Basty bet

Ауыл шаруашылығын жаңғырту – ел экономикасының тұрақты дамуына бастайтын жол

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ауыл тұрғындарының әл-ауқатына тікелей ықпал ететін стратегиялық бағыт. Сондықтан аграрлық секторды жаңғырту, өндіріс тиімділігін арттыру және шаруалардың әлеуетін қолдау – Мемлекет басшысы айқындаған экономикалық даму басымдықтарының қатарында.

Жолдауда көтерілген міндеттер ауыл шаруашылығын дәстүрлі өндіріс тәсілдерінен заманауи технологияларға негізделген, бәсекеге қабілетті салаға айналдырудың маңызын айқындайды. Әсіресе су ресурстарын тиімді пайдалану, егістік алқаптарының өнімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және қайта өңдеу саласын дамыту мәселелері өзекті.

Бұл бағыттар табиғи-климаттық жағдайы мен ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары Жуалы ауданы үшін де айрықша маңызды. Аудан экономикасында аграрлық саланың өзіндік орны бар. Жергілікті шаруалардың еңбегімен егін және мал шаруашылығы дамып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық тынысы қалыптасып келеді.

Ауыл шаруашылығындағы басты мәселелердің бірі – су ресурстарын тиімді пайдалану. Осыған байланысты ауданда суару жүйелерін жаңғырту және каналдардың өткізу мүмкіндігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда жалпы құны 774 миллион теңгені құрайтын үш каналдың құрылысы қолға алынған. Бұл жобалар егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз етуді жақсартуға, су шығынын азайтуға және шаруалардың өнім өндіру мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Сонымен қатар су инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, шаруашылықтарда су үнемдеу технологияларын енгізудің де маңызы зор. Өйткені бүгінгі аграрлық өндірістің тиімділігі тек жер көлемімен емес, қолда бар ресурсты қаншалықты ұтымды пайдалана алатынымен өлшенеді.

Жолдауда белгіленген міндеттер аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, өндірілген өнімнің қосылған құнын арттыру және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту де маңызды бағыт болып қала береді. Бұл ретте жергілікті кәсіпкерлер мен шаруашылықтардың кооперацияға бірігуі, заманауи техника мен технологияны игеруі саланың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығын дамыту – тек өнім көлемін арттыру емес. Бұл – ауылдағы жұмыс орындарын көбейту, тұрғындардың табысын тұрақтандыру, жастардың туған жерінде еңбек етуіне жағдай жасау деген сөз.

Сондықтан аграрлық саладағы әрбір жаңашылдық пен инфрақұрылымдық жоба елді мекендердің дамуына, аудан экономикасының нығаюына қызмет етеді. Жолдаудағы міндеттерді жүйелі жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығының әлеуетін толық пайдаланып, ауылдың экономикалық мүмкіндігін арттыруға жол ашылады.

Таңдаулы материалдар

Close