Basty bet

Ауыл тұрғындарының шынайы жанашыры

Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауда медбикелердің еңбегі ерекше. Олар күн сайын халыққа медициналық көмек көрсетіп, түрлі аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, ауылдық жерлерде медбикелер тұрғындарға ең жақын медицина қызметкерлерінің бірі болып табылады. Солардың бірі – ауданға қарасты Шыңбұлақ ауылының медбикесі Гүлмира Сейітбекова.
Гүлмира Құдайбергенқызы 1969 жылы дүниеге келген. Ол 1984–1988 жылдары Жамбыл медициналық колледжінде білім алып, 1988 жылы Шыңбұлақ ауылының медициналық пунктінде еңбек жолын бастайды. Сол жылы осы ауылға келін болып түседі. Қазіргі таңда отбасында төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп отыр.
Ақ халатты абзал жанның медицина саласында қызмет етіп жүргеніне биыл 38 жыл болды. Оның 35 жылын ескі медициналық пунктте өткізсе, соңғы үш жылда ауылдағы жаңа медициналық пункт ғимаратында тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Жаңа медициналық пунктте төрт қабылдау бөлмесі және үш қосалқы бөлме бар.
Ауыл медбикесінің жұмысы оңай емес. Ол күн сайын тұрғындарды қабылдап, қан қысымын өлшейді. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, екпе жұмыстарын жүргізеді. Медициналық пунктке күн сайын 6–7 адам екпе салдыруға келіп, тіркеуге тұрады. Сонымен қатар, диспансерлік есепте 34 адам тіркелген. Екінші және үшінші топтағы 6–7 мүгедек жыл сайын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Балалар да өздеріне қажетті екпелерді осы медициналық пункттен алады.
Шыңбұлақ ауылында барлығы – 354 адам тіркеуде тұр. Оның ішінде 173 ер адам және 181 әйел адам бар. Бір жасқа толмаған балалар саны – 9, бес жасқа дейінгі балалар – 28, он бес пен он жеті жас аралығындағы балалар – 27. Ал, 65 жастан жоғары тұрғындар саны – 30 адамды құрайды. Сонымен қатар, ауылда 5 жүкті әйел, 60 туу жасындағы әйел, 10 мүгедек адам тіркелген. Оның ішінде екеуі балалар болса, 8-і 18 жастан жоғары азаматтар. «Д» есебінде тұратындар саны – 46 адам.
Медбике жүкті әйелдер мен жас балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөледі. Балалардың уақтылы екпе алуын қадағалап, аналарға қажетті кеңестер береді. Қарт адамдардың жағдайын бақылап, қажет болған жағдайда үйлеріне барып көмек көрсетеді.
Ауыл тұрғындарының барлығы бірдей ауруханаға жиі бара алмайды. Сондықтан, медбике олардың денсаулығын тұрақты бақылап, аурудың алғашқы белгілерін ерте анықтауға тырысады. Кей жағдайда аяғы ауыр әйелдерге немесе жүрегі қысылып ауырған адамдарға түнгі мезгілде көмекке барып, оларды өз көлігімен аудандық орталық ауруханаға жеткізген кездері де болған.
Медбике тек ем-дом жасап қана қоймайды. Ол тұрғындарға дұрыс тамақтану, жеке бас тазалығын сақтау, спортпен шұғылдану және зиянды әдеттерден аулақ болу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға және аурулардың алдын алуға ықпал етеді.
Ауылдық жерде жұмыс істейтін медбикелердің жауапкершілігі өте жоғары. Кейде олар демалыс күндері мен түнгі уақытта да шақырту бойынша жұмыс істеуге мәжбүр болады. Осындай қажырлы еңбектің арқасында көптеген адамдар уақтылы медициналық көмек алып, денсаулығын жақсартып келеді.
Қазіргі таңда мемлекет ауыл медицинасының дамуына ерекше көңіл бөліп отырғаны белгілі. Медициналық пункттер жаңартылып, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Бұл медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
Қорытындылай келе, Гүлмира Құдайбергенқызы сияқты ауыл медбикелерінің ұзақ жылғы еңбегі құрметке лайық. Олар ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға, аурулардың алдын алуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен үлес қосып келеді. Ауыл тұрғындары үшін медбике тек медицина қызметкері ғана емес, сенімді көмекші, ақылшы және жанашыр жан болып табылады.
Ақмаржан Канал,
М.Дулати атындағы
Тараз университетінің конвергентті журналистика мамандығының
1-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close