Basty bet
Мемлекеттік қызметшінің әдебі – қоғам айнасы
Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құрметке жету әрине оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлық мәселесі және бар. Яғни, кызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері қатар тұру керек. Бұл туралы Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «өте жоғары этика мен кәсібилік тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемі болып табылады» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан, бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығына және әділдігіне қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуға мүмкіндік береді.
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейхан. Қандай болғанда да, мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауға қалыптасуы, Әдеп кодексін оқып, өзін-өзі үйретуі, өзгеден үйренуі және өзгені үйретуі керек. Осы ретте, ұжым арасындағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында жүргізілетін анонимді сауалнаманың пайдасы бар.
Мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, үнемі саламатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет. Бұдан басқа, жұмыстан тыс уақытта бізге рухани баю үшін мәдениет және демалыс мекемелеріне бару керек, қайырымдылық пен қоғамдық қызметке қатысу және тағы сол сияқтылар қажет. Әрқайсымыз жұмыстан тыс уақытта біз өз іс-әрекетіміз бен мінез-құлығымызға жауапты екенімізді, ал, кез келген жағдайда әдеп қағидаттарын сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі болып табылатындығын есте сақтауымыз қажет.
Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметшіге беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдаяттардан қашқақтау қажет. Жол қозғалысы ережесін бұзу, алкогольді ішімдік ішіп мас күйде автомобиль басқару, сондай-ақ, жол полициясы қызметкерлеріне бағынбау өрескел әдеп бұзушылық болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші әлеуметтік желіні қолданған кезде интернет желісінің басқа қолданушыларымен әңгімелесуде де сыпайылылық танытуы қажет!
Мақсұтбек АРЗЫМБЕТОВ,
аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы