Basty bet

Баукеңнің ерлігі дәріптелді

Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінде аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы жерлесіміз Бауыржан Момышұлының ерлігін жас ұрпақ арасында насихаттауға арналған «Ерлік даңқы – мәңгілік» атты әскери-патриоттық кездесу өтті.

Шараға Қазақстанның құрметті журналисі, Бауыржан Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұл, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Айбек Таутен, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов және Б.Момышұлы атындағы орта мектеп пен А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің оқушылары қатысты.
Кездесу қонағы Бекет Момынқұлға жақында ғана Мәскеудегі Подольск архивінде «Өте құпия» деген грифпен сақталған Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлына қатысты бірқатар құжаттар тапсырылды, сонымен бірге осы мұрағатқа кіріп, зерттеу жұмыстарын жасауға рұқсат берілген болатын.
Ардагер журналист Бауыржан Момышұлының өмірі мен әскери-әдеби саладағы өлшеусіз қызметі, ерлігі, ұлтжандылығы, қазақ тіліне, тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне деген жанашырлығы, шыншылдығы, көріпкелдігі туралы әңгімеледі.
Жақында ғана қол жеткізген тарихи құжаттарды жастарға көрсетіп, ондағы деректермен бөлісті. Құжаттар Баукеңнің өз қолымен өте сауатты, көркем толтырылған.
-Мен үшін ең құндысы Мәскеудегі Подольск архивіне барып, жұмыс істеуге берілген рұқсат. Алдағы уақытта Баукеңе қатысты тың дүниелер табылады деп ойлаймын.
Баукең күндіз қырғын соғыста болса, түнде окопта жатып мақала жазды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы жазған мақаласы солай дүниеге келген. Батырдың ондағы ойы, мақсаты – өзінің қай кезде оққа ұшары белгісіз, сондықтан ойын халыққа, жастарға жеткізу.
Баукеңнің соғыс психологиясы, тактикасы туралы еңбегі – құнды дүние. Оның бүкіл бір дивизияның тағдырын шешкен іс-әрекеттері көп тілде аударылып, көптеген мемлекеттерде әскерде жастарға үйретіледі. Кезінде Баукеңді лекция оқу үшін Кубаға да шақырған.
Баукеңнің кісі бас иетін қасиеттері өте көп. Егер қазір де сондай шыншыл, рухани таза, рухты азаматтар көп болса, қоғамымыз түрлі келеңсіздіктерден тазарар еді.
Баукеңді қазақ халқы алақанына салып, биікке көтерді. Бірақ, биліктен жақсылық көрген жоқ. Әрине, барлығы емес. Бірақ, аяғынан шалып, көре алмай, қызғанып, қиянат жасағандар көп болды. Қаншама рет түрлі жоғары атаққа ұсынылса да, сондай адамдардың кесірінен лайықты атағын көзі тірісінде ала алмады.
Баукең бүкіл қазақтың шежіресін жақсы білетін,- деді Бекет Момынқұл.
Ардагер журналист оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Баукеңнің отбасы, балаға деген ерекше ықыласы, махаббаты туралы да айта келіп, жастарды кітап оқуға шақырды.
Б.Момышұлы атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Нұрлан Халықов 2010 жылы Баукеңнің 100 жылдығына орай өткен республикалық конференциядағы маңызды сәттер туралы айта келіп, тарихқа тағзым ету, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру – парызымыз екені жайлы айтып, Бекет Момынқұлға әсерлі, құнды әңгімелері үшін жастардың атынан алғысын білдірді.
Сөз кезегін алған Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Айбек Таутен жастарды уақыттың, ұлттық құндылықтарымыздың қадірін білуге, құрметтеуге шақырды.
-Елдің болашағы – жастардың қолында. Еліміздің мәртебесін биіктетіп, абыройын асқақтату үшін бірінші бізге білім керек. Ал, артық білім – кітапта.
Бүгін мектеп қабырғасындағы оқушысыздар. Ертең жан-жаққа оқуға түсесіздер. Ұстаздарыңыз, замандастарыңызға мен Жуалыдан келдім дегенде сіздерден Баукең, Шерағаң жайлы міндетті түрде сұрайды. Сіздер сонда ерекше мақтанышпен айтып беру үшін ол кісілердің еңбектерін оқуларыңыз керек,- деді Айбек Қанатұлы.
Жас ақын М.Ломоносов атындағы ОМ оқушысы Санжар Даярбек Бауыржан Момыұлына арнау өлеңін оқыды.
Бұдан соң кездесу қонақтары жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде қосқан елеулі еңбектері үшін Б.Момышұлы атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Нұрлан Халықов пен №16 Жуалы колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Айдар Болбырақовты аудан әкімдігінің Алғысхатымен марапаттады.
Кездесу аяқталған соң қонақтар мен оқушылар «Момыш бұлағына» барып, ағаш отырғызу рәсімін жасады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close