Basty bet

Талапты бала талпынған құстай

Әрбір бала – өзіндік ерекшелігі бар жеке тұлға. Тек оны тани білу, таныта білу ұстаз бен ата-ананың қолында. Баланың дамуы, оның өнерге болмаса, басқа дүниеге бейімдігі, қызығушылығы балабақшадан басталатыны даусыз. Өйткені балабақшада жүріп олар алғаш қолдарына қалам ұстайды. Сол жерде қызығушылықтары оянады. Бұлай деуіміздің себебі, бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Әди мен Әдияның бойындағы таланты дәл осы балабақшадан бастау алған.
Олар балабақшада жүріп, бірі сурет салуға қызықса, бірі шахмат ойыншықтарын ешкімге бермей ойнайтын болған.
Әди мен Әдия Жаңаталап ауылында 2010 жылы дүниеге келген. 2015 жылы Жаңаталап орта мектебінің табалдырығын аттайды. Қазіргі таңда олар үлгерімі мен тәртібі жақсы оқушылардың қатарында. Олар сабағымен қоса, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Әди Мелісұлы сурет салуға қызықса, сыңары Әдия шахматпен айналысады. Екеуінің де өнерге деген қызығушылықтары үш-төрт жастарынан басталған.
Бейнелеу өнерімен шұғылдану арқылы балалардың шығармашылық қабілеттері, көркемдік және эстетикалық талғамдары, байқағыштық, қабылдау, қиялдау сияқты қасиеттері қалыптасады. Балалар сурет салу, мүсіндеу, қолөнермен шұғылдану барысында өзін қоршаған орта, табиғат сұлулығы, оның құбылыстары туралы білімдерін арттырады, бейнелеу өнерін игеруге қызығады. Осындай таланты, өнерлі оқушы Әдидің суретке қызығушылығын байқаған ұстазы Заттыбек Ибраимов оны алғаш сурет байқауына қатыстырып, жүлделі орындардан көріне бастайды. Уақыт өте мектеп, аудан, облыстық көлемінде жарыстарға қатысады.
– Алғашында балабақшада жүргенде сурет салуға қызығатынмын. Анам менің суретке деген қызығушылығымды байқап, үйде мені өзі сурет салуға дайындайтын. Ол жұмысынан әр түрлі туындыларды шығарып әкеліп маған осыларға қарап сурет салып үйрен дейтін. Солай менің қолым жаттыға бастады. Оқушы болған соң мектептегі сурет үйірмесіне алып барды. Сурет үйірмесінде Заттыбек ағайдан сурет салудың қыр-сырын үйрендім. Ол кісі менің суретке деген қызығушылығымды жан-жақты дамытты. Мен үйде көптеген сурет салып, мектептегі сыныптастарыма көрсетіп, олар маған өз ойларын, бағасын беретін. Сыныптастарым маған үнемі мотивация беріп отырады. Өз шеберлігімді тезірек жетілдіруді мақсат етіп қойып, сурет салуға көп уақыт жұмсаймын. Суреттерде көбінесе табиғатты, өзімнің жаныма жақын нәрселерді суреттеймін. Одан бөлек, ағаштан қолөнер жасаймын. Өткен жылы облыстық конкурсқа қатысып, 102 мектептің арасында II орын иелендім. Болашақта ІТ маманы болсам деймін, – дейді Әди Мелісұлы.
Ал сыңары Әдия Мелісқызы бала кезінен шахматқа қатты қызығады. Мектепте алғаш шахмат үйірмесін Дәурен Әбдімомынов ашады. Сол кезде кішкентай Әдияның қуанышында шек болмайды. Үйірме ашылғаннан қалмай қатысып, жарыстарға барып жүлделі орындардан көрінген. Айта кететін болсақ 2023 жылы облыстық шахматтан жарысқа қатысып, республикалық чемпионатқа жолдама ұтып алды. Ол жаққа Жамбыл облысынан атынан қатысып, дипломмен марапатталды. Одан бөлек Әдия Жамбыл облысының кубогында III орын, I орын алды, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен өткізілген шахматтан 2-11 сынып оқушылары арасындағы Олимпиадаға белсене қатысқаны үшін Грамотамен марапатталды. Осындай талантын аша білген жетекші ұстазы Дәурен Әбдімомынов.
Біз талантты ағайынды оқушылар жайлы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мадина Нохаевамен әңгімелескен болатынбыз.
-Жас талантты, ағайынды оқушылар жан-жақты десем де артық айтпағаным. Екеуінің сабақ үлгерімі, тәртібі де жақсы. Мектепте өтетін іс-шараларға белсене атсалысады. Екеуі көп балалы отбасынан шыққан. Әдиден бөлек отбасындағы бауырлары да суретті жақсы салады. Әди мен Әдия қазіргі таңда №26 Жаңаталап орта мектебінің 10 сынып оқушысы. Әди “Аспара” мәнерлік өнер және бизнес колледжінің ұйымдастыруымен “Қазақ даласының қазыналары” атты оқушылар арасында облыстық сурет байқауына қатысып ІІІ орын дипломымен марапатталды. Қазіргі таңда жетекшісі Айжан Мауленқұлова. Екеуі де мектебіміздің мақтанашы,-дейді Мадина Әділханқызы.
Осындай талантты, жас өнерлі оқушыларды дүниеге әкелген анасы Ханшайым Арыстанбекқызымен ұялы телефон арқылы сөйлестік.
– Ойын баласы болғандықтан, бір нәрсеге міндеттеп, қатаң күн тәртібін қоймаймыз. Барынша еркін өсіруге тырысамыз. «Тазыны қанша үйретсең де, қабілеті болмаса, түлкі алмайды» дейді ғой. Сол сияқты, баланың ынтасы болмаса, оны қинап сурет және шахмат мектебіне бергеннен пайда жоқ. Жалғыз өнер саласында емес, кез келген салада талант болуы керек деп ойлаймын. Баланың таңдауымен санасуымыз керек. Бірақ, болашақта осы саланы таңдайтын болса, қолдан келгенше қолдаймыз, – дейді анасы.
Әди мен Әдия көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Меліс Кестайұлы «Ақсуат» шекара бөлімшесінің қызметкері, ал анасы Ханшайым Арыстанбекқызы «Жаңаталап» балабақшасында жұмыс істейді.
«Талапты бала талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай» демекші, жас та болса өз қатарластарының алды болып, дарынымен дараланып жүрген Әди мен Әдия алдағы уақытта қанаттары талмай, алға талпынып, арманына жетіп, өнерімен елді сусындатып, білімдерін шыңдайды деп сенеміз!

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close