Basty bet

Жаңарған инфрақұрылым – жайлы өмірдің негізі

Ел дамуының басты өлшемдерінің бірі – халықтың өмір сүру сапасы. Ал тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту ең алдымен сапалы инфрақұрылыммен, қолжетімді қызметтермен және заманауи технологиялардың тиімді қолданылуымен тығыз байланысты.

Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы жаңғырту, цифрландыруды жеделдету, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне басымдық берілді. Бұл міндеттер елді мекендердің келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өміріндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

Осы тұрғыда Жуалы ауданында да халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ауданның елді мекендерінде ауыз сумен қамту, жол жөндеу, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Әсіресе ауыз су инфрақұрылымын дамыту – аудан үшін маңызды міндеттердің бірі. Аудандағы 49 елді мекенді толықтай сапалы ауыз сумен қамту бағытында жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Мәселен, Бақалы ауылында су жүйесінің құрылысы қолға алынып, ұзындығы 5,3 шақырым болатын желі тарту жобасы жүзеге асырылуда. Жоба ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымды жаңғырту тек ауыз сумен шектелмейді. Б.Момышұлы ауылында да тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – ауданның жоғарғы және төменгі бөлігін байланыстыратын Боранды өткеліндегі жаңа автокөлік туннелінің құрылысы. Ұзындығы 31 метр, биіктігі 5,3 метр болатын нысан көлік қатынасын жеңілдетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар елді мекендердің қоғамдық кеңістіктерін абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын орнату, жаяу жүргіншілер жолдарын салу жұмыстары да жалғасуда. Мұндай жобалар тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасап, ауылдың сәулеттік келбетін жақсартуға ықпал етеді.

Жолдауда ерекше мән берілген тағы бір бағыт – цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу. Бүгінде цифрлық шешімдер мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырудың, уақытты үнемдеудің және азаматтармен байланысты жеңілдетудің тиімді құралына айналды. Мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуі тұрғындарға көптеген қызметті қашықтан алуға мүмкіндік беріп отыр.

Бұл ретте цифрлық сауаттылықты арттыру, интернет желісінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтерді пайдалануда азаматтарға қолдау көрсету маңызды.

Ауданның инфрақұрылымын дамыту – бір күндік жұмыс емес, жүйелі жоспар мен нақты нәтижені талап ететін үдеріс. Әрбір салынған жол, тартылған су желісі, жаңартылған әлеуметтік нысан мен абаттандырылған қоғамдық орын тұрғындардың өміріне тікелей әсер етеді.

Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттерді жергілікті деңгейде іске асырудың негізгі мақсаты – тек құрылыс жүргізу емес, халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдету, ауылдардың әлеуетін арттыру және әрбір тұрғынға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.

Инфрақұрылымы дамыған, цифрлық мүмкіндіктері қолжетімді, тұрғындарына жайлы жағдай жасалған ауыл – ел дамуының нақты көрсеткіші.

Таңдаулы материалдар

Close