Basty bet
Өркен жайған өнегелі жанұя
Өнегелі отбасы – елдің ертеңі. Бабаларымыз айтқандай, «Ұл тәрбиелей отырып – жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып – ұлтты тәрбиелейміз» демекші, баланың алғаш тәрбие алатын орыны – отбасы екені белгілі. Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты болу үшін отбасындағы тәлім мен ата-ананың тәрбиесі аса маңызды.
Ата-ана – отбасының бас сәулетшісі. Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде олардың бойына жастайынан имандылық пен сауаттылық қасиеттерді сіңірсек, тәлім-тәрбие берсек, сонда ғана рухы еркін, Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз.
Бүгінгі біздің әңгімеміз бала тәрбиесіне де, жас ұрпақ пен оқушы тәрбиесіне де өзіндік үлес қосқан өңірге белгілі педагогтар, Боралдай ауылдық округіне қарасты Көлтоған ауылында тұратын көпке үлгілі жанұя – Байболовтар әулеті турасында болмақ.
Отағасы Мақсатбек Байболов ауылдық округке қарасты Ертай (бұрынғы Кеңес) ауылында дүниеге келген. Ол орта мектепті бітірген соң колхозда трактор жүргізіп, еңбек еткен. 1970 жылы Жамбыл педагогикалық институтын тамамдаған.
Мақсатбек Жүнісұлы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін алғашында Қызтоған ауылындағы Талдыбұлақ сегіз жылдық мектебіне еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Сондай-ақ, арасында әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеген. 1974 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанша Көлтоған ауылындағы №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және математика пәнінің мұғалімі болып жемісті еңбек етеді.
Ал, отбасының ұйытқысы болып, қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған отанасы Әлия Жақсыбекова Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының Жаңаталап ауылының тумасы. Ол Алматы қаласындағы ҚазМУ-дың филология мамандығымен бітірген.
Байболовтар әулетіне 1973 жылы келін болып түскен ол ата-ененің тәрбиесін көреді. Әлия Жақсыбекованың сөзінше, атасы өте қатал, тәртіпті талап етіп отыратын, ақылды әрі шыншыл адам болған. Ал, енесі келінін жастайынан еңбекке баулып, үй шаруасының жұмыстарына және қонақ келгенде жылы жүзбен қарсы алуға үйреткен.
Әлия апай 1972 жылы ауылдағы №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектепке қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Жұмыс істей жүріп үй шаруасына да, мектептің жұмысына да үлгеріп, отбасында ерінің қас-қабағына қараумен бірге, бала тәрбиесіне де жете көңіл бөледі.
Екеуінен тараған ұл-қыздарының барлығы бүгінде жоғары білімді азаматтар. Барлығы үйлі-жайлы, олардан 34 немере, 7 шөбере сүйіп отыр.
– Үйдегі балалардың тәрбиесіне де, мектептегі оқушылардың тәрбиесіне де бірдей қарадым. Оларға қатал болатын жерде қатал, жұмсақ болатын жерде жұмсақ мінез таныттым. Жалпы бала тәрбиесіне атүсті қарамаған жөн. Билік басында жүрген азаматтарды да ұстаз тәрбиелегенін ұмытпауымыз керек. Тәртіптің ұядан басталатыны секілді, біз мектепте әртүрлі тәрбие көрген, мінездері әртүрлі балаларға сабақ береміз. Мұндай кезде, мұғалімдер психологтың оқуын оқымай-ақ, бала жанын ұғатын психологтың қызметін атқара алады. Бір бала ерекше мейірімді қажет етсе, енді бірі қатал тәртіпті қажет етеді.
Кейіпкеріміз, ұлағатты отбасының басиесі Мақсатбек Байболов Жуалы ауданының Құрметті азаматы. Қазіргі таңда ардагер ұстаз, Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы болып ауыл-аймақтың қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген жанның бірі. Мақсатбек Байболовтың жетекшілігімен 2004 жылы «Қуантай» шаруа қожалығы құрылып, қазіргі таңда ұлы Қуантай екеуі жұмысты жүргізуде.
