Basty bet

Келешек кілті – сапалы білімде!

Шақпақата ауылындағы ұлт ардақтысы, аудармашы – Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтуде

Келешек кілті – сапалы білімде. Елдің жан-жақты дамып, жас ұрпақтың жарқын болашаққа бет алуында білім-ғылымның маңызды рөл атқаратынын жақсы білеміз. Сондықтан мемлекет білім ресурстарын дамытып, оқушылардың жан-жақты білім алып, жаңа заманның талабына сай жетілуіне барынша қолайлы жағдайлар жасауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты 2025 жылғы халыққа арнаған Жолдауының «Экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді» аталатын жетінші бағдарында бұл туралы нақты айтылған.

«Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс. Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді.
Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады» делінген Президент Жолдауында.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасының білім-ғылым саласының дамуына жан-жақты көңіл бөлініп, мектеп пен балабақша ғимараттарының жаңартылуына кезең-кезеңімен тұрақты жұмыс атқарылып келеді. Соның есебінен елдің барлық өңірлерінде дерлік білім мекемелері салынып, үш ауысымды мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа ғимараттар да бой көтеру үстінде.
Бұл бағытта егемендік жылдары аудан көлемінде де аз жұмыс атқарылған жоқ. Биыл ауданда Жамбыл облысы Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, қазір құрылыс басында қарқынды жұмыс жүргізілу үстінде. Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата ауылында орналасқан бұл мектептің ғимаратын күрделі жөндеу туралы проблема көп жылдан бері көтеріліп, бұл мәселе биыл ғана өз шешімін тапты. Құрылысқа тапсырыс беруші мекеме – Жамбыл облысы Жуалы ауданының білім бөлімі. Жобалаушы мекеме – «ДУМ-проект» ЖШС. Бас мердігер – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС.
Тапсырысқа сәйкес, мектептің күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 25 мамырында басталып, 2026 жылғы жаңа оқу жылының қарсаңында, дәлірек айтқанда, 25 тамызда толықтай аяқталуы қажет. Мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге бағытталған құрылыс жұмыстары уақтылы басталып, қазір белгіленген кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Бас мердігер – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-ның прорабы, осындағы учаске бастығы Жолдасбек Үмбеталиев ғимараттың ескі жабыны мен жабдықтары толықтай бұзылып алынып, демонтаж жұмыстарының толық аяқталып, ендігі кезекте негізгі жұмыстардың атқарылып жатқанын айтады. Құрылыстың барысын өзіміз көргендей, төрт блоктан тұратын мектеп ғимаратында жөндеу жұмыстары біршама қарқын алған. Айта кету керек, мектептің ғимараты негізгі төрт блоктан тұрады. Олар – галерея блогы, спортзал блогы, асхана және акт залы орналасқан блогы. Қазір мұнда атқарылатын негізгі жұмыстардан – шатыр жабу жұмыстарымен қатар, ғимараттың кейбір тұстарының қабырғаларын қалың темір құрсаулармен нығайту, сыртқы қасбетін жылу оқшаулағышпен және сапалы метал сайдингпен қаптау, одан бөлек, электр жүйелерімен жабдықтау, санитарлық тораптың желілерін орналастыру, сонымен қатар, ішкі әрлеу жұмыстары да қатар жүргізілу үстінде.
– Тапсырыстың жобалық-сметалық құжаттамасында мектептің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Осыған сәйкес, ең бірінші кезекте құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылуына баса назар аударған жөн.
Ғимараттың ескі жабындарын алып тастау, оның ішінде, қабырға сылақтарын алу, еденнің ескі төсеніштерді ажырату, ескі жылыту жүйелері мен электр желілері және сантехникалық торапты түгелдей алып тастау жұмыстары, шатырдың ескі жабынын алу, бір сөзбен айтқанда, тек қана ғимараттың қабырға кірпіштерінен басқасы алынып, орнына жаңадан сылау және таза әрлеу жүргізіледі. Сонымен қатар, ғимараттың ішкі жылыту жүйелері мен ішкі және сыртқы есік-терезелері жаңасына ауыстырылады. Жылыту жүйелеріне заманауи алюминий батереялар қойылып, есік-терезелері де сапалы ағаш және металпластиктен орнатылады. Еден жабындыларының басым бөлігі керамоплитамен, спортзалдың едені мен ғимарат еденінің кейбір бөліктеріне сапалы линелоум төселеді.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толыққанды атқарылып жатыр. Атап айтсақ, ғимараттың қасбетін қаптау жұмыстары – 70 пайызға, шатырды жаңалау – 90 пайызға, электрмонтаж жұмыстары – 100 пайызға, сонымен қатар, санитарлық тораптарды жаңасына ауыстыру жұмыстары, жекелеген блоктардың екінші және үшінші қабатының қабырғаларын әрлеу – 60-70 пайызға аяқталды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының атқарылуы – 50 пайыздан асып отыр. Сәтін салса, мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтаймыз деген үмітіміз бар,- дейді жұмысқа жауапты серіктестіктің прорабы, учаске бастығы Жолдасбек Тұрсынқұлұлы.
