Basty bet
«БІР КЕМ ДҮНИЕ-АЙ» дегізбеcіне сенімім зор
Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаұлы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Талапты ауылында дүниеге келіп, осы топырақтың жемісін жеп, суын ішкен жазушы. Кішкентайынан кіндік қаны тамған жерде өсіп, ауылдың дәстүр-салтын игеріп, білімді осы жерде алған.
Шераға жастайынан білімге өте құштар, мектеп қабырғасында жүргенде қазақтың белгілі танымал тарихшы және әдебиет саласын игерген тұлға жазушылардың кітаптарын іздеп жүріп оқитын. Осындай білім алған ол анасының рұқсатымен одақтың астанасы Мәскеу қаласына оқуға аттанады. Қазақстанның әр жерінен барған жастармен араласып, Мәскеудің ең жоғары университетінің журналистика факультетіне құжат өткізеді. Көп ұзамай емтиханын ойдағыдай тапсырып, университетке түстім деген қуанышты хабармен ауылда қалған жалғыз анасына жедел хат жолдайды. Жедел хат қолына тиген анасы көршілеріне ағайын-туыстарына сүйіншілеп, ұлы Шерханның қуанышын толықтай жеткізеді. Міне, сол күннен бастап Шераға университетті жақсы аяқтап, одан әрі Әдебиет институтына түсіп ойға алған арманын орындайды. Шераға жоғары оқу орнында оқып жүріп орыстың ұлы жазушыларының, Батыс және Шығыс Еуропа елдеріне танымал әдебиетшілерінің еңбектерінен сусындап, толымды, мағыналы білім алады. Бұл білім Шерағаның келешегіне кемел рухани азық етеді. Жан-жақты біліммен қаруланған Шераға Қазақстанға келіп, анасының талай жыл сақтаған ірімшік-құртын қолдан піскен сары майға батырып жеп отырып бүкіл балалық балғын шағын, әкесінен ерте айырылған кездерін еске алады.
Анасының қартайған жүзіне қарап отыр:
– Анашым, қартайып кетіпсіз ғой, мені ойлап шаршадыңыз ба? – дейді.
– Жоқ, жаным, мен шаршаған емеспін. Сен тірі жүріп, аман болсаң мен шаттанып отырамын.
– Апа, мен қызметке тұрамын. Барған жерден үй аламыз, менімен бірге тұруға қалайсың?
– Айтып отырған ойыңды түсіндім, балам. Мына қара шаңырақты тастап еш жаққа кете алмаймын. Бұл – әкеңнің аманаты. Олай-бұлай болсам, осы топыраққа мені қоярсың.
Шераға анасынан рұқсат алып, Қарағанды қаласына жүріп кетеді. Қарағанды қаласында біраз жыл «Лениншіл жас» газетінде тілші қызметін атқарады. Одан кейін Қазақстанның бас газеті «Социалистік Қазақстан» газетіне шақырылады.
Мен Шерағамен 1960 жылдың шілде айында Қызылорда облысы Арал ауданында шығатын «Социалистік Арал» аудандық газетінде кіші қызметкер болып жүргенімде таныстым. Шераға аудандағы ең үлкен балық аулау аймағы болып есептелетін Бөгендегі МРС бас директоры Уайыс Қосымов жайлы мақала жазуға келген екен. Катермен теңіз үстімен жүретін болып, газет редакторынан сұрап, мені қасына ертті. Бөгенде ол кезде он шақты ұлттың өкілі тұрады, мәдениеті жоғары ауыл. Шераға бас директормен бетпе-бет жолығып, алты-жеті сағат сұхбаттасты. Қосымов аға Одақтың ақсақалы болған Калининнен шақырту алған балықшы. Кезінде омырауына алтын медаль таққан екен. Ауданға келгеннен кейін Уайыс ағаны аудан басшысы Аманөткел колхозына төраға етіп сайлайды. Одан әрі Райым колхозына басшылыққа жібереді. Барлық қызметті жоғары дәрежеде атқарған Қосымов Моторлы балық аулау станциясының бас директоры қызметіне жоғарылатады. Шераға осы деректерді толық келтіре көлемді эсселік мақала жазған еді. Сол жылдан бастап Шерағаның адамға, әсіресе әріптестеріне қамқорлығы, жанашырлығы, мейірімділігі зор екендігін анық көргендей болдым. Бүгінде тірі болса 90 жасқа толар еді.
