Basty bet
Адалдық – адамдықтың өлшемі
Адамзат баласының тіршілігінде ежелден келе жатқан кәсіптің бірі – сауда. Оның нақты қай кезеңде бастау алғанын дөп басып айту қиын болғанымен, айырбас пен сауда-саттықтың адамзат өркениетімен бірге дамып келе жатқаны анық. Өйткені, бір адамның қолында бар дүние екінші біреуге қажет, ал, қоғамдағы осындай өзара қажеттілік сауда мәдениетінің қалыптасуына негіз болды.
Қазақ халқы кәсіп пен еңбекті, адал ризықты қашанда жоғары бағалаған. «Адал еңбек – ардың ісі», «Адал ас – ардың азығы» деген ұғымдар халық санасында бекерден-бекер қалыптасқан жоқ. Қандай кәсіппен айналысса да, әр ісін «Бісмілләмен» бастап, тапқан табысына шүкір етіп, еңбегіне береке тілеу – адам баласының рухани тазалығын танытатын қасиет.
Нарықтық қоғамға қадам басқан жылдардан бері елімізде сауда-саттық кең өріс алды. Бүгінде базарлар мен дүкендер ғана емес, түрлі қызмет көрсету орындары, шағын кәсіпкерлік нысандары халықтың тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Сауда – кәсіптің бір түрі, нәпақа табудың жолы. Алайда, оның берекесі де, абыройы да ең алдымен адалдыққа байланысты.
Кейде пайда табуды ғана көздеп, тауардың кемшілігін жасыру, сапасыз дүниені сапалы етіп көрсету, бағаны негізсіз көтеру, өлшем мен есептен жаңылу секілді келеңсіз әрекеттер де кездесіп жатады. Мұндайда бір сәттік пайдаға кенелгенімен, оның берекесі бола ма деген ой әркімді толғандыруы тиіс.
Сауда – тек тауарды сатып, ақша табу емес. Ол – адам мен адамның арасындағы сенім. Сатушы сатып алушыға адал болса, кәсіптің де ғұмыры ұзақ, абыройы биік болады. Ал, алдау мен қулыққа негізделген табыстың түбі өкінішке соқтыруы мүмкін.
Қазақ «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дейді. Бір рет алданған адам келесіде сол жерге бармауы мүмкін. Ал, адал кәсіпкер өз еңбегімен ғана емес, елдің сеніміне ие болуымен де ерекшеленеді. Сондықтан сауда жасаған әр азамат үшін тауардың сапасы, бағасының әділдігі, өлшемнің дұрыстығы, айтылған сөздің шындығы маңызды.
Ислам діні де адал еңбек пен әділ сауданы құптайды. Қасиетті Құранда өлшеу мен таразыдан жемеу, өзгенің ақысын жемеу жөнінде ескертулер айтылады. Бұл – бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтпаған қағида. Өйткені, әділеттілік уақыт пен заманға тәуелді емес.
Адам баласы қандай кәсіп иесі болса да, өзінің әр ісіне жауапкершілікпен қарауы керек. «Құдайға сенемін» деген жан сол сенімін тек сөзбен емес, ісімен де дәлелдегені абзал. Біреуге қиянат жасамау, өзгенің ақысын жемеу, адал еңбек ету – имандылықтың да, адамгершіліктің де көрінісі.
Саудадағы адалдық тек таразыдан басталмайды. Ол – жүректегі ниеттен, ықыластан, адамға деген құрметтен басталады. Кейде таразың түзу болғанымен, сөзің алдамшы болуы мүмкін. Кейде тауардың салмағы дұрыс болғанымен, оның кемшілігін жасырып қалуың ықтимал. Сондықтан адалдық – сыртқы өлшем ғана емес, адамның ішкі тазалығы мен ар-ұятының өлшемі.
Адал ризықпен өскен ұрпақтың тәрбиесі де берік болмақ. Өйткені, бала ата-анасының айтқанынан бұрын, оның ісіне қарап өседі. Әкесі мен анасының маңдай терімен, адал еңбегімен тапқан нәпақасын көрген бала да еңбекті қадірлеуге, біреудің ақысына қол сұқпауға тәрбиеленеді.
Адам өмірінде адалдықтың бағасы ешқашан төмендемейді. Саудада да, қызметте де, отбасында да, қоғамда да ең бастысы – таза ниет пен әділдік.
Бүгінгі таңда базар мен сауда орындарында кәсіп етіп жүрген әрбір азамат адал ризық табудың мәніне тереңірек үңілсе игі. Біреуді алдап, ақысын жеу арқылы табылған дүниенің берекесі болмайтынын ұмытпаған жөн.
Байлық та, дүние де мәңгілік емес. Ал, адамның артында қалатын ең үлкен мұрасы – оның адал аты, елге сіңірген еңбегі және ұрпағына қалдырған өнегесі.
Сондықтан ұрпағымызды адал еңбектің қадірін білуге тәрбиелейік. Тапқан нәпақамыздың адал болуына, жүрегіміздің таза, ниетіміздің түзу болуына мән берейік. Бір сәттік пайда үшін біреуге қиянат жасау түптің түбінде өкінішке соқтыруы мүмкін екенін естен шығармайық.
Адал еңбек – адамды өсіретін, адал кәсіп – елдің сенімін арттыратын, ал адал ұрпақ – қоғамның болашағын қалыптастыратын құндылық.
Ендеше, қай істе де әділдікті ту етіп, маңдай термен табылған нәпақаны қадірлей білейік.
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,
«Жуалы» көпшілік
мешітінің имамы.
Б.Момышұлы ауылы