан ерте алыстап, даналыққа бет бұра бастайды. Домбыра ұстай білген ұл ұлтты да ұстай біледі.
Бабаларымыздың шетінен дәулескер домбырашы, күйші болғанын айттық қой. Әрине, әр қазақтың төрінде домбыра болуы міндет, ал бүгінгінің би, болыстары – әкімдердің, мемлекеттік қызметкерлердің (егер ұлтқа қызмет етемін десе) кабинетінде мемлекеттік рәміздер қатарында домбыра тұрса, әлгі біз жиі айтып, кейде жалыға бастаған «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөзге де соншалықты сенім кіріп, әкіміңіз халыққа жақындай түскен болар ма еді?
Қазір той жарыстыру емес, ой жарыстыру заманы. Бұл тек өнерді ұлықтау, соған тамсану күні ғана емес, өз тарихыңды, рухыңды, тегіңді терең тани түсуге талпыныс жасалатын күн.
P.S.
Түркияда саз деген аспап бар (кезінде Өзбекәлі Жәнібеков сол саздан шығарып, тек ұлттық аспаптар ғана қолданылатын «Сазген» ансамблін құрды). Біздің домбыра тәрізді. Оны тартатындардың жалақысы бір мың доллар. Саз тартатындар азайып барады деп үкімет арнайы қаулы қабылдаған.
Біз бұлай дабыл қағатындай жағдайға жетпеген болармыз. Домбырашы да, күйші де көп. Әйтсе де саннан гөрі сапа керек. Демек, домбыра, домбырашы еңбегіне айрықша мәртебе беріліп, құқықтық тұрғыдан қорғалу керек. Бұл дарынды мен дарынсыздың ара жігін айқындайтын бірден-бір жол.
Қали СӘРСЕНБАЙ
«Ana tili»