Basty bet
Ауданның сәулеттік келбеті – біздің жұмысымызға берілген баға
Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте 2024 жылы аудан аумағында атқарылатын құрылыс жұмыстары және аудан орталығының сәулеттік келбетін арттыру үшін ұсынылатын жұмыс көлемі қаралды.
Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тимур Қалдыбаев баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, 2023 жылы барлық бюджет көздерінен құрылыс саласы бойынша 2,3 млрд. теңгені құрайтын 18 жоба іске асырылып, оның ішінде, 13 нысанның құрылысы аяқталып пайдалануға қабылданса, 5 нысан 2024 жылға өтпелі.
Ағымдағы жылға 7,7 млрд. теңгені құрайтын 65 жобаны іске асыру жоспарланған. Олар: спорт саласы бойынша 4 нысан -1 059,5 млн теңге: Көлтоған ауылында спорт сауықтыру кешенінің құрылысын салу – 385,0 млн теңге (2023 жылдан өтпелі нысан); Б.Момышұлы ауылында спорт сауықтыру кешенінің құрылысын салу – 130,0 млн теңге; (2023 жылдан өтпелі нысан); Ертай ауылында спорт сауықтыру кешенінің құрылысын салу – 322,5 млн теңге (2023 жылдан өтпелі нысан); Қарасаз ауылында спорт сауықтыру кешенінің құрылысын салу – 222,0 млн теңге (2024 жылға қолдау тапқан).
Мәдениет саласы бойынша 2 нысан – 204,0 млн теңге: Қайрат ауылында 149 орындық мәдениет үйінің құрылысын салу – 84,0 млн теңге (2023 жылдан өтпелі нысан); Көлбастау ауылында 149 орындық мәдениет үйінің құрылысын салу – 120,0 млн теңге (2023 жылдан өтпелі нысан).
Сумен жабдықтау бойынша 3 нысан – 1 292,9 млн теңге: Ақтөбе ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын салу – 554,9 млн теңге; Түктібай ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын салу – 627,0 млн теңге; Қайрат ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын салу – 111,0 млн теңге.
Медицина саласы бойынша 2 нысан – 257,5 млн теңге: Ынтымақ ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт салу – 129,6 млн теңге; Талапты ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт салу – 127,8 млн теңге- 127,9 млн теңге.
Білім саласы бойынша 1 нысан – 70,0 млн теңге: Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназиясына жапсарлас құрылыс салу – 70,0 млн теңге (2023 жылдан өтпелі нысан).
Автомобиль жолдары бойынша 38 жобаға – 1 121,4 млн теңге: «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан аумағында 28 жобаға – 824,1 млн теңгеге қолдау табылды. Олар: Б.Момышұлы ауылы бойынша 4 жобаға – 111,3 млн теңге; Ақсай ауылдық округі бойынша 2 жобаға – 85,9 млн теңге; Мыңбұлақ а/о бойынша 4 жоба – 135,6 млн теңге; Нұрлыкент а/о бойынша 5 жоба – 200,2 млн теңге; Боралдай а/о бойынша 4 жоба – 50,4 млн теңге; Қарасаз а/о бойынша 1 жоба – 32,2 млн теңге; Көкбастау а/о бойынша 1 жоба – 20,5 млн теңге; Билікөл а/о бойынша 1 жоба – 27,7 млн теңге; Ақтөбе а/о бойынша 1 жоба – 19,3 млн теңге; Күреңбел а/о бойынша 1 жоба – 35,3 млн теңге; Шақпақ а/о бойынша 4 жоба – 105,7 млн теңге. Баяндамашы Тимур Мейрамбекұлы аудандық бюджеттен қолдау тапқан жобалар мен әзірге қолдау таппаған нақтылауға ұсынылатын жобаларға да тоқталды.
Сонымен бірге аудан аумағында сәулеттік келбетінің ұсқыны қашқан нысандарға аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан жүргізілген мониторинг нәтижесінде жергілікті әкімшіліктерге берілген ұсыныс-ескертпелер, “қызыл сызық” нормаларын бұзған нысандармен жұмыс туралы баяндады.
Аудан әкімі баяндаманы тыңдай келіп, жұмыстың көңілі толмайтын тұстарына ерекше тоқталып, нақты тапсырмалар берді.
-Ауданның сиқын кетіріп тұрған, “қызыл сызық” нормаларын бұзған нысандар бойынша заңмен белгіленген мүмкіндіктеріңізді пайдаланып, халықтың игілігіне жұмыс жасаңыздар. Жеке тұлғалармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескертіп, орындалуын бақылауда ұстаңыздар, талап етіңіздер.
Одан кейінгі мәселе ауданда жел тұрса, шашылып қаламыз: ауыл-ауылда жалбыраған баннерлер, құлаған аркалар, жол жиегіндегі белгілер, тағысын тағы. Бұл тірлік басшыларда жұмысқа деген ынта болмай, жөнделмейді. Шашылған дүниелер апталап, тіпті, айлап жата береді. Оны қаншама ауданға келген қонақтар көріп жүр. Ауданның мәдениетіне, жан-жақты дамуына, жұмысымызға осы сырт келбетімізге, әсіресе, аудан орталығындағы көрініске қарап-ақ баға беріледі,- деді аудан әкімі.
Жалғас Әлижанұлы аудан орталығында атқарылатын жұмыстар туралы баяндаған Б.Момышұлы ауылының әкімі Керімхан Төреқұловқа да сын-ескертпелер айтты.
-Өткен жылы аудан орталығында “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасымен бірқатар жұмыстар атқарылды. Бірақ, солай екен де тоқмейілсуге болмайды. Алда қаншама жұмыс күтіп тұр. Бірқатар жобалардың әлі күнге дейін құжаттары дайын емес. Тағы да айтамын, аудан орталығындағы көрініс – бұл біздің жұмысымызға берілетін баға. Сондықтан ой елегінен өткен тыңғылықты жобалар керек.
Біз бір-бірімізді құр мақтағанмен ештеңе өзгермейді. Біз орын алған кемшілікті тездетіп түзеп, бір-бірімізге бағыт-бағдар беруіміз керек. Ал, Сіздер өте баяусыздар, ісіміз шала, немқұрайдымыз. Олай болмайды. Нақты жоспарды бекітіп, сапаға және жанашырлықпен жұмыс істеуіміз керек. Болмашы нәрсені ұйымдастыра алмай жүрген басшылар, алдағы уақытта ренжімеңіздер…
Берілген тапсырма бойынша бір ай мерзім беремін. Уақытты оздырмай жұмыс істеңіздер. Ынтасы жоқ адамға сылтау көп. Жұмыс істеймін деген адам көзін табады,- деп аудан әкімі сөзін түйіндеді.
Аппараттық кеңесте бірқатар ауылдық округтің әкімдері ауылға қажетті маңызды мәселелерді жеткізді. Аудан әкімінің орынбасарлары да өз салалары бойынша тиісті мәселелерге тоқталды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»