Basty bet

Шәкәрім шығармашылығы оқырманға насихатталды

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйытқы болуымен өтіп жатқан ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: әдеби марафоны» өз жалғасын табуда. Осы жолғы шара Теріс ауылдық кітапханасында өтіп, онда кітапханашы Мәрзия Баққараеваның ұйымдастырумен Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жас ұрпаққа насихатталды.

Мерекелік іс-шараға орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қайсар Асылбеков және мекеме қызметкерлері, ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Болатбек Қайыпбеков, тұрақты оқырмандар және мектеп оқушылары қатысып, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Шара кітапханашы М.Баққараеваның орындауындағы Ш.Құдайбердіұлының «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты тамаша әнімен ашылды. Ауылда Әмірқұл Аташбектің жетекшілігімен құрылған «Атамұра» ұлттық ансамблі Құрманғазының «Балбырауын» күйімен жалғасып өрби түсті.
Шәкәрім – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Ол Семей облысында 1858 жылы дүниеге келген. Әкесі Құдайберді Абайдың немере інісі. Құнанбайдың Күнке деген бәйбішесінен туған. Шәкәрім бес жасынан бастап ауыл молдасынан оқып, жеті жасында әкеден жетім қалған. Тағдырдың жазуымен Абайдың тәрбиесінде болады. Өз бетімен білім алып, араб, парсы, түрік және орыс тілдерін жетік меңгереді. Сыршыл лирикалы өлеңдерімен қатар «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» поэмаларын, «Әділ-Мария» романын жазған. 1911 жылы «Түрік, Қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», ал 1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы» өлеңдер жинағы басылып шықты. Мектеп оқуына ешбір мүмкіншілік болмаса да өмірі өнер-білім қуған жастың өсу жолын аңғартады. Домбыра тарту, гармоньда ойнау, қаршыға, бүркіт баулып, саятшылық, жасау, сурет салу, өлең жазу, ғылымға құмарлану, қалтасындағы сағатының механизміне дейін ақтарып-төңкеріп отырып, тоқтап қалса, өзі жүргізіп алатын мініскерлікке төселу, киімді өзінше тігіп киінуі – міне, бұның, бәрі сегіз қырлы, бір сырлы адамның қолынан ғана келетін іс.
Ақынның «Жастарға», «Дін» және «Дүние мен өмір», «Анық пен танық» өлеңдерін жиналған көпшілікке Бауыржан Қанат, Сабина Бердіқұл, Айару Елубай, Еркежан Жұпарбек, Гүлнұр Дүйсенбекова т.б оқушылар тұлғаның шығармаларын жатқа мәнерлеп оқып берді. «Еркетай» клуб мүшелерімен «Жаңа Теріс» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Лаура Ниязбаева кітапхананың кішкентай бүлдіршіндеріне ертегі оқып, оқу-білімге құштарлығын арттыра түсті. Мерекелік шара ән-бимен жалғасын тапты.
Шараның соңында ауыл қариясы, ардагер ұстаз Б.Қайыпбеков жиналғандарға ақ батасын беріп, кітапқұмар жастардың қатарының артуына, саналы да салиқалы ұрпақтардың көп болуына тілектестік білдірді.
Іс-шараға қатысып, белсенділік танытқан тұрақты оқырмандарды аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қайсар Асылбеков Алғысхаттармен марапаттады.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close