Basty bet
Су маржанын өсіруге мүмкіндік мол
Ол үшін аудандағы су тоғандарын тиімді пайдаланудың маңызы зор
Еліміздегі балық шаруашылығы жыл өткен сайын дамып келе жатса де, аталған саланы мемлекет тарапынан қолдау қажет. Балық шаруашылығы және оның дамуы су ресурстарына бай Қазақстан үшін маңызы жоғары. Біріншіден, еліміздің теңіздер мен мұхиттарға шығу мүмкіндігі аз. Екіншіден, біздегі балық еті елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Мәселен, нақты дереккөздерге қарағанда, елімізде балық экспорттайтын шаруашылықтар бүгінде үш миллион гектар жерді пайдаланады екен. Үшіншіден, балық еті – адам денсаулығына пайдалы, одан жасалатын өнімнен де түсім мол.
Қазақстан өзінің бай және бірегей табиғатының арқасында балық шаруашылығының айтарлықтай қуатты қорына ие. Бұл бағытта экспорттық әлеуетіміз де жоғары. Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері – балық кәсіпшілігі (балық аулау), балықты көбейту (балық өсіру) және балық өңдеу. 2019 жылы елдегі балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі шамамен 66 мың тоннаны құрады. Нақты мәліметтерге қарағанда, Қазақстан мұхит балығы мен теңіз өнімдерін импорттайды. Өнімдер негізінен Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдерінен импортталады
«Мал баққанға бітеді» дегендей, балық та баптауды қажет етеді. Біздің ауданымызда да балық өсіруге мол мүмкіндіктер бар. Алайда жергілікті халықтың негізгі күнкөрісі мен табыс көзі мал және егін шаруашылығы болғандықтан, өңірде балық өсіруге ден қойып жатқан шаруашылықтар саусақпен санарлық деп айтуға болады. Иә, балық шаруашылығының төңірегінде проблемалар да жоқ емес. Оның негізгісі, балық өсірушілерге белгілі және белгісіз себептермен Үкіметтен берілетін қолдаулар аз. Аталған бағытты дамытуға жер алу да қиын мәселе. Мұны ауданымызда балық өсіруге ниетті шаруалар айтып отыр.
Ақсай ауылдық округіне қарасты Диқан ауылында орналасқан «Ислам» шаруа қожалығы да кейінгі жылдары мал және егін шаруашылығымен қатар, балық шаруашылығын да дамытуға ниет етіп отыр. Шаруашылықта 80 гектарға жуық егістік жер бар. Оған жыл сайын мал азығына арналған дақылдар егіп, сол арқылы мал шаруашылығын дамытып отыр. Шаруашылықта негізінен ірі қара мен жылқы бағылады. Одан алынатын өнімдер аудан және облыс көлемінде өткеріліп келеді.
Ақсай ауылдық округіндегі «Ислам» шаруа қожалығына қарасты жасанды шағын су тоғанына былтыр бұрынғы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та ауданға жасаған сапары барысында аялдап, шаруаның проблемаларымен танысып, оның жұмысына оң баға берген болатын.
Былтырдан бері ауыл сыртындағы шағын бассейндерде «Форель радужная» деп аталатын балықтың шабақтары өсірілуде. Ол үшін бассейн жанынан 150 метр тереңдіктен шығып жатқан артезиан құдығының суы пайдаға асып отыр.
Шаруа қожалықтың мүшесі Қанат Жұмановтың айтуынша, ол бұл кәсіптің түріне жеке қызығушылығы арқылы келген. Өзі балық аулауға құмар және балық шаруашылығын дамытуды, орайы келсе, ауыл маңынан осындай шағын бассейндер салуды бұрыннан ойлап жүрген. Қашанда сабақты иненің де бір сәті бар емес пе?! Шаруа азамат балық шаруашылығын дамытуды 2021 жылдан бастап, оны нақты қолға ала бастады.
Алғашында шағын бассейндер қазылып, суға толтырылған соң ең алғаш Алматы облысынан бір жарым мың данаға жуық форель балығының шабақтары әкелінді. Басында шабақтардың салмағы небәрі бір және екі грамның аралығында болады. Иә, шабақты көбейтіп, оның салмағын арттырып, өсіру үшін әрине тиісті күтім қажет. Балық та баптауды қажет етеді деп отырғанымыз да сол. Форель балығына арналған құрамажемді Алматыдағы жеткізуші компания өкілдері Дания мемлекетінен біздің елге әкеледі екен. Балық өсірушілер балық азығын негізінен Алматы қаласынан алып келеді. Қанат та балық азығына қажетті құрамажемді аталған қаладан алдырып отыр. Әзірше үш шағын бассейнде 75 мыңға жуық балық өсірілуде. Оның бір күндік азығының шығынына 30 мың теңге жұмсалып отыр.
Жамбыл облысында форель балығын өсіретін 4-5 шаруашылық бар дейтін болсақ, соның бірі диқандық «Ислам» шаруа қожалығына тиесілі. Шаруашылық негізінен мал және балық шаруашылығы бағытында тіркелген. Бүгінде мұнда 75 мыңға форель балығы өсірілуде десек, шаруашылық мүшесі Қанат Жұмановтың айтуынша, жылына 50 тоннаға дейін балық өндіруге мүмкіндік бар. Алайда…
-Балықты өсіріп, көбейтетін тереңдігі екі метр болатын шағын бассейндерді шаруашылықтың жерінен қазып, дайындадым. Осы іске ниеттеніп алғаш кіріскен уақытта Үкімет тарапынан көмек-қолдаулар болады деген ойда болғанмын. Шын мәнінде олай емес екен. Балық шаруашылығы, оның ішінде, форель өсіру біздің ауданда тың кәсіп болып саналады. Алайда жергілікті атқарушы органдардан әзірше ешқандай көмек алған жоқпын. Қайтарымсыз грант алу конкурсына қатысу үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына да жүгініп көрдім. Ешқандай нәтиже жоқ. Уақытымыздың көбісін құжат жасауға, оны тиісті орындармен заңдастыруға жұмсауға тура келеді. Тірлігіміз осымен аяқталса мейлі ғой, бір сөзбен айтқанда, салада бюрократия көп. Балық шаруашылығына нақты қолдау жоқтың қасы.
Енді өз жұмысыма келер болсам, шаруашылығымыз жаман емес. Мал және егінмен қатар былтырдан бастап балық өсіруді қолға алып отырмын. Алғаш әкелінген форель шабақтарының салмағы қазір бір жарым, екі келіге жетіп қалды. Шынын айту керек, бұл саладан аздап хабарым болғанымен, балықты қолда өсірумен бұрын айналысқан емеспін. Алғашқыда шабақтардың бабын таппай, бірнеше жүздеген данасын өлтіріп алған кезіміз де болды. Барлық жұмыстың нәтижесі тәжірибемен келеді емес пе? Биыл сәл де болса, тәжірибе жинадық деуге болады. Алғаш әкелінген шабақтарды жақында нарыққа өткізе бастаймыз. Нәтиже жаман болмайтын шығар,- дейді шаруа азамат Қанат Жұманов.
Қай істе де адамға табандылық пен іскерлік қажет. Онымен қоса, сол саланың қыр-сырына қанығып, бабын табуды қажет ететіні белгілі. Балық шаруашылығы да сондай. Әсіресе, форель балығы тек таза суда жақсы жетіліп, көбейеді. Тіпті, балықтар жүзіп жүрген бассейн суына қол салуға да болмайды дейді шаруашылық мүшесі. Бұл ретте шаруашылықтың егістік алқабының маңындағы бұрынғы артезиан құдығының суы балық өсіруге өте тиімді пайдаланылуда. Қазір бұл маңда үш бірдей артезиан құдығы бар. Шаруашылық мүшелері жүздеген метр тереңдіктен шығып жатқан артезиан құдығының басына өз қолдарымен шағын жасанды су электр стансасын орнатқан екен. Бұл қондырғы бес киловатқа дейін тоқ өндіре алады. Артезианның суы осы шағын қондырғының күшімен бассейндерге құйылып жатыр. Бассейннің суы ары қарай арыққа ағып кетіп жатыр. Балық шабақтары сумен бірге сыртқа ағып кетпес үшін су құбырының басына арнайы торшалар орнатылған. Бассейндегі су күндіз-түні қозғалыста болғандықтан, балықтың өсуіне қажетті су да таза күйде болады. Әсіресе, форель балығына таза су қажет.
Шаруашылық мүшесі Қанат Жұманов өзі қолға алып бастаған бұл жұмысты инновациялық жоба деп санайтынын айтады. Өйткені, бассейн маңында суды айналдыруға арналған шағын стансамен қатар, тоқ өндіруге қажетті бірнеше күн панелі орнатылған. Шаруашылық мүшелері мұндағы шағын баспанада жыл он екі ай болып, балықтардың өсіп-өнуіне жағдай жасайды. Ит-құстан да қорғайды. Әйтпесе, ашық алаңқайдағы қорғансыз шабақтарға сырттан төнетін қауіп көбірек. Айтпақшы, балыққа күнделікті төрт мезгіл жем беріледі. Балыққа қажетті құрамажемнің тым қымбат болуына байланысты шаруашылық мүшелері биыл жемді тәжірибе ретінде үй жағдайында өздері дайындай бастаған. Алғашқы нәтижелері де жаман емес. Өнімнің құрамында тек зиянды қоспалар болмауы қажет.
Бәрін айт та, бірі айт. Шағын су бассейнінде балықты көбейтіп, өнім көлемін арттыруды көздеп отырған шаруашылық 75 мың дана форель балығын өсіріп шығару үшін былтырдан бері 16 миллион теңгедей қаржы жұмсаған. Бұл кәсіптің пайдасы «шаш етектен» дей алмаймыз. Тек балықты баптай біліп, қолға алған істің көзін тапсаң ғана пайдаға кенелетінің анық. Ең бастысы, балық өсірушілерге мемлекет тарапынан нақты көмек-қолдаулар қажет-ақ… Біз аталған тақырыпты қозғау барысында осы мәселені анық аңғарғандаймыз.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»