Сапалы жұмысшы күші – кез келген өнімді еңбектің кепілі екені анық. Құрылысқа жауапты тараздық мердігер мекеме – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-ның бұл бағыттағы ұстанымын өте жоғары деп бағалауға болады. Қазір мұнда құрамында – 10-15-тен жұмысшысы бар, 7-8 құрылыс бригадасы тұрақты жұмыс атқару үстінде. Техника күшінен де ешқандай проблема жоқ. Құрылыс жұмыстарын ілгерілету ісінде – 1 бірлік үлкен автокран, әмбебап жүктиегіш және жүктүсіргіш арнайы көліктері, сонымен бірге, бетон араластыруға арналған қуатты техника, т.б. жүк тасымалдаушы көліктері маңызды рөл атқарады. Құрылысқа пайдаланылып жатқан материалдар да негізінен отандық сапалы өнімдер. Мысалы, «М-450» маркалы сапалы цемент өз облысымызда өндірілсе, күйдірілген қызыл кірпіш, арматура, қабырға тегістеуге арналған түрлі құрғақ қоспалар, сылаққа арналған құм, шағал, т.б. инертті материалдардың дені жамбылдық өнімдерге жатады. Тек қана шатыр жабыны (қалыңдығы 0,5 мм) мен қасбетті қаптауға арналған қалыңдығы 0,5 милиметрді құрайтын сапалы метал шифер мен сайдинг Қарағанды облысындағы зауыттардан құрылыс басына тікелей жеткізіліп жатыр. Құрылыс материалдарынан да ешқандай тапшылық жоқ.
Қабырғаны нығайту жұмыстарынан бастап, ішкі қабырғаларды сылау, тегістеу, әрлеу, сонымен қатар, шатыр жабу, ғимарат блоктарының қасбетін қаптау жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр. Ішкі әрлеу жұмыстарымен қатар, жылыту жүйелерін жаңарту да қатар атқарылып келеді. Мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге бағытталған негізгі жұмыстар аяқталғаннан кейін ауланы абаттандыру жұмыстары да жүргізіледі. Мұны да серіктестік өз міндетіне алған. Атап айтсақ, ғимараттың айналасы заманауи қоршау жүйелерімен қоршалып, 1 000 шаршы метрге өрнектас төселсе, 800 шаршы метрді құрайтын автотұраққа асфальт жабыны төселмек.
Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептің тарихына аз-кем тоқталатын болсақ, ауданға қарасты Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылындағы №4 орта мектеп бүгінде Құрманбек Сағындықовтың есімімен аталады. Ұлт ардақтысының есімін иеленген мектептің іргетасы өткен ғасырдың 1914 жылы екі жылдық діни мектеп болып қаланып, кейіннен бастауыш, жеті жылдық, 1956 жылдан бері орта мектеп болып жұмыс атқарып келеді. 1980 жылы үш қабаттан тұратын 642 орындық мектеп ғимараты салынып, пайдалануға берілген. 1996 жылы бұл мектепке қоғам қайраткері, жазушы-аудармашы, Жуалы ауданының түлегі Құрманбек Сағындықовтың есімі берілген. Мектепте қайраткер атындағы музей жұмыс істейді. Онда Қ.Сағындықовтың фотосуреттері мен қолжазбалары, медальдары, т.б. жеке заттары қойылған. Айта кету керек, 2025 жылы Қ.Сағындықовтың туғанына – 115 жыл толуына орай есімі берілген мектепте және аудан орталығында тағылымды кездесу жиындары ұйымдастырылды.
Білім саласының ел дамуындағы маңызды орнын жоғарыда айтқандай, оқушы балалардың білім алып, өнер түрлерін игеруге қолайлы жағдай жасау – маңызды міндет. Осы бағытта жыл сайын аудандық білім бөліміне қарасты мекемелерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеуге қаражат қарастырылса, одан бөлек, аудандық білім бөліміне қарасты бірқатар мекемелерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында – ауданға қарасты Рысбек батыр ауылындағы №20 Жамбыл атындағы орта мектептің спортзалының ағымдағы жөндеу жұмыстары, Жаңаталап ауылындағы №26 Жаңаталап орта мектебінің қазандығына және ішкі жылыту жүйелеріне, Бәйтерек ауылындағы №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің ішкі жылыту жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары, сонымен қатар, Ақбастау ауылындағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Айта кетерлігі, Жамбыл атындағы орта мектептің спортзалындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу.

Таңдаулы материалдар

Close