Basty bet
Еңбекті серік еткен отбасы
Ұлы ойшыл Абай атамыз бірқатар шығармаларында жалқаулықтың, еріншектіктің қоғамды жұтатып, тоғышарлыққа ұшырататыны туралы айтып, халықты еңбек етуге шақырады. Яғни, “Еңбек жоқ, қарекет жоқ, қазақ кедей, Тамақ аңдып қайтеді тентіремей…” деп еңбексіздік пен қарекетсіздікті ашына сынайды.
Сонымен бірге “Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас, Сұм нәпсің үйір болса тез тыйылмас… Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар…” деп, еңбексіз тапқан олжаның құтсыздығы, тек адал еңбек қана мұратқа жеткізетіні туралы айтады.
“Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын” деп жалқаулық пен талапсыздықтың тек әлеуметтік зияндылығы ғана емес, рухани жағынан да адамды аздыратыны жайлы айтып, одан сақтандырады.
Иә, еңбекті серік еткен жанның алар асуы биік. Қоғамда еңбекқор, еңбегінің арқасында ешкімге қол жаймай, бақуатты тіршілік кешіп, отбасына да, қоғамға да пайдалы қарекет етіп жүрген жандарды насихаттау, жас ұрпаққа үлгі ету – біздің парызымыз.
Нұрлыкенттік шаруақор отбасы Сунатилла, Сәуле Әжіқұловтар туралы мақала жазуды ауылдық округ әкімі аппараты ұсынды. Отбасымен еңбекқор, ынтымақшыл, ауылға сыйлы отбасының тіршілігі көпке үлгі етуге әбден лайық-ақ екен.
Әжіқұловтар отбасы Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы, Піскент ауылында өмірге келген.
Сунатилла Төребекұлы мектеп бітіріп, жол-құрылыс техникумын бітіргеннен кейін, Қиыр Шығыста екі жыл әскери борышын өтейді. Әскерден кейін екі жыл мамандығы бойынша жұмыс істейді. 1992 жылы отау құрып, бір жылдан соң атажұртқа отбасымен қоныс аударған.
-Атажұртымызға 1993 жылы қараша айында көшіп келдік.
Алғаш совхозда гаражда жұмысшы болып еңбек еттім. Колхоз, совхоздар тараған соң “Бірлік” ұжымына ауыл болып бірігіп, еңбек еттік. Біз отбасымызбен ақылдаса келіп, 1999 жылы жермен айналысуды қолға алдық. Ұжымнан азын-аулақ жалға жер алып қырыққабат, сәбіз ектік.
Егін егу әрине тәуекелді, көп еңбекті талап ететін жұмыс. Кейде мол өнім аласың, кейде шыққан шығынымызды ақтай алмай да қаламыз.
Қыста тұқым алып, көктемге дайындаламыз. Көктем шығып, күн жылынысымен есік алдына шағын жылыжай жасап, көшеттерді өндіреміз. Жер әбден жылынған соң, көшеттерді алқапқа алып барып, жекелеп егеміз. Әрі қарай оны суғарып, арам шөптерін шауып, дәрілеп, түбін үйіп күтіп-баптау жұмыстарын істейміз.
Алқапта 20-дан аса адам жұмыс істейді. Оларға күндігіне үш мыңнан ақы төледік.
Көкөністердің дәрілерінің өзі қымбат, бір литр дәрі 70-80 мың теңге тұрады. Онымен дәрілемесе, көкөністердің ауруы көп. Жаз бойы қырыққабатты үш-төрт рет дәрілейміз. Өткен жылы қырыққабаттың бағасы төмен болып, еңбегіміз ақталмады. Күзде баға өте төмен болды. Ал, қазір баға жақсы. Бірақ оны сақтауға мүмкіндігіміз болмай тұр.
Көктемде жылыжайдағы көшеттерді алқапқа алып кеткен соң, ол жерге үйге қажетті қызанақ, қияр, тәтті бұрыш, картоп, тағы да басқа көкөністерді егеміз. Жаз бойы оларды күтіп-баптап, отбасымызға қажеттінің бәрін осы шағын ғана жерімізден аламыз.
Күзде өнімімізді жинауға, тасуға қажетті техникаларымыз да бар. Техникасыз, кісіден жалға алып жұмыс істеу тіптен қиын, өте ауыр тиеді.
Бүгінде қырыққабат пен сәбізді екі-үш гектарға егудеміз. Одан бөлек азын-аулақ малымыз бар. Қыстыгүні соғымға мал байлаймыз. Бос қарап жүруге болмайды. Балаларымызды аяқтандыруымыз керек. Оның барлығы еңбектің арқасында ғана жүзеге асады,- дейді Сунатилла аға.
Еңбекқор жандар екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Еңбектің арқасында төртеуін де өз қалаулары бойынша білім алуына жағдай жасауда.
Жары Сәуле Тілләбайқызының мамандығы – есепші. Отанасы мамандығы бойынша жұмыс істемепті. Ол жолдасына қолғабыс етіп, бала тәрбиесімен айналысқан аяулы жан.
-Балалардың барлығы жақсы оқыды. Сабақтан келе салысымен өзімізбен бірген алқапқа ертіп кететінбіз. Алғаш азын-аулақ жерге ғана еккен кезімізде барлық жұмысты өзіміз істедік. Балалар өзімізбен бірге еңбек етті. Еңбектің наны тәтті екенін сезініп өсті.
Бүгінде үлкен қызымыз Жанар педагогикалық институтты бітірді, тұрмыста. Екінші перзентіміз Бауыржан Тараз мемлекеттік университетін инженер мамандығы бойынша бітіріп, фосфор зауытында жұмыс істеуде.
Дәмирамыз Астанадағы медициналық академияда оқып жатыр, 6 курс студенті. Кенжеміз Біржан медициналық колледжі бітіріп, Таразда жұмыс істеуде. Балалардың екеуі мемлекеттік грантта оқыды. Барлығы өздері оқып, өздері жұмысқа тұрды. Ешқайсысын жұмысқа тұрғызамыз деп таныс іздеп, басқа жол іздеген жоқпыз. Талабы, білімі бар адам қоғамда өз орын таба біледі екен,- дейді отанасы.
Расында адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Міндетті түрде жоғары оқу орнын аяқтап, мансапқа жетуге ұмтылмай-ақ, өзінің сүйікті кәсібімен айналысып жүрген, өз жұмысын жақсы білетін осындай жандарға қалай сүйсінбейсіз. Олар өзінің отбасының әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, еліміздің гүлденуіне де үлкен үлес қосуда.
Президентміз айтқан еңбек идеясы жалпы халықты еңбекке жұмылдырып, еңбек адамына құрметті арттырары сөзсіз.
Қарапайым еңбек адамы барлық құрметке лайық!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»