Мен 1971 жылы шағын «Майпалау» деген тақырыппен балаларға арналған ертегі жазып, Шерағаның мекенжайына салып жіберген едім. Ол кісі «Жалын» жастар альманағын басқаратын еді. Сол ертегінің тақырыбын «Ақ күріш туралы аңыз» деп өзгертіп, 1972 жылы (редакторы М.Гумеров) «Жазушы» баспасынан 50 мың таралыммен шығарып берді. Бұл менің өмірімдегі қуанышты сәттің бірегейі еді. Міне, сол жылдардан бері қалыптасқан аға-інілік қатынастан айырылған емеспіз.
Шераға «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болып келген кезде газеттің белді қызметтеріне Атыраудан ақын Фариза Оңғарсынованы, Қарағандыдан Ақселеу Сейдімбекті, Шығыстан Оралхан Бөкейді, Оңтүстік Қазақстан облысынан тракторшы болып жұмыс істеген Мұхтар Шахановты шақырады.
Газеттің мазмұны жақсарып, таралымы 250 мыңға дейін көбейсе, ал республикалық «Жұлдыз» журналына редактор болған кезде оның таралымы 400 мың данадан асып кетеді. 1992-1994 жылы телерадиокомпаниясының төрағасы қызметін атқарды. Сол уақыттың өзінде бір күнде 80-нен астам пәтер алып, қызметкерлеріне бөліп берген деген әңгіме тарап, Шерағаның сөзіне тұратындығы, қайсарлығы ерекше мақталған еді.
Шер-ағаның шекпенінен шыққан талай қаламы жүйрік азаматтар, жазушылар көп болды. Солардың бірі – бүгінгі республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қалалық мәслихатының құрметті депутаты, эстет жазушы Қали Сәрсенбай Шераға жөнінде көптеген мақалалар, эсселер жазды. 2018 жылы Шераға өмірден озғанда «Шындық кетті» деп шырылдаған осы Қали еді. Бүгінгі күнге дейін Шераға жайлы ол кісінің келешек ұрпаққа, бүгінгі жас буын журналистерге үлгі етерлік тәрбиелік мәні зор айтқан сөздерін нақпа-нақ жеткізіп, рухани жағынан нәр алуға бағыттап келеді.
Бүгінгі күні Шерхан Мұртазаның жас кезінде көрген бейнеті мен лауазымды қызметтер атқарған кездеріндегі шуақты күндерін тоқсанға толған мерейлі мерекесіне кең көлемде атап өту жолында Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері іс-шаралар дайындап жатқан көрінеді.
«Ай мен Айша», Тұрар Рысқұлов туралы жазылған «Қызыл жебе» романдары, соғыс жылдарында жесір және жетім қалған келіншектердің өмірінен жазылған «41-жылғы келіншек» атты повесін және басқа көптеген кітаптар қалдырған, қаламы жүйрік жазушының еңбектерін мейлінше жоғары дәрежеде атап өткен жөн.
Соңғы жылдарда ол кісі көп ауырды. Осы науқасынан айықпасын сезді ме, ол кісі Жуалы ауданындағы кіндік қаны тамған ауылы Талаптыға жиі ат басын бұрды. Талапты ауылында тұрған кезде аудан басшылығы көшелерін түгелдей асфальттап, абаттандыруға көңіл бөлді. Ауылды түгелдей түнгі жарық шаммен қамтамасыз етті. Тал егіліп, көріктендірілді. Ауылдың мәдениеті, тазалығы жоғары дәрежеде жүргізілді. Ауылға табиғи газ, су жеткізіліп, халқының көңілінен шықты. Бұл тұлғаның халыққа тигізген шарапаты еді. Қазіргі кезде осы ауылдың тұрғындары дән риза.
Шераға Алматы шаһарында көп жыл тұрды, қызмет етті. Жазамын деген дүниесін жазды. Екі мәрте Жоғарғы Кеңеске және Мәжіліске депутат болып сайланды. Осындай еңбектерін бағалай келе халыққа зор рухани азық сыйлаған, «Тура биде туған жоқ» дейтін Шерағаның турашылдығын, шындықты шыжғырып бетіне айта білетіндігін ескеріп, бұл кісіге Қазақстанның Еңбек Ері атағын берсе деген ұсыныс айтқымыз келеді.
Меніңше, бұл көптің де тілеуі. Тиісті орындар осы ұсынысымызды ескеріп, «Бір кем дүние-ай» дегізбесіне сенімім зор.
Киікбай ІЗЕТҰЛЫ,
“Ана тілі” газеті, 28 шілде, 2022 жыл