Basty bet
Соғыс пен еңбек майданында қатар шыңдалған
Соғыстан кейін ел еңсесін тіктеуге аянбай еңбек еткен майдангер Әмір Кенжешұлының өмірінен бір үзік сыр
Иә, осыдан 77 жыл бұрын Кеңестер Одағы әскерлерінің жеңісімен аяқталған Ұлы Отан соғысының тарих беттеріндегі айғыз-айғыз қаралы беттері аға ұрпақтың жадынан әлі өше қойған жоқ. Оны ұмыту әсте мүмкін де емес шығар. Себебі, даңқы қолбасшы Бауыржан Момышұлының өз сөзімен айтқанда, соғыс зардабын тартпаған біздің елде бірде-бір семья жоқ.
Фашистермен болған соғыста майдан даласындағы кескілескен шайқастарға сол тұста барлық үйден қару ұстауға жарайтын еркек кіндікті азаматтардың аттанғаны белгілі. Әрине, Отан үшін, ел мен жер үшін, келер жас ұрпақтың болашағы үшін болған соғыстағы Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Сол сұрапыл соғыста қаншама боздақтарымыздан айрылдық. Сол қиын-қыстау жылдары туған балалардың көбісі бірі атасынан, бірі әкесінен, енді бірі аға-бауырынан айырылды. Кейбірі қан майдандағы жаңбырша жауған от пен оқтан аман қалғандары қол-аяғын сонда қалдырып, елге мүгедек болып оралды. Соғыстан жарадар болып оралған азаматтар «мен мүгедекпін» деп қарап жатқан жоқ. Олар соғыс кезіндегі елдің езілген еңсесін тіктеуге, тұрмысты түзеуге аянбай атсалысты. Әлбетте, майдан даласынан белуардан қан кешіп, Отанды жаудан қорғап келген аталарымыздың ерлік істерін ұмытуымызға болмайды.
Қан майданнан жаралы болып оралған жуалылық майдангерлердің қатарында Әмір Кенжешұлы да бар еді… Ол кісі көзі тірісінде соғыс туралы көп әңгіме айта бермейтін. Мүмкін адамзаттың тарихында сұрапыл соғыс ретінде қалған сол бір қанды қасап оқиғаны есіне түсіргісі келмеген шығар, бәлкім. Көңіл түкпірінде соғыс салған жазылмас жараның орны тіршілікте жазылмасы анық.
Ұлы Отан соғысының және еңбек майданының ардагері Әмір Кенжешұлы 1922 жылы Күреңбел ауылындағы «Комправда» колхозында (бұрынғы Самсоновка селосы) туған. 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста Әмір он тоғыздағы бозбала еді. Сол жылы өзі құралыптас жігіттермен бірге соғысқа аттанып кете барды. Алғаш рет соғысқа әзірліктен өтіп, 1942 жылы 10 қаңтарда 1192 атқыштар полкінде әскери ант қабылдап, кіші сержант шенінде 45 мм қару-жарақ батареясының командирі болды. Бір жылдай Калинин майданында соғысады. 1943 жылы аяғынан жараланып, елге қайтарылады.
Реті келіп тұрғанда соғыстың зардабы туралы даңқты қолбасшы, Ұлы Отан соғысының қаһарманы, қазақтың аймаңдай перзенті Бауыржан Момышұлының мына сөзіне бір сәт құлақ түрейікші.
«Біз майданда болдық. Белуардан қан кештік. Тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн, түн демей еңбек етіп, жеңіс үшін тер төктік. Осының бәрін біз тарих алдында, Отан алдында, адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды өтеу үшін істедік. Сөйтіп оны абыроймен ақтадық. Бұл жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары аз емес. Қол-аяғын беріп, мүгедек болып қайтқан ерлеріміз де аз емес»,- дейді Батыр Баукең күндей күркіреп.
Енді ғана есейіп келе жатқан жас жігіт, бір әулеттің үкілі үміті Әмір 1943 жылы бір аяғын майдан даласында қалдырып, ауылға қайтады. Бірақ сүйекке біткен қайсар мінезі оны жасыта алған жоқ. Сұрапыл соғыс жылдарындағы қиын-қыстау кезеңнің өзі де оны жігерлендіре түскені анық.
Содан ол елге келе салысымен еңбек майданына араласып кете барады. Ол кездің қиыншылығы өз алдына. Тылда қалғандардың барлығы «Жеңіс үшін!» деген ұранмен аянбай еңбек етіп жатты. Әмір де «Комправда», кейіннен атауы өзгеріп, «Чапаев» атындағы колхоз болып құрылған ұжымшарда күзетші, есептеуіш маман (счетчик) болып жұмыс істейді. Ауыл әйелдерін ұйымдастырып, егістік алқаптың басына жұмысқа алып шығып, оларға өзі бас-көз болатын. Міне, тылда еңбек еткен ата-апаларымыз ел еңсесін тіктеуге еңбек етіп, майданға да көмектесіп отырды. Жеңісті жақындатуға тыл еңбеккерлерінің қосқан үлестері орасан. Оларға тиісінше, жас ұрпақтың да сый-құрметі ерекше болуға тиісті.
Әмір Кенжешұлы 1944 жылы түлкібастық Ұлташ есімді бойжеткенмен шаңырақ көтеріп, екеуі алты ұлы, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір балалары Алматы облысында және облыс аудандарында тұрады. Өз алдарына отбасын құрып, елдің дамуына атсалысып жүріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл отбасынан тараған ұрпақтар бүгінде қара орманға айналып отыр. Әмір мен Ұлташ қариялардың отын өшірмей, түтінін түзу ұшырып отырғандар да осы ұрпақтары.
Қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Әмір ақсақалдың Күреңбел ауылындағы өзі тұрып, ұрпақ өрбіткен қасиетті қара шаңырағына кенже ұлы Бейбіт пен келіні Гүлнар иелік етіп отырған жайы бар. Бейбіт Әмірұлының өзі Бекжан, Нүрила есімді бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бекжан алғашқы еңбек жолын аудандық полиция бөлімінде бастап, қазіргі таңда құқық қорғау саласындағы қызметін облыстың орталығы Тараз қаласында жалғастырып жатыр. Қызы Нүрила С.Асфендияров атындағы медициналық университетті бітіріп, қазіргі таңда Алматы қаласында өз мамандығымен жұмыс жасауда. Резидентураны да оқып жатыр.
Әмір Кенжешұлы соғыста және еңбек майданындағы ерліктері мен қажырлы еңбегі үшін бірқатар медальдармен марапатталған. «Ерлігі үшін» медалі, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалі, сонымен қатар, «Еңбек ардагері» (1978 жылы) және бірқатар мерекелік медальдарды иеленген. Соғыс пен еңбек майданында әбден шыңдалып, өмірдің сынынан сүрінбей өткен азамат Әмір Кенжешұлы 1997 жылы 75 жасында дүниеден озады. Ал асыл жары Ұлташ әжей 2014 жылы 87 жасында өмірден өтті.
Бір сөзбен айтқанда, Әмір Кенжешұлының еңбек майданындағы ерлікке бергісіз өнегелі ғұмыры, қазақ азаматына тән қайсар, бірбеткей мінезі мен жарқын бейнесі ұрпақтарының жадынан өшпек емес. «Орнында бар – оңалар» демекші, ата-ананың орнын басқан ұлағатты ұрпақтарының өсіп-өнуі аталарының өмір бойғы еңбектері мен өмірлік тәжірибелерінің жемісі деуге әбден болады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»