Basty bet

Татулық пен дәстүр дәріптелген күн

Алғашқы күнінен-ақ бірлік пен берекеге бастайтын бұл айдың барша адамзат үшін асқақ абыройы бар. Әсіресе, қазақстандықтар үшін мамыр айының бірінші күні жай ғана мереке емес, бұл елдегі ең маңызды құндылықтар – этносаралық достықты, бірлік пен ынтымақтастықты дәріптейтін күн.

1 мамырда әркім өз ана тілінде сөйлеп, ұлттық киімін киіп, ұлттық тамағын әзірлейді. Солай бола тұра, тұтас алғанда, барлығы бір елді құрап, ашық аспан астында тілі басқа болғанымен – тілегі бір, жүзі басқа болғанымен – жүрегі бір ұлттар жыл сайын атаулы мерекені жоғары деңгейде атап өтеді.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінің алаңында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бір шаңырақ астында бірлігіміз жарасқан» атты мерекелік іс-шара өтті. Бұл күні аудан тұрғындары мен қонақтары татулық пен бірліктің нышанына айналған айтулы мерекені бірге тойлап, шат-шадыман күйге бөленді. Оған «Достық» мәдениет үйінің ұлттық аспаптар оркестрі қатысып, шараны Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашып, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Орталық алаңдағы мерекелік шара өтетін орынға домбырашылардың жайғасуы күй тартпай тұрып-ақ, керемет сұлу көрініс тудырғандай.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қатысып, көпшілік қауымды бірлік күні мерекесімен құттықтады.
– Құрметті жуалылықтар! Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын! Бұл күн әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясынның құрылғанына мерейлі 30 жыл толып отыр. Ассамблея көптеген ұлттың бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүрудің тұрақтылығын сақтаумен ел дамуының маңызды құралына айналды. Бүгінде республиканың, оның ішінде ауданда этностардың мәдениеттері, тілдері және дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Ауданда 11 этностың басын біріктірген 4 этномәдени бірлестік өкілдері «Бірлігіміз әр алуандықта» қағидатын ұстана отырып, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының бүгінгідей еңселі елге, іргелі мемлекетке айналуына елеулі үлес қосуда.
Қадірменді жерлестер! Баршаңызды мерекемен тағы да құттықтай отыра, зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін. Бір шаңырақ астындағы халықтың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, бірлік мәңгі жасай берсін,- деді Анар Садыққызы құттықтауында.
Сонымен қатар, айтулы күнде өңірдегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтуға сүбелі үлес қосқаны үшін аудандық әзірбайжан этномәдени орталығының мүшесі Қалдыбай Байрамов, өзбек этномәдени орталығының төрағасы Зубайда Мажитова, әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы Эсмира Мамедова және шешен этномәдени орталығының төрағасы Лечи Оздамиров «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Бұл марапат аудан жұртшылығының ынтымағы мен бірлігінің, ұлттар арасындағы татулықтың айқын көрінісі іспеттес.
Мерекелік шара әрмен қарай аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Әуезді ән мен мың бұралған би көрерменнің көңілінен шығып, ерекше әсер сыйлағаны анық. Соның ішінде М.Жұмабаев атындағы орта мектептің оқушыларынан құралған үштіктің орындауындағы «Отаным» әні қонақтарды ерекше тебірентсе, шешен этномәдени орталығының ұжымы ұлттық биімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Қызуқанды жігіттер мен назды қыздар әуенге ілесіп, асқан ептілік пен зор күш-қайраттың, шеберліктің үлгісін көрсете білгенін айта кетпеске болмас. Ұлтының қадір-қасиеті мен төл өнерін ұлықтаған өнерпаздарға көрермендердің көрсеткен зор қошеметі осының дәлелі. Онымен қоса, мерекелік шарада этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық киімдерін киіп, қонақтарға өз халқының ұлттық тұрмыстық бұйымдарын және зергерлік әшекейлерін ұсынған арнайы көрме ұйымдастырылды.
Айта кетейік, мерекелік шаралар таңертеңгілік «Бірлік жүгірісі» атты марафонмен бастау алған болатын. «Бірлік жүгірісі – 2025» республикалық марафоны елдің барлық өңірінде бір мезетте өткен еді. Әрбір елді мекенде тұрғындар қашықтыққа шығып, өздерінің ынтымақтастығын білдіріп, саламатты өмір салтын қолдап, қазақстандық қоғамның ауызбіршілігін көрсетті.
Бұл марафон аясында аудан тұрғындары да қалыс қалған жоқ. Марафонға 100-ге жуық адам қатысқан бұл спорттық бастама – бірлік идеясының тек мәдени құндылық емес, өмір салты екенін айқындай түсті. Саламатты өмір салтын берік ұстануға үндейтін марафонда қатысушылар аянып қалмады. Мәреге дейін табандылық танытып, сүрінбей жеткен қатысушылар арнайы Диплом және медальдармен марапатталды. Кең көлемде ұйымдастырылған бұл шара шын мәнінде өңірлік спорт мерекесіне айналғаны анық.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close