Соңғы күндері елімізде коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың өсуі қатты байқалады. Әсіресе, «Омикрон» штамы тез таралуда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысында жасаған баяндамасында мәлімдеді.
«Қазақстанда «омикрон» тез таралып, бүгінде Түркістан облысынан басқа өңірлер «қызыл» аймақта. Эпидемиологиялық көрсеткіш коронавирустың «омикрон» түрінің таралуын растап отыр. Соңғы айда ауру 19,6 есе, Ковид-19-ға тестілеудің тәулік көлемі 3,5 есе өскен. Тәулігіне 50 мыңнан астам тест жасалуда»,- дейді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғаният.
Дегенмен, ауру көбейсе де, соңғы айда өлім-жітім аз. Яғни 2,5 есе төмендеген.
«Омикронның» жұғу жылдамдығы «дельта» штамына қарағанда 5 есе жоғары. Бетпердесіз адамның жанында бес минут тұрған адамның өзі қауіпті індетті жұқтырып алуы мүмкін. Коронавирус инфекциясының басқа түрлеріндей емес, «Омикрон» 20-30 жас аралығындағы адамдарға көбірек жұғады. Соңғы кездері тұрғындардың дені қоғамдық орындарда сақтанып жүруді ұмытып, тәртіпке салғырт қарай бастады. Нәтижесінде, вирусты қайта жұқтырып алған науқастардың қатары көбеюде.
Жамбыл облысы төтенше жағдай режімінен шығып, халықтың еркін тыныстағаны кеше ғана еді, енді індет бойынша мәртебесі «жасылдан» «қызылға» ауысып, қайтадан қадамдары тұсалып қалды. Облыстың бас санитары Байділда Шыналиев те індеттің қайта өрши бастауына байланысты қаулы шығырап, көптеген іс-шараларға тыйым салынды. Ойын-сауық өткізетін жерлердегі адамдардың санын қысқартты. Ол да болса мына өршіп тұрған індетке тосқауыл болады деген үміттеміз.
Бұл індеттен толықтай құтылу үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру керек. Ол ұжымдық иммунитет толық қалыптасты деуге әлі ерте.
Бүгінге дейін аудан аумағында 25178 адам вакцинаның бірінші компонентін, 25177 адам екінші компонентін еккізді. Өткен жылдан бастап ревакцинациялау енгізілгені белгілі. Қазір вакцинаның толық курсын алғандардың өзі үш айдан кейін ревакцинациялаудан өтеді. Бүгінгі күнге дейін, яғни 22 қаңтардағы мәліметке сүйенсек, жоспар бойынша 8973 адам, салдырғаны 6555 (73,1), яғни пайызды қамтып отыр.
«Пфайзер» компаниясы шығарған «Комирнати» вакцинасын алатындар саны жоспар бойынша 5953, салдырғандар 2914, бұл 49,0 процент. Оның ішінде, 12-17 жас аралығындағы балалар 2391, жүкті әйелдер 182, емізулі аналар 341. Ал екінші компонентін жалпы 1176 адам алған. Оның ішінде 12-17 жас 905, емізулі аналар 185, жүкті әйелдер 86.
Мониторингтік топтардың жұмысы да жалғасуда.
Әр адамның денсаулығы өзінің қолында, сол үшін сақтанып, бетперде тағып жүруді, вакцина алуды ұмытпайық!
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»