Basty bet
«Ауылда он екі мүшесі сау адам жұмыссыз болмауы тиіс»
Аудан әкімі Олжас Қаржауовтың Қызыларық ауылдық округі тұрғындарының алдындағы есебінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осылай деді
Қызыларық ауылдық округінің және аудан әкімінің өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы тұрғындар алдындағы бірлескен есеп беру жиыны Ақтөбе ауылдық мәдениет үйінде өтті. Есептік кездесуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, бірқатар облыстық басқармалар мен мекемелер басшылары, құқық қорғау органдары, ардагерлер ұйымдары өкілдері, аудан әкімдігінің сала бойынша ұсыныс жасалған бөлімдері мен мекемелері басшылары, жергілікті БАҚ өкілдері шақырылды.
Басқосуды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, жүргізіп отырды. Аймақ басшысы алдымен соңғы кезде әлемде болып жатқан оқиғаларға тоқтала келе, еліміздегі, соның ішінде өңірдегі жағдайды баяндаудан бастады.
– Қазір ең бастысы, елімізде жағдай тұрақты. Әрине, бүкіл дүние жүзінде болып жатқан жағдайлар біздің елімізге, соның ішінде облысымызға өз әсерін тигізеді. Дегенмен, қарап отырмауымыз керек. Бар мүмкіндікті пайдаланып, қарапайым халыққа осы дағдарыстың салқынын тигізбеуіміз қажет.
Мемлекет басшысының, Үкімет басшысының берген тапсырмаларына сәйкес бірқатар жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Болып жатқан оқиғалар өңірімізге әсерін тигізіп жатыр деп айта алмаймын. Әсіресе, көрші мемлекетпен экономикалық байланыста, бір одақта болғаннан кейін әрине, кей тауарлардың бағасына әсерін тигізеді. Біз үшін ең басты міндет халықты жұмыспен қамту, яғни жұмыс орындарын сақтап қалу, екіншіден, барлық әлеуметтік төлемдер, яғни жалақы, зейнетақы, жәрдемақы осы уақытқа дейін қалай төленіп келсе, солай дер кезінде төленетін болады.
Одан кейін экономиканың да, басқа да барлық салалардың көрсеткіштері былтырғы жылдан кем болмауы тиіс. Былтырғы жылы халықтың жалпы еңбегінің арқасында тапсырмаларды толығымен орындадық. Экономиканың даму қарқыны 5,8 пайызға қамтамасыз еттік. Ол республикадағы орташа көрсеткіштен жоғары. Ендігі мақсат сол қарқынды төмендетпей, әрі қарай еңбек етуіміз керек.
Қазіргі таңда үлкен мәселелердің бірі – әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың бағасына байланысты. Оған Үкіметтің белгілеген шектеулі бағасы бар. Сауда үстемесі 15 пайыздан аспасын деген тапсырма бар. Облыста, аудандарда арнайы құрылған жұмысшы топтар бар. Қоғам өкілдерінен құралған осы топтар қазіргі таңда сауда нүктелерін тексеріп, тапсырманың орындалуын қамтамасыз етуде.
Біз осы бағаның өсуіне қатысы бар өнеркәсіп орындары мен базарлардың басшыларымен кездесіп тұрамыз. Бағаны заңсыз, негізсіз көтеруге жол берілмейді. Қазір қантқа, ұнға байланысты мәселелер бар. Дегенмен, қанттан бір жарым айлық қорымыз бар.
Біз үшін негізгі мақсат – келісім, тұрақтылық, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бәріміз бірігіп, қаңтар айында орын алған оқиғадан сабақ алып, оның қайталануына жол бермеуіміз қажет, – дей келе облысы басшысы өңірдегі шаруалардың жағдайына ойысты.
Бердібек Машбекұлы осы ретте биылғы жылы облыста 750 мың гектар алқапқа егін егуді жоспарлап отырғанын еске салды. «Біз суғармалы алқаптарды көбейттік, игерілмей жатқан 320 мың гектарға жуық алқапты айналымға қостық. Ауа-райының қолайсыздығына, былтырғы жазғы қуаңшылыққа қарамастан биыл да егіннің көлемін төмендетпеуіміз керек. Мынадай дағдарыс кезінде бізге мүмкіндігінше өзімізді-өзіміз ең керек деген азық-түлікпен қамтамасыз етуіміз қажет. Ол үшін алқаптарды сумен қамтамасыз етуіміз, көрші мемлекеттен келетін және өзіміздің су қорымызды ұтымды пайдалануымыз қажет. Жанар-жағар майға, тұқымға, тыңайтқышқа байланысты ешқандай мәселе болмайды».
Тұқым туралы айтқанда, аймақ басшысы IV-V репродукциялы тұқымды сеппеу қажет деп есептейді, себебі одан түк пайда жоқ. «Негізінен, элита, І және ІІ репродукциялы тұқымдар егілуі тиіс. ІІІ репродукцияның өзін 30 пайыздан асырмау қажет. Қазір тыңайтқыш мәселесімен де жұмыс істеп жатырмыз. Былтырғымен салыстырғанда тыңайтқыштың бағасы 2-3 есе өсіп кеткен. «Қазфосфат» ЖШС-мен бағаны төмендету туралы келісімге қол жеткіздік» деді ол.
Бердібек Машбекұлының айтуынша, әлеуметтік саладағы жұмыс биыл да жалғасын тапақ. «Былтыр Жуалы ауданы мемлекеттен 4,5 млрд. теңге қаржы алған болатын. Ауданда екі орта мектептің құрылысы жүргізілген болса, соның бірі осы ауылдық округтің аумағында. Ауыз су, газ құбырларын тарту, жол жөндеу, канал тазалау секілді жұмыстар атқарылады».
