Basty bet
«Туған жердегі кездесудің жөні бөлек»
Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, бүгінгі күннің қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті тұлғасы Нұрлан Шилібайұлы 70 жас мерейтойына орай туған жері Ынтымақ ауылына келіп, мектеп оқушыларымен кездесу өткізді.
Ынтымақ негізгі мектебінде өткен кездесу кешіне ауыл қариялары, сыныптастары, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Нұрлан Шилібайұлы 1952 жылы Ынтымақ ауылында өмірге келген. С.Киров атындағы орта мектепті бітіріп, 1969 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының көркемдік графикалық факультетінің «сызу және сурет» мамандығына түсіп, 1973 жылы тамамдайды. Еңбек жолын аудан орталығындағы қазіргі №1 мектеп-гимназияда сызу пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1974 жылы Шымкент қаласындағы көркемсурет училищесіне арнайы пән мұғалімі ретінде жұмысқа қабылданады. 1992 жылы осы училищенің директоры болып тағайындалады. 18 жыл басшылық қызметте жүріп, білім ордасының жұмысын жандандырып, ұлттық қолөнер, ағаш шебері, зергерлік, керамика, былғары және дизайн, киім дизайны, интерер дизайны, мүсін және қондырғылы кескіндеме мамандықтарын ашты.
Нұрлан Шилібайұлы 1990 жылдан бастап ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қылқалам шебері.
Мерейтой иесі әрине әріптестерімен, шәкірттерімен үлкен ортада мерейтойын атап өтті. Бірақ, туған жерінде, білім алған мектебінде, жерлестерімен, сыныптастарымен өткізген бүгінгі кештің орны бөлек болды. Кеште сыныптастары естеліктерімен бөлісіп, ауыл қариялары ақжарма тілектерін білдіріп, ақ баталарын берді. Әсіресе, сыныптасы Сайраш Ахметова суретшінің жас ұрпаққа үлгі болар қасиеттерін, яғни мектепте тиянақты, ұқыпты, көпшіл, еңбекқор, белсенді, игі істерді ұйымдастырғыш болғанын әңгімелеп берді.
Ауылдық округ әкімі Затыбек Пашенов те тұрғындар атынан игі тілегін білдірді.
Шымкенттен өзімен бірге келген шәкірттері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері Нұрлан Шилібайұлының суретшілік өнері, адами қасиеттері туралы айтты.
Суретші оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
4 сынып оқушылары Жанэль Ермағамбет пен Гүлдария Еркінбек Күләш Ахметованың «Сен қазақсың!», «Қазақтың жанашыры қазақ қана» өлеңдерін жатқа оқыды.
Бір топ қыздар қазақ биін биледі.
Нұрлан Шилібайұлы кеш соңынан сөз кезегін алып, ынтымағы жарасқан Ынтымақ ауылынан Ұлы Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Халықтар Достығы ордендерінің иегері, журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері Құрманбек Сағындықовтан бастап түрлі саланың майталмандары шыққанын мақтанышпен жеткізді.
Жастарды осы аға буын салып кеткен сара жолмен жүруге, еңбекқор болуға, туған жерін, елін сүюге шақырды. Жастарға мақсаткерлік, үлкен арман, ізденімпаздық, жігерлілік тән екенін айтып, мектепте ұйымдастырылған «Менің ауылым!» фотобайқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Суретші «Тойдан тобықтай» демекші, кешке келген қонақтардың барлығына сый-сияпаттар тапсырды.
Нұрлан Шилібайұлына жерлестері мен сыныптастары да қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, бейнетінің зейнетін ұзағынан көруіне тілектестігін білдірді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»