Basty bet
Қайта құқық бұзушылықтың превенциясы» жобасы
аясында қайталама қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі кеңінен талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет» деп атап өткенін жақсы білеміз.
Ал «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деген Президенттің парасатты пайымы мемлекет пен халық қауіпсіздігінің және қоғамда заң үстемдігін орнатудың негізгі өлшемі десек те болады.
Президент тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тікелей бастамасымен ел өңірлерінде бірқатар құқықтық жобалар сәтті жүзеге асырылу үстінде. Бұл жобалар өз кезегінде қоғамда тәртіп пен қауіпсіздікті кеңінен қамтамасыз етумен бірге, азаматтарға құқықтық тұрғыдан көмек пен кеңес беру ісін едәуір ілгерілетіп отыр.
Өткен аптада ауданда «Қайта құқық бұзушылықтың превенциясы» жобасын жүзеге асыруға байланысты «Құқық бұзушылық профилактикасы» апталығы аясында жиын ұйымдастырылды. Аудан прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған құқықтық іс-шара аудандық «Достық» мәдениет үйінің кіші залында өтіп, оған құқық қорғау органдарының басшылары, ауылдық округтің әкімдері, аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар және БАҚ өкілдері шақырылды.
Құқықтық жиынды аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков сөз сөйлеп ашты. Ильяс Прмаханұлы өз сөзінде, «Қайта құқық бұзушылықтың превенциясы» жобасының мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталып, қоғамда қайталама қылмыс жасау және құқық бұзушылықтардың алдын алу профилактикасы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жүргізілген зерделеу туралы айтып, құқық қорғау органдарына бұл бағыттағы жұмыстарды ширату қажеттігін атап өтті.
Жиын барысында аудандық прокуратураның прокуроры Димаш Тұрсыналы, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ардақ Әміребек, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова және аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы Бағлан Бекмолдаев баяндама жасап, құқық бұзушылықтың профилактикасы бағытында атқарылған жұмыстардың барысын жан-жақты айтып берді.
Аудан прокуроры құқықтық жиын қорыта келіп, құқық бұзушылық профилактикасына байланысты жұмыстарды өз деңгейінде атқарудың маңыздылығын атап өтті. Бір сөзбен айтқанда, «Қайта құқық бұзушылықтың превенциясы» жобасын жүзеге асыруға байланысты «Құқық бұзушылық профилактикасы» апталығы аясындағы жиын азаматтарға құқықтық тұрғыдан кеңестер беруге және қоғамда қайталама құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарды деуге болады.
***
«Мерейлі отбасы – әділетті қоғам» акциясы
Жақында Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісі өткені белгілі. Алқалы жиында Президент ерекше атап көрсеткен маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау. «Осы бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалып жатыр. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Жалпы, кейінгі 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың бойында отбасындағы қатыгездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптасуда» деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аудандық ардагерлер орталығында «Мерейлі отбасы – әділетті қоғам» акциясының аясында жиын ұйымдастырылды. Аудан прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған құқықтық іс-шараға құқық қорғау органдарының басшылары, ауылдық округтің әкімдері және БАҚ өкілдері шақырылды.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 30 маусым-30 шілде аралығында ерте жүктіліктің, ажырасулардың және суицидтің алдын алу мәселелері бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында бір айлық ақпараттық-ағартушылық «Мерейлі отбасы – әділетті қоғам» акциясы жарияланғаны белгілі.
Аталған акцияның аясында ақсақалдар кеңесі, билер кеңесі, аналар кеңесі, этномәдени бірлестік өкілдерінің, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларының мамандары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Осыған орай аудандық ардагерлер үйінде «Мерейлі отбасы – әділетті қоғам» акциясы аясында жиын өтіп, оған ардагерлер кеңесінің өкілдері, отбасын қолдау орталығының мамандары, т.б. шақырылды. Жиында аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұмашев, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Ә.Ералиев, аудандық прокуратураның прокуроры Д.Тұрсыналы, «Отбасын қолдау орталығы» КММ-ның директоры Ж.Қалымбетова және аудандық орталық аурухананың «Сенім» жастар денсаулық орталығының маманы В.Сейтаева тақырыпқа байланысты сөз сөйлеп, олар жанұяда отбасы құндылықтарын сақтау, жастар мен бала тәрбиесі, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін өзара бірлескен іс-шаралардың тиімділігі, жас отбасыларға кеңес, т.б. маңызды тақарыптарда келелі әңгіме өрбітті.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»