Basty bet

Қос балуан облыстық іріктеу сынына жолдама алды

«Қазақстан Барысы» жобасы ел халқының саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты серік етуіне, ұлттық құндылықтарды жоғары қойып, қазақ күресі спортының тынысын ашуға үлкен серпін беріп келеді. Егер де бұл спорт додасының тарихына үңілсек, көптеген қызықты жайттарға тап боламыз. Апта басында қазақ күресінен аудандық іріктеу жарысы өтті.
Турнир Қазақстан Республикасында ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, қазақ күресін өркендету арқылы оны ұлттық идея деңгейіне және халықаралық аренадағы беделін көтеру мақсатында өткізілді. Он екінші рет өткен бәсекеге ауданның 14 ауылдық округінен іріктеуден өткен 14 үздік балуан қатысты.
Ұлттық спортты дамыту мақсатындағы «Жуалы барысы» турнирінің ашылу салтанатында «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі. Балуандардың белдесуі екі сағатқа созылды.
Ақтық белдесуде Жылыбұлақ ауылы және Қошқарата ауылының балуандары кездесіп, бабы мен бағы тең түскен Азат Рысбек жеңімпаз атанса, Олжас Қуанышбекұлы екінші орынды мice тұтты. Үшінші орын үшін айқасқа Түктібай ауылынан Асхат Сейіткерім мен Күреңбел ауылының балуаны Ақжол Мұхым түсіп, Түктібай ауылының балуаны Асхат Сейіткерімнің мерейі үстем болды. Шара аясында спорттық сайыстармен қатар аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, би билеп, ұлттық күрес жанкүйерлерінің көңілін көтерді.
«Қазақстан Барысы» республикалық турниріне аудандық іріктеу турнирінің жеңімпаздары бағалы сыйлықтар, медальдар мен арнайы дайындалған белбеу және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Азат Рысбек пен Олжас Қуанышбекұлы «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің облыстық іріктеу жарысында Жуалы ауданының намысын қорғайтын болады. Қос балуанға сәттілік тілейміз!

Болат Жаңабаев,
аудандық «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу
орталығы» директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close