Basty bet

Кәсіподақтың күші – бірлігі мен ынтымағында

Кәсіподақ – әрқашан жұмыс істейтін халықтың еңбек және әлеуметтік-экономикалық аспектілерін қорғайтын ұйым. Қызметшілердің мүдделерін қорғау, құқықтарының сақталуын қоғамдық түрде бақылау, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау, жанжалдарды шешу – бұл ұйымның басты міндеттері. Кәсіподақтар – азаматтық қоғамның айнымас құрамдас бөлігі ретінде еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауды өз қызметінің ең басты міндеті деп танып, мемлекеттіліктің нығаюына нақты үлесін қосып келеді.

Осы ретте, елімізде 10 қазан Кәсіподақтар күні ретінде аталып өтіледі. Апта басында кәсіби мерекеге орай Мыңбұлақ орта мектебінде «Кәсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» атты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік шара Мыңбұлақ орта мектебінің 30 жылдық түлектері білім ошағына тарту еткен шахмат бұрышын ашумен бастау алды. Шахмат бұрышының лентасын аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов пен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мәжит Айжанов қиды. Игі іске атсалысып, алтын ұя мектебіне тарту жасаған түлектердің жомарттығы өзгелерге де үлгі болатынына сенім білдірді.
Одан әрі қарай шара мектептің акт залында жалғасты. Кездесуге аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдармалар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлшат Наурызова, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев, кәсіподақтың әр өкілеттік мерзімінде көшбасшылық танытқан ардагерлер, мекеме басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен төрайымдары, есепшілер және жас мамандар қатысты.
Алғашқы құттықтау сөз «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің аудандық комитетінің филиал төрағасы Мәжит Айжановқа берілді.
– Құрметті әріптестер! Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтары мен мүддесін қорғаудың кепілі және сенімді серігі. Бұл мереке – қарапайым еңбеккерлер мен жұмысшылардың мерекесі.
Қарапайым еңбек адамының әлеуметтік жағынан толық қамтылып, еңбек құқықтарының сақталуы – оның алаңсыз жұмыс істеуінің, еңбегінің нәтижелі болуының бірден-бір кепілі.
Әділеттілік, бірлік және ынтымақтастық қағидаттарына негізделген кәсіподақ жұмысы нығайып, арта беруіне тілектеспін. Саладағы күнделікті атқарып жүрген жұмыстарыңыз сіздерге қуаныш, өркендеу мен шығармашылық, табыс алып келсін. Кәсіподақ күші – бірлікте! Бірлігіміз нығайып, абыройымыз арта берсін, – деп көпшілікті кәсіби мерекесімен құттықтап, марапаттау рәсімін өткізді.
Бірінші кезекте Мәжит Мамытұлы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның директоры Эльмира Абишеваға, №5 “Балдырған” бөбекжай-балабақшасының әдіскері Раушан Ахметоваға, №30 Көктөбе орта мектебінің директоры Марат Сармановқа, «Жаңаталап» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Жазира Өтебаеваға «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ-ның «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстады.
Одан кейін бір топ ұстазды жоғарыда аталған қоғамдық бірлестіктің «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Бұл марапатқа №10 Күреңбел орта мектебі директорының ІТ-орынбасары Рахат Әбдешов, «Балақай» бөбекжай-балабақшасының педагог-психологі Кенже Әбілдаева, «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Шариха Әбілдаева, Ынтымақ негізгі мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ақтолқын Бектенова, №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Еркінкүл Сейдахметова, «Шақпақата» бөбекжай-балабақшасының әдіскері Рая Пашенова және №12 М.Әуезов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, информатика пәнінің мұғалімі Фарида Бегалиева ие болды.
Сонымен қатар, бір топ білім қызметкерлері «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы және Алғысхатымен, Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының Құрмет грамотасымен, «Жамбыл облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен, Білім бөлімі мен кәсіподақ комитеттің бірлескен Құрмет грамотасымен, аудандық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Шара барысында қазан айындағы сала қызметкерлерінің төл мерекесімен қатарлас келетін Есепшілер күні де ескеріліп, бірқатар есепшілерге құрмет көрсетілді.
Аудандық кәсіподақ комитеті айтулы күнде жастарды да марапаттан тыс қалдырған жоқ. Жастарды кәсіподаққа тарту, ынталандыру мақсатында жас мамандарды да ортаға шақырып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Оларға қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы, ақын Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» және белгілі дінтанушы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітаптарын сыйға тартты. Аталған кітаптар жас мамандар үшін таптырмас дүние әрі құнды сыйлық болғаны сөзсіз.
Мерекелік кеште Мыңбұлақ орта мектебінің ұстаздары әннен шашу шашса, оқушылары мың бұрала би билеп, шараның көркін аша түсті.
Кәсіподақтар күніне арналған мерекелік шараны аудандық комитеті филиал төрағасы Мәжит Айжанов қорытындылап, кештің жақсы өтуіне атсалысқан Мыңбұлақ орта мектебінің ұжымына алғыс білдірді.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close