Basty bet
Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру – қоғамға ортақ міндет
Апта басында аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа аталған комиссияның мүшелерімен қатар, аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы және БАҚ өкілдері шақырылды.
Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрағасы Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Жиынның күн тәртібінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғауға, сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға байланысты бірқатар маңызды мәселе қаралып, жұмысқа жауапты басшыларға нақты тапсырма берілді. Атап айтқанда, бірінші мәселе – кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын ұйымдастыру және бос уақытын тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева баяндама жасады.
– Мектептердің жанындағы жазғы сауықтыру лагерінде демалатын балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік жағдайы және лагерьмен қамтылуына тоқталсам, биыл мектеп жанындағы лагерьлерде ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін балалардың саны – 1 142 адамды құраса, тамақтандырусыз – 5 065-ке жуық бала әртүрлі үйірмелер мен мектептің өндірістік бригадаларына тартылады деп күтілуде. Лагерьдің негізгі құрамы – мектеп оқушылары.
Бірінші кезекте жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларының демалуы және сауықтырылуы қамтамасыз етіледі. Биыл мектеп жанындағы лагерьде мемлекеттік емтихан тапсыратын 9,11 сыныптардан басқа 1-4,5-8,10 сыныптың оқушыларына – спорт, дебат үйірмесі, еңбек және көгалдандыру отрядтары ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, жаз мезгілінде балалардың демалысын сапалы ұйымдастыру мақсатында 350 бала қала сыртындағы лагерьде сауықтырылады деп жоспарланып отыр. Биыл 350 оқушы екі кезеңмен ауданға қарасты Билікөл аймағында орналасқан «Тау самалы» сауықтыру лагерінде демалады деп жоспарлануда. Қала сыртындағы лагерьде әлеуметтік осал санаттағы отбасынан шыққан балалардың, яғни, жетім, аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар және оқу жылы барысында қиын жағдайға тап болған оқушылар қамтылады,- деді баяндамашы.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселелерге байланысты аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Шертаев баяндады. Бөлім басшысының айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелеріндегі кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің табиғат аясында серуендеуіне, сонымен қатар, мәдени және тарихи орындарға саяхаттауына тыйым салынатындығы туралы білім бөлімінің тарапынан білім беру ұйымдарына ағымдағы жылдың 2 сәуірі күні ескертпе хаттар жолданған.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатының негізінде білім беру ұйымдарына кәмелетке толмағандар таулы аймақтарға, демалыс орындарына, орман тоғайларға экскурсияға шығып, ағынды суларға, өзен-көлдерге шомылуға тыйым салынады. Жасөспірімдердің түнгі 00:00-ден кейін заңды өкілдерінсіз достары мен сыныптастарын туған күнімен құттықтау жағдайлары да кездеседі. Аталған жағдайлар бойынша алдын алу профилактикалық жұмыстарын күшейту мақсатында мекемелерге тиісті хаттар жолданып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2025-2026 оқу жылында білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының аясында, сонымен қатар, білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарының аясында профилактикалық жұмыстар жүргізілу үстінде.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында «Заң және тәртіп» қағидатының аясында білім мекемелерінде айлық өткізілген. Айлық барысында облыстық желілік кестеге сәйкес, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 8-11 сыныптың оқушыларымен «Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз болашақ!» тақырыбында құқық қорғау органдары, білім бөлімінің қызметкерлері және Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің қатысуымен кездесу, №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте «Буллингсіз мектеп – қауіпсіз орта!» тақырыбында 9-11 сыныптың оқушыларымен дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Білім беру ұйымдарында «Заң – қоғам тұрақтылығының негізі!» тақырыбында пікірсайыс, «Сенің шешімің – сенің болашағың!» тақырыбында тренинг, «Бала құқығы – асыл қазына!», «Заңға құрмет – тәртіп кепілі!», «Қауіпсіздік және алғашқы көмек» тақырыптарында 1-11 сыныптар арасында тәрбие сағаттары өткізілген.
Сонымен қатар, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы барлық білім мекемелеріне енгізілген. Бағдарлама 6 құндылықтың аясында іске асырылуда. Атап айтқанда, «Шабыт», «Балалар кітапханасы», «Қамқор», «Смарт бала», «Ұшқыр ой алаңы» және «Еңбегі адал – жас өрен» жобаларына оқушылар кеңінен қамтылуда.
– Білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Зорлық-зомбылық (буллинг, кибербуллинг, психологиялық қысым) баланың тұлғалық дамуына кері әсерін тигізіп, оның оқу үлгеріміне және психологиялық жағдайына зиян келтіреді. Сондықтан білім беру мекемелерінде зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бірқатар кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр,- деп атап өтті Бахыт Рахымжанқызы.
Комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілген мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі бабаларға білім беруді қолдау бағытындағы шаралар және әлеуметтік тапсырыс жұмыстары туралы, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай ұйымдастырылатын іс-шаралар туралы, сонымен қатар, «Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтің әкімдерімен кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың, суицидтің және оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы» жұмысқа жауапты бөлімнің басшылары мен Мыңбұлақ және Боралдай ауылдық округінің әкімдері атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты баяндамалардан кейін комиссияның төрағасы Анар Ахметова жиынды қорыта келе, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауға қатысты мәселелердің барлығы маңызды екенін айтып, жұмыс атқару барысында өмірлік қиын жағдайларға тап болған отбасылардың жағдайына терең зерделеу жүргізіп, мұндай отбасындағы балалардың мектепке келуін қадағалап, оларға сабақ үдерісіне қатысуын тұрақты назарға алудың қажеттігін ерекше атап өтті. Онымен бірге, жиында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық шараларды қолға алу қажеттігіне де баса назар аударылды. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмысты жандандыру міндеті аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүктелді.
Жиынның күн тәртібіне қойылған мәселелерге байланысты аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы Д.Байдалиев, аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Ж.Қалымбетоваға нақты тапсырмалар жүктелді.
Комиисия отырысында кәмелетке толмағандардың құқығын қорғап, балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесі қоғамның ортақ міндеті екені айтылып, түлектердің мектеп бітіру кештерін тиісті заң талаптарына сәйкес өткізу, ең бастысы – қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың қажеттілігі атап өтілді.