Basty bet

Ұлттық идеологиямыз ұлттық баспасөзбен таралады

Елімізде сәуір айының басынан 2023 жылдың екінші жартыжылдығына газет-журналдарға жазылу науқаны жүруде.
Басылымның ұрпақ тәрбиесінде, адам баласының рухани дамуына, оқу мәдениетіміздің дамуына, дұрыс жаза білуіміз бен ойымызды еркін жеткізе білуімізге, яғни сөздік қорымыздың баюына, елдің ауызбіршілігі мен ынтымағына тигізер пайдасы жайлы көзіқарақты оқырман қауым жақсы біледі. Олар науқанды қалт жібермей, өзіне қажетті газет-журналдарды жаздырып алып оқиды. Алайда олардың қатары аз. Өкінішке қарай, көп адамға газет-журнал керек емес сияқты. Басылымды отбасының қажеттілігі деп есептемейді. Оған жұмсаған қаржыны желге ұшқан қаржы деп есептейтіндер де аз емес. Өкініштісі, арзан ойын-сауыққа, сән-салонға, кафеден тамақ ішуге қаржысын қиналмай шашатындар рухани дүниеге келгенде қаржысын қимайды. Салдарынан бүгінгі қоғамда рухани кедей, іштей өзіне не керек екенін таппай жүрген, бала-шағасын тыңдата алмай жүрген, көңілі алаң, қай жерде не сөйлерін білметін, айтқан сөзі өзіне де, қоғамға да еш пайда бермейтін адамдар көп. Жалпы, оқу мәдениетінен айырылған адам ойлау мәдениетінен де айырылатыны естен шығармаған жөн.
“Өнер алды – қызыл тіл” дейді дана халқымыз. Сөз – өнердің алды. Сөз – өнер, сөз – кие, сөз – құдірет, сөз – қару. Қазақ – шешен, дана халық. Сөздің қадірін білетін, сөзге тоқтай білген текті халық болған. Ал, қазір ше? Ұсақталып, сөз қуып, бәле қуып кеттік. Сөзіміз бен ісіміз бір жерден шықпайды. Кере-кере сөйлеуге құмармыз. Бір-бірімізді, еңбегімізді құрметтемейміз. Қысқасын айтқанда, өз берекемізді өзіміз кетіріп жүрміз. Ал, мұнымыз әрі қарай жалғаса берсе, болашағымыз не болады? Көрінгенге күлкі боламыз. Мұның барлығы айналып келгенде рухани көкжиегіміздің тарлығы, ой-санамыздың саяздығынан.
Сондықтан, ұрпағымыздың келешегін ойласақ, елдің болашағын ойласақ көп оқиық. Отбасымыздың, еңбекпен тапқан дүниеміздің берекесі болсын, қайырлы болсын десек, ең алдымен оқу мәдениетімізді дамытуымыз керек.
Жақында Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева әлеуметтік желі арқылы әріптестерін газет-журналдарға жазылуға шақырды.
“Сіздермен бүгін көптен бері жадымда жүрген өзекті ойымды бөліскенді жөн көріп отырмын. Қазіргі таңда ғаламторға шырмалған жастың да, кәрінің де рухани ой-санасының әлсіреп бара жатқандығын көріп келеміз. Қазір кез келген жастағы адам қалаған бейне жазбасына, түрлі медиа-өнімге қол жеткізе алады. Бірақ ой таразысына салып, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, қайсысы шындық екендігін ажырату қиынға соғып тұр.
Ғаламтордан күнделікті естіп, біліп, көріп, оқып жатқан жаңалықтардың арасында тексерілмеген, шындыққа жанаспайтын ақпараттар да баршылық. Ғаламтордың пайдалы тұсын алып, керексіз жағына шектеу қойғанымыз дұрыс шығар. Сондықтан да, бұл ғаламтордың бетін торлаған қауіпті бұлттан арылу үшін Сіздерді газет-журналға жазылуға шақырамын. Газет-журнал өмірдің нағыз айнасы. Онда жазылған әрбір жаңалық, мақала, сараптама қаншама жауапты маманның тексерісінен өтіп, өңделіп, бүтінделіп, сараланып барып жарияланады. Сондықтан газет-журналдың ғаламторға қарағанда салмағы басым”, дейді Жанат Тәжиева.
Иә, ұлттық идеологиямыз ұлттық баспасөзбен таралады. Баспасөздің қоғамға, бұқараға берері мол екені талас тудырмаса керек. Халықтың руханиятын көтеру, мемлекеттің саясатын қолдау, ұрпақтың бойына тәлім-тәрбие сіңіруде басылымның алатын орны ерекше. Сондықтан Жанат Тәжиеваның ұсынысы өте орынды. Себебі, мұғалімнің қолында ұрпағымыздың тәрбие-білімі, елдің келешегі тұр. Мұғалім оқушыны газет-журнал, кітап оқуға үндеуі үшін алдымен өзі оқуы керек.
Мен өзімнің оқушы кезімдегі мына жағдайды үнемі жазамын. Біз мектепте 5-6-7 сынып оқып жерген кезімізде сынып болып “Ұлан” газетіне жазылатынбыз. Бұл істі сынып жетекшіміз ұйымдастыратын. Сосын газетті сынып болып оқимыз. Тәрбие сағатында кейбір тапсырманы “Ұлан” газетінен беретін. Сондықтан басылымды үзбей оқушы едік. Мақала жазуға деген құштарлығым да осы жылдардан басталды. Балалардың газет-журнал оқуға деген қызығушылығын оятуда ата-ана мен мұғалімнің бірлескен еңбегі керек.
Біз қазіргі қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерден арыламыз десек, көп сөйлейтін емес, көп оқитын ұлтқа айналамыз десек, балаларымыз зерделі, парасатты, иманды, салиқалы, білімді болсын десек, қоғамымызды түзеуде елеулі рөл атқаратын газет-журналдарымызға қолдау білдіріп, мәртебесін көтеруіміз қажет.
Оның ішінде алдағы жылы жарық көргеніне 90 жыл толғалы отырған аудандық төл басылым, сүйікті газетіміз “Жаңа өмірге” жазылуға шақырамын.
“Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” дейді ғой дана халқымыз. Газет бетінде жаңалықтардан бөлек, қаншама жас ұрпаққа берері мол, тағылымды, ел жадында сақталар қаншама құнды мақалалар жарық көруде. Әр саладағы еңбек адамдары, үлгілі еңбек ұжымдары, өнегелі отбасылар, талантты жастардың жетістіктері насихатталуда. Мұның барлығы түсіне білген адамға үлкен ағартушылық еңбектер.
Сондықтан, құрметті оқырман қауым! Құрметті еңбек ұжымдары! Баршаңызды жазылым науқанына үлес қосуға, аудандық басылымға жазылуға шақырамын!

Перизат Шымыртайқызы,
Бас редактор

Таңдаулы материалдар

Close