Basty bet

Табиғаттың тосын мінезіне қаншалықты дайынбыз?

Су тасқыны, су басу – болжап болмайтын салдарға әкелуі мүмкін қауіпті табиғи құбылыс. Ол ауа райы температурасының кенет көтерілуі, қардың қарқынды еруі, нөсер жаңбыр, қума жел, мұздың кептелуі және т.б. өзен, көлдегі судың көтерілуі нәтижесінде бірталай жердің су астында қалуы.

Иә, апаттың айтып келмейтінін ескерсек, табиғаттың кез келген тосын мінезіне дайын болғанымыз жөн. Өздеріңізге белгілі, соңғы уақыттарда күн райының күрт жылынуына байланысты аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданымызға қарасты су басу қауіпі бар аймақтарды аралаған болатын. Тиісінше, жауапты мамандарға тапсырма беріп, су тасқынының алдын алу қажеттігін қадап айтқан еді.
Осыған орай, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағыдан ауданымыздағы қауіпті деген аймақтардың сел тасқынының алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы туралы сұраған едік.
– Ауданда үш су қоймасы және 17 су тоғаны бар. Атап айтар болсақ, «Теріс-Ащыбұлақ», «Дарбаза», «Қошқарата» су қоймасы. Қарасаз ауылдық округіндегі «Береке», Ақтөбе ауылдық округіндегі «Жарбұлақ», және Ақсай ауылдық округіндегі «Қайрат», «Шетбұлақ», бұдан бөлек, 8 су тоғаны сот шешімімен ауданның коммуналдық меншігінде болса, 5 су тоғаны жеке меншікте.
Ағымдағы жылдың 18 және 27 ақпан күндері біз, біріккен топ, яғни жауапты аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің қызметкерлерімен аудандағы су қоймалары мен су тоғандарына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ауылдық округ әкімдеріне қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру және дайындық шараларын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердік.
Су тасқынының алдын алу мақсатында 2022 жылы Қарасаз ауылдық округіне қарасты Ақбастау және Жүрімбай бағыты бойынша 16 көпір, Ақбастау ауылындағы Төле би және Қойгелді көшелеріне бір көпірден, Береке көшесінің бірінші бұрылысына үш көпір салынды. Соңғы бес көпір ағын су өту үшін және жалпы ірі көлемдегісі 12 көпір, ағын су үшін 9 кішігірім көпірлер салынды. Одан бөлек, Ақтөбе ауылдық округі бойынша 8 көпір жөнделді және 5,6 шақырым төрт канал тазаланды. Сол секілді Күреңбел ауылындағы кіреберіс көпіріне жақтаулар қойылып, Қошқарата ауылдық округі бойынша ауылiшiлiк көшеде 1 көпір жөндеуден өтті. Сондай-ақ, Жетітөбе, Нұрлыкент, Көкбастау ауылдық округінде су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілді.
Облыстық мәндегі автомобиль жолы 2022 жылы Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған бағытындағы Кәріқорған ауылының тұсында көпір (темір құбыр) және Б.Момышұлы-Бәйтерек бағытындағы автомобиль жолының Түктібай ауылының тұсындағы көпір (темір құбыр) ауыстырылды.
Жалпы аудан бойынша 2022 жылы 31 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 8 канал тазаланды, 2 тоған құрылысы жүрді.
Ауданда су тасқынына және сел болуына қауіпті үш нысан жатады. Олар, Жетітөбе ауылдық округіндегі Қоңыртөбе 1-2 су тоғаны, “Дарбаза”, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы.
Көктем айларында су тасқынының алдын алу мақсатында су қоймаларына келіп-кетіп жатқан су бүгінгі күнге су қоймаларында жиналып жатқан жоқ. Суды жинау сәуір айының соңында басталады. Сондықтан ауылды мекендерге қауіп жоқ, – дейді Асхат Базарбайұлы.
Асхат Базарбайұлының сөзіне сүйенсек, аудандағы халықты хабардар ету бойынша аудан орталығында 2 жерде орнатылған стационар дабыл қондырғысы сиренасы әр айда бір рет тексеріліп, актісі жасалынған.
Ал, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ербол Әміровтің мәліметінше, казгидрометтің дауылдық ескертуіне сәйкес, 2023 жылдың 4 мен 10 ақпан аралығында Жамбыл облысында жаңбыр және жылбысқы қар түріндегі қатты жауын-шашын күтіледі. Сондай-ақ, температуралық фонның жоғарылауына байланысты қарқынды қар еруі, еріген қар және беткейлік ағынның қалыптасуы, мұздық құбылыстардың әлсіреуі ықтимал, бұл ретте судың жайылуы және тасқыны болуы мүмкін екенін айтады.
– Аудандағы қандай да бір төтенше жағдайдың алдын алу және салдарын жою үшін 20 дана төсек, 20 матрас, 20 жамылғы (плед), асханалық 4 дана үстел, 20 дана орындық, 1 газплита, 3 дана термос, 3 дана фонарь, 10 дана бас шамы (фонарь), 1 дана шкаф, 3 дана электр генераторы, 3 дана су тартатын насос (мотопомпа), 16 дана аптечка, 70 дана камуфляж, 2 дана су шашқыш құралы (бензинді), 12 дана аспалы өрт сөндіргіш құралдар, 70 дана аяқ киім (берцы), 2 рупор, 29 рация, 4000 қап, 2000 литр бензин және 3500 литр дизель отыны және күрек, шелек, ломдар дайындалған.
2022-2023 жылдары көктемгі су тасқыны және селдің алдын алу туралы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінде 5 мақала жарияланды. Одан бөлек, аудан әкімінің «Instagram» желісіндегі парақшаларында үгіт-насихат жұмыстары бойынша мақалалар ұдайы жариялануда.
Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен азаматтарға өз аула аймақтарын қардан, арықтарды қоқыс пен мұздан уақтылы тазарту қажеттілігