Basty bet

ШУАҚТЫ КҮНДЕР ШҰҒЫЛАСЫ

Батырға адал қызмет еткен З.Ахметованың өмірі ел тағдырымен тамырлас

Қазақтың Зейнебі, Зейнеп Ахметова – Бауыржан Момышұлы тұрған құтты да қара шаңырақтың ибалы келіні болып қана қойған жоқ, қаламымен де халқына қызмет етіп келе жатқан қарымды қаламгер.
«Ұлттың ұлттығын ұлықтайтын, оның ұлттық жанын сақтайтын – әйел» дейді жазушы өз сөзінде. Оның әр сөзі – жастарға өнеге, өсиет. Зейнеп апай дәстүр жалғастығы үзілмесе екен деп тілейді. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан жазушы-этнограф әлі күнге бабалар аманатына адалдық танытып келеді.
Қазақы дәстүрлерді насихаттаушы ел анасы қайынатасы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы мемуар кітаптар мен мақалалар жазып, халықты ұлтымыздың айбынды ұлының өмірімен таныстырып келеді. Зейнеп Ахметова 1945 жылы Қытай жерінде дүниеге келіп, сонда өскен. Ол қазақтың айбынды батыры Бауыржан Момышұлының келіні, яғни Бақытжан Момышұлының асыл жары. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлына адал қызмет еткен ел анасы Батырдың бастан кешкендері жайлы қалам тербеп, жақсы кітап жазды. Солардың ішінде «Бауыржан батыр», «Шуақты күндер» туындыларын қолына алып, оқымаған жан кемде-кем шығар…

Кезінде «Шуақты күндер» кітабымен оқырман жүрегіне жол тапқан Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты жаңа кітабы да жарық көргені белгілі. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, тектінің тұяғы, асылдың сынығы – жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп апай бұл кітапты ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазған. Мұндағы әңгіменің басты арқауы Батыр атамыздың баяндауында ұсынылады. Автор осыдан 30-40 жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, тап қазір ғана болғандай көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырды шешен тілмен баяндайды.
Ұлттық салт-дәстүр, ұлттық идеология, ұлттық тәрбие. Бұлар ешқашан маңызын жоғалтпайтын мәңгілік дүниелер. Осы мәңгілік тақырыпқа қалам тербеп жүрген бірден-бір жазушы, оны насихаттаушы Зейнеп Ахметова екені белгілі. Салиқалы әңгімеге салт-дәстүрлерді қалай қолданып жүрміз? Қазақы ырымдар жайлы не білеміз деген сияқты дүниелерді келер ұрпақтың санасына сіңіруде Зейнеп апайдың атқарып жүрген жұмыстары жетіп-артылады.
Жазушы анамыздың қазақтың қазіргі келіндері мен ата-енелеріне айтқан кеңестері, бала тәрбиесі жайлы негізгі қағидалары, жалпы айтып жүрген жөн-жоралғылары халыққа көп көмегін тигізуде. Зейнеп Ахметова қыз тәрбиесі, отбасылық құндылықтар және қазіргі заманғы әйелдердің образы жайлы біраз тұжырымды ой айтқан.
Зейнеп Ахметова сондай-ақ, қазіргі заман тойларының қазақы салт-санаға жат әдеттерге толып кеткенін сынға алып, той-томалақта ұлттық дәстүрге қайшы бірнеше әдетті атап өтті. Жазушының айтуынша, тойда жаңа түскен келінді төрге отырғызу, жартылай жалаңаш қалыңдық көйлегімен келінге беташар жасау, қыз ұзатуда әкесімен вальс билеу, гүл лақтыру, ата-енеге торт жегізу қазақы салтқа жатпайды және бұлар ұлттық дәстүрге қайшы.
Сонымен қатар, Зейнеп Ахметова көпшілігі біле бермейтін жөн-жоралғылар, соның ішінде құрсақ шашу секілді жоралғының мәнін түсіндіріп берді.
«Бұл дәстүр қай уақытта болады? Ол келіні жаңадан жерік болғанда орындалады. Жерік әйелдің көңілі неге тартып тұр, неге іңкәрі ауып тұрғанын білмей қиналады. Мінекей сол кезде енесі оның жерік асын тауып беру үшін ауылдағы әйелдерді шақырады. Барлығы үйлерінен бір-бір дәм алып келеді. Тамақ алып келеді. Не нәрсеге әуес екенін табуға тырысады. Мүмкін бір тамақ болмаса бір тамаққа көңілі шабар дейді. Тіпті оған ер азаматтар да сырттай аңның, құстың етін, балық, қарақат, мойыл секілді нәрселерді әкеледі. Өйткені жерік асты тауып беру сауабы мол, қасиетті нәрсе. Баланың қалай болуы, алдағы уақытта оның күш қуатының қандай болуы, оның иммунитеті осы жерік асқа байланысты» дейді бір бойынан қазақ келінінің бар қасиеті табылатын Зейнеп Ахметова.
Тұсауды қайшымен кесуге болмайтынын білдіңіз бе?! Қайшы деген екі жүздің бір бірімен қайшылануы. Баланың өмірі қайшыланады. Сондықтан қайшымен кесуге болмайды екен. Сонымен қатар, қазақ тұсауды әжелер мен тұрмысқа шықпаған қызға, үйленбеген жігітке де кескізбеген. Бұның бәрі Зейнеп Ахметованың қазақтың салт-дәстүрінің шығу тегін толыққанды түсіндіріп беретін кітабында жазылған.
Ел анасы біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба мынау жан ұшырып келе жатқан жаһанданудың бәрібір бізге соқпай өтпейтінін ескертіп, қазақ ұлты сол жаһандануға жұтылып кетпес үшін әрекет етіп, ұлттық құндылықтарды сақтауға шақырды. Ол біздің ұлттық қадір-қасиетімізді, құндылықтарымызды алып қалатын бірден-бір нәрсе ана тіліміз екенін және сол ана тілі арқылы қалғанының барлығы келетінін ұлт санасына жеткізумен келеді.
Қаламгер сөзімен айтсақ, әр дәуірдің бастан өтер жолы бар, жетістігі мен кемшілігі бар. Одан сабақ алу, саралау, әділетті талдау, жаңа қоғамның ісі. Зейнеп апайдың үлкенге құрмет, кішіге ізет танытатын қасиетін: «Ата – көпке ортақ, Ата – қазақтың Баукеңі. Біз әкемізді халықтан бөліп жарып, меншіктеген емеспіз» деген сөздерінен байқауға болады.
Зейнеп Ахметова тәрбиенің айтудан емес, көрсетуден даритынын бірнеше мәрте түсіндіреді. Ұрпақ тәрбиесі де дәл мынадай болу керек деп, қалыпқа салғандай өлшеп, пішіп қойған дайын ереже де жоқ. Жазушы ата-ананың отбасындағы қарым-қатынасы, өмірге көзқарасы, рухани өресі, күнделікті іс-әрекеті, ынтымақ-бірлік, татулығы немесе ит пен мысықтай аңдысқан алауыздығы балаға тікелей әсер ететінін және осының бәрі тәрбиенің іргетасы екенін түсіндіруден жалыққан емес.
Ол тәрбиені ананың ақ сүтімен, әкенің адал күшімен бойға даритын қасиет деп, әрбір ата-ана білуі керек кеңестер айтты. Батырдың келіні ұрпағымыз осы ата-бабалардың бізге аманат етіп қалдырған жеріне ие болып қалса екен дейді. Ел анасы ел жастарының үлгілі, өнегелі, білімді, өнерлі болса екен деп тілейді. Ертеңгі күні еліне ес болатын, халқына қайыспай қызмет ететін, мынау кім десе қазақтың ұлы-қызы дейтіндей азамат болып, ата-анасының, ел-жұртының көз нұры, көңіл қуанышы болсын деп тілейді.
Айта кету керек, Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», «Бауыржан батыр», «Бабалар аманаты», «Әзіліңді сағындық» және бала тәрбиесіне арналған «Күретамыр» секілді кітаптары мен ұлттық тәрбие, салт-дәстүр мен жөн-жоралғылар туралы жазылған туындылары бүкіл қазақ жұрты оқуы тиіс шығармалардың бірі десек, артық айтқандық емес…
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close