Basty bet
Шағын шаруашылықтағы үлкен еңбек
Ерте көктемде алқапқа егін еккен шаруалар, дәл шіліңгір шілденің екінші жартысында толысып піскен егін алқаптарына орақ салды. Биыл ауа райының құрғақ болуына байланысты өнім жылдағыдай емес. Бірақ жазғы дала жұмыстары аудан бойынша қарқынды жүруде.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, ауданда ауыл шаруашылығы жерлері 216 306 гектарды құрайды. Оның ішінде, 95 449 гектары егістік, (жалпы суармалы егістігі 8460 га.) Шабындық 2 046 гектар. Жайылым 114 559 гектар, ал көп жылдық екпелер 265 га, басқа да жерлер 2 128 гектарға тең.
2025 жылдың өнімі үшін ауданда 54 956,0 гектар алқапқа (2024 жылы 53 516,0 га алқапқа) масақты дәнді дақылдар себілген болатын. Тарқатып айтар болсақ, оның ішінде, күздік бидай алқабы – 10 600 гектар, жаздық арпа – 28 510 гектар.
Бүгінгі күнге ауданда барлық ауылдық округте егін орағы басталып кетті. Ауылдық округтердің ішінде Ақсай ауылдық округінің кейбір шаруа қожалықтары қазіргі таңда егін орағын аяқтады. Жалпы ауылдық округте 150 шаруа қожалық 495 гектарға бидай, 1620 гектарға арпа екен. Егін орағы қазіргі таңда тау етектерінің тастақ егістіктерінде жүруде. Оларда таяу күндері аяқталады деп жоспарлануда.
Егін орағын жақында аяқтаған шаруа қожалықтың бірі «Мекенбай» шаруа қожалығы. Бұл қожалықтың құрылғанына көп болмасада, биылғы егін түсімі ауылдық округ бойынша алдыңғы орында десек те болады дейді ауылдық округтің мамандары. Біз әңгіме етіп отырған шаруашылық шағын болса да, оның жұмысы жүйелі, тірлігі тындырымды. Қазір «Мекенбай» шаруа қожалығы 20 гектардан астам алқапқа жаздық арпа, мал азығына жоңышқа еккен.
Қожалық иесі жас кәсіпкер, Қайрат ауылының тұрғыны Мұратай Көркембайұлы. Ол сол ауылда туып, сондағы орта мектепті аяқтаған. Алматы қаласында заңгер мамандығы бойынша білім алады. Бірақ оның жаны мал және егін шаруашылығына жақын болады. Келе сол кішкентай кездегі арманын орындау мақсатында үкіметтен ең төменгі 2,5 пайызбен несие алып, мал бордақылаумен айналысуға көшеді. Мал бордақылап жүріп, 2023 жылы «Мекенбай» шаруа қожалығын құрады. Ол жоғары сұрыпты арпа, бидай тұқымын алып егеді. Қожалықтың жұмысын ағасы екеуі бірге атқарады.
-Шаруа қожалықты құрғанымызға екі жылдың көлемі болды. Қожалық үлкен деп айта алмаймын. Қожалығымыз техникамен қамтылмаған. Болашақта техника алуды жоспарлаудамыз. Одан бөлек қожалықтың жер көлемін ұлғайтсақ деген ойымыз бар. Ал, егін орағы кезінде техниканы жалға аламыз. Биыл арпадан алынған өнім орташа болып тұр. Гектарына 4 тоннадан айналуда. Биылғы құрғақ ауа райы да өңірдің ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде, масақты дәнді дақылдар еккен шаруаларға өте қолайсыздау болды. Өйткені, жауын аз болып масақты дәнді дақылдарға кері әсерін тигізді. Бірақ өнім ойдағыдай болды. Қожалықтағы жұмыстың барлығын ағам мен әкем үшеуміз атқарамыз. Дала жұмыстары кезін де ғана адам жалдаймыз. Жалпы егін егуден бөлек, мал шаруашылығымен де айналысамыз. Мал бордақылаймыз. Үйдегі малдың жем-шөбі өзіміздің шаруашылықта дайындады.
Өйткені бордақыланған мал бір жерде тұрады. Оның жем-шөбін күнделікті дайындап отыру керек. Сол үшін өзіміз егеміз, – дейді жас кәсіпкер Мұратай Мекенбай.
Иә, «Мекенбай» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігі осындай. Олардың орып жатқан арпасына қарасаң көз тоярлықтай. Болашақта осы қарқыннан бет алмаса аудандағы алға ұстар қожалықтың біріне айналатыны сөзсіз.
Ал қанша жұмыс, еңбекпен алқаптан жиналған өнім ең алдымен далада жел мен күннің астында кептірілген соң ғана қоймада сақталады. Әрине, мұның барлығы ұзақ процесс әрі қол еңбегін талап ететін жұмыс. Уақытпен санаспай еңбек өнімділігін арттырып отырған шаруашылық басшылары мен жұмысшылардың қажырлы еңбегіне тек мол табыс тілейміз!