Осылай дей келе, аймақ басшысы өткен жылы ауылдық округте атқарылған жұмыстарды баяндау үшін сөзді округ әкімі Ермұхамед Сүгірбековке берді.
Баяндамашы ел игілігі үшін атқарылған жүйелі жұмыстарды саралай келе, негізгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларының орындалуы нәтижесінде округтің халқының әл-ауқаты артқанын алға тартты. Округ тұрғындарының дені ауыл шаруашылығы саласымен айналысып, кәсіпкерлікке бет бұрған. Салық түсімдері уақтылы жиналып, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес қызмет түрлері көрсетілген.
Өңірде мал басы жылдан-жылға арта түсуде. Мәселен, округте 2000 бас мүйізді ірі қара, 11 000 бас қой-ешкі, 1500 бас жылқы бар. Округ шаруа қожалықтарының дені картоп, бау-бақша өнімін өсіріп-баптаумен айналысады.
Алатау ауылында ауызсу құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, осы ауылда 100 орындық орта мектептің құрылысы жүргізілуде. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Сұрым ауылының тұрғынына баспана салынып берілген. Қызыларық ауылындағы бокс залы жөнделіп, пайдалануға берілген. Ауылдық округтегі бірнеше шаруашылық каналдар тазаланған. Сүт өңдеу цехын ашу үшін Сұрым ауылынан алты гектар жер бөлінді.
– Бүгінгі таңда сүт табыс көзіне айналып келеді. Сиыр сүтінің көлемін арттыру мақсатында сүрлемдік жүгері 100 гектарға егіліп, сүрлем басу қамтамасыз етілді. Тамшылатып суғаруды насихаттау бағытында шаруалармен екі рет семинар өткізілді, – деді ауылдық округ әкімі Ермұхамед Сүгірбеков.
Сонымен қатар, баяндамашы өңірде биылға жоспарланып отырған жұмыстарды да баяндап өтті.
Сұрақ-жауапқа кезек беріліп, баяндамашыға сұрақты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қойды. Елдімекендердегі жер көлемі, аула саны мен мал басы туралы мәліметті нақтылай түскен аймақ басшысы одан ауылда жайылым тапшылығы мәселесін қалай шешкелі отырғанын сұрады. Өз кезігінде ауыл әкімі тұрғындардың малы үшін жайылымды кеңейту үшін ауыл маңындағы 5-7 шақырым радиустағы сегіз шаруашылықтан 618 гектар жерді қайтару көзделіп отырғанын алға тартты.
Аудан әкімі Олжас Қаржауовтың сүрлемдік жүгері өсіру бастамасына қолдау білдірген Бердібек Машбекұлы көпжылдық екпе шөптің де өзіндік пайдасы бар екенін айта келе, «жоңышқа мен сүрлемдік жүгеріні өсіру қабат жүргізілуі тиіс. Сауылған сүттен кем дегенде 7-8 түрлі өнім алу қажет» деді.
Ауыл әкімінен 13 жұмыссыздың бар екенін сұрап білген аймақ басшысы жұмыссыздардың жағдайын зерделеу қажеттігін, ауылда он екі мүшесі сау азаматтың жұмыссыз болмауы тиіс екенін айтты. «Біз алдағы уақытта елді мекендердің әлеуметтік паспортын жасауға кірісеміз. Азамат жұмыссыз болса, оны бір мамандыққа оқытамыз, одан кейін қолына қаражат беріп, өз ісін ашуға жәрдемдесеміз. Егер одан да еш нәтиже шықпаса, кінәні өзінен іздейтін болады» деді Бердібек Машбекұлы.
Ақтөбе ауылының тұрғыны Жақсылық Сариев «жайылым жер тапшы, қолдағы азын-аулақ ұсақ малдың өзіне жайылатын жер жоқ, ауылдан шығатын 350-400 қаралы сиырдың Теріс өзенінің арғы жағына өтіп, тау баурайында жайылуы үшін көпір жасау қажет» деген тілегін білдірсе, Алатау ауылының тұрғыны Алтынбек Мамытқұлов Көксай каналының төрт шақырымын жөндеу қажеттігін еске салды.
Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Садиров егін жинау маусымында ауылда жұмысшы таппай қиналатынын айта келе, қоғамдық ақылы жұмыста істейтіндерді бір ай шаруашылықтарға қолғабыс жасауға беруді ұсынды. «Бұл екі жаққа да тиімді болар еді. Шаруа өнімін жинап алса, жұмысшы үйіне қажетті азық-түлік жинап алар еді. Алайда, менің айтқан ұсынысымды әкімдіктегілер қолдамайды» деді.
Одан кейін сөз алған Алатау ауылының тұрғыны Тоқтағұл Құдайқұлов округте атқарылған істерге, соның ішінде 100 орындық Алатау орта мектебінің құрылысы жүргізіліп жатқанына ризашылығын білдірді.
Сұрым ауылының тұрғыны, білім саласының ардагері Серік Кенжебаев ауыл-аймақты көріктендіруге үлес қосайын десе үй іргесінде өсетін гүлдер мен тал-дараққа су жетіспейтінін, Теріс-Ащыбұлақ жақтағы бастау суларын бақша суғаруға пайдалану үшін беру керектігін айтты.
Басқа тұрғындар тарапынан да жайылымның тарлығы, ағын судың жетіспеушілігі секілді сан салалы өзекті мәселелер көтерілді. Бұл сұрақтарға облыс және аудан әкімдері Бердібек Сапарбаев пен Олжас Қаржауов және тиісті сала басшылары жауап берді.
Жиынды онда көтерілген мәселелерге жан-жақты жауап бере отырып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытты.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»