Basty bet

Баланың үні – ғаламның үні

дарынды оқушылар аудан басшыларымен ашық пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қайрат ауылдық мәдениет үйінде «Бір сәтке әкім, бір сәтке депутат» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Шараның мақсаты – балалардың үнін тыңдап, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту және мемлекеттік қызметтің маңызын түсіндіру. Сонымен қатар, жас ұрпақты ел болашағына жауапкершілікпен қарауға баулып, еркін пікір айтып, өз ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік беру көзделген.
Кездесуге аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева, ұстаздар мен білімді, өнерлі, дарынды оқушылар қатысты.
Шара «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің орындауындағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Бақыт жайлы жыр» әнімен ашылды.
Мерекелік кездесуде алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Әлижанұлына берілді.
– Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, мемлекет пен қоғамның басты мақсаты – елдің ертеңін сеніп тапсыратын білімді, отаншыл әрі адал ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Бір сәтке әкім, бір сәтке депутат» кездесуі сендердің болашаққа сеніммен қадам басуларыңа бағытталған маңызды шара. Ауданда түрлі олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, шығармашылық және спорттық байқауларда облыстық, республикалық деңгейде жетістікке жетіп жүрген мыңнан астам дарынды оқушы бар. Біз олардың әрқайсысымен мақтанамыз. Осы залда отырған балалардың бәрі де білімде, спортта және шығармашылықта табысқа жеткен дарынды жастар.
Облыста өткен жылдан бері жастарды кітап оқуға баулып, рухани тәрбиені ұлттық құндылықтар негізінде дамыту мақсатында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы жоба аясында ауданнан қатысқан 12 команданың екеуі жүлделі орын иеленіп, екі оқушы «Үздік оқырман» атанды. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Біз сендерге зор үміт артамыз. Сабақты үздік оқып, болашақта елге адал қызмет ететін білікті маман боласыңдар деп сенеміз. Сондықтан кітап оқып, спортпен шұғылданып, табиғатты аялап, еңбекқор әрі адал азамат болып өсулеріңді қалаймыз. Баршаңа бақытты балалық шақ, бейбіт өмір мен мол жақсылық тілеймін. Жолдарың ашық, болашақтарың жарқын болсын! – деді аудан әкімі.
Кездесудің алғашқы кезеңі «Бала үні» диалог алаңы форматында өтті. Бұл бөлімде оқушылар өздерін таныстырып, аудан басшыларына көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Балалар оқушылар кеңесін құру, жазғы сауықтыру лагерін ашу, балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында аудан аумағына QR-кодтар орналастыру, ауызсу тапшылығы мәселесін шешу және республикалық байқауларға қатысу үшін арнайы квоталар бөлу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Көтерілген мәселелерге тиісті жауаптар беріліп, ұсыныстардың назарға алынатыны айтылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы сөз болды.
Кездесудің екінші кезеңі «Бір сәтке әкім, бір сәтке депутат» деп аталып, балалар рөлдік ойын арқылы өздерін әкім мен депутаттың орнына қойып көрді. Олар «Егер мен әкім болсам…» деген тақырып аясында өз ойларын ортаға салып, ауданның дамуына қатысты ұсыныстарын білдірді.
Дарынды оқушылардың бірі Мирас Ғали өз ойын былай жеткізді:
– Егер мен әкім болсам, ең алдымен тазалық мәселесіне ерекше көңіл бөлер едім. Өйткені тазалық әр адамның жүрегінен басталады. Ол – мәдениеттіліктің белгісі. Сондықтан «Таза көше – таза аула – таза ауыл» акциясын жиі өткізіп, оған балаларды, тұрғындарды және кәсіпкерлерді кеңінен тартар едім. Сонымен қатар, қоқысты сұрыптауға арналған жәшіктер орнатып, қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстарын қолға алар едім. Балалар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында түрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырар едім, – деді ол.
Сондай-ақ, балалар денсаулық сақтау, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, жастардың гаджеттерге тәуелділігін азайту, сапалы білім алу және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мәселелеріне де ерекше назар аудару қажеттігін айтты.
Кездесуде әр бала өз ойын ашық жеткізіп, балаға жасалған әрбір жақсылық оның жарқын болашағына жасалған қамқорлық екенін атап өтті.
Мазмұны мен тәрбиелік мәні зор кездесуді аудан әкімі Жалғас Мұртаза қорытындылап, балаларға ақжарма тілегін арнады.
Шара соңында кездесуге қатысқан оқушыларға Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» кітабы сыйға тартылды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close