Ал, отанасының мұғалім екенін біз бір көргеннен-ақ ұғындық. Өзінің 35 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнаған және еңбек жолын көпке үлгі ете білген ол 2007 жылы зейнеткерлікке шыққан.
– Мен мүлде дауыс көтеріп ұрса алмайтын адаммын. Өз жұмысымды сүйіп істегеннен кейін бе, әйтеуір мектепте оқушыларға да, үйдегі балаларыма да қатты зекіп, ұрсып көрген емеспін. Ауылдық жерде өскен бала қашанда ұяң болады емес пе?! Балаларды жиі мақтап, сабақта ортаға шығарып, арнайы тақырып беріп, жеке-жеке өз ойларын білдіруді, айтқысы келген ойын анық жеткізуге, емін-еркін пікір алмасуға үйреттім. Менің түсінігімде, балаларды жиі мақтау керек. Сонда балалардың өзіне деген сенімділігі мен ақыл-парасаты артып, ойлау қабілеті де анағұрлым дами түседі. Мұғалім – жан-жақты ізденімпаз әрі өте білімді болуға тиісті.
Орыс жазушысы Антон Чехов «Адамда барлығы жақсы болуы керек» деген екен. Яғни, мұғалім бастан-аяқ киген киімін таза әрі ұқыптап киіп, жүріс-тұрысын жіті қадағалап отырғаны жөн. Сонымен қатар, білімін ылғи да жетілдіріп отыру үшін жиі кітаптар оқығаны дұрыс. Сонда оқушы алдында да, ата-ана алдында да мәртебеңді жоғалтып алмайсың. Көпке сыйлы, құрметті адам болуың да ғажап емес, – дейді ұлағатты ұстаз Әлия Жақсыбекова.
–Қазіргі таңда ұлым Қуантай мен келінім Ұлбосын ауылдағы қара шаңырақта бізбен бірге тұрады. Олардың бес ұл-қызы бар. Ұлымның өз алдына шаруашылық кәсібі болса, келінім ауыл мектебінде мұғалім. Келінім өте тәрбиелі, көреген жан. Аллаға шүкір, осындай келінді бізге бергеніне. Биыл келіннің біздің шаңыраққа түскеніне 14 жыл толады. Бір бірімізбен сыйласып келеміз. Келініме арнап «Ұлбосыным – бақ келінім!» деген өлең жаздым.
Мейірімге зәрулеу шақта мына,
Жанұяңның айналдың мақтанына.
Кейде екеуміз шәй ішіп отырамыз,
Әңгіме айтып, жүректен ақтарыла.
Ақыл-ойың жетеді парасатың.
Әдетің жоқ орынсыз жақ ашатын.
Бойыңда тазалық бар жас баладай,
Аңғалдығың бар кейде жарасатын…
Ене мен келін арасындағы сыйластық бірін-бірін терең түсіне білу – үлкен жетістік, баға жетпес бақыт дер едім. Жас күнімнен өлең жазу – менің сүйікті хоббиім. Қоғамда болып жатқан ахуал, адамдар арасындағы мейірімділік пен қатыгездік, адалдық пен жағымпаздық, табиғаттың ғажайып суреттері, туған жерге деген ыстық сезім өлең болып, өріліп, жанымды тебірентетін сәттер аз болған емес. Өлеңдерімдегі басты тақырып – Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік, еліміздің Тәуелсіздігі. «Өмірімді өрнектедім өлеңмен!» атты жыр жинағымды әзірлеп, жақында баспадан шығарсам деген ниетім бар,- дейді Әлия апай өз ойымен бөлісіп.
Өнегелі отбасы, ұлағатты жандар Мақсатбек пен Әлия Байболовтардың отандасқандарына 52 жыл толып отыр. Әлия Жақсыбекова зейнет жасында болса да, үйде құр қарап отырмай, тәтті-дәмді тоқаштар, бәліш әзірлеп, немерелерін қуантуды әдетке айналдырған. Сонымен қатар, қолы қалт еткенде газет беттеріне шолу жасап, кітап оқып, өлең жазғанды жаны сүйеді. Бұл отбасының ендігі арманы – ұл-қыздарынан тараған ұрпақтарының амандығы мен биік шыңдарды бағындырғанын көру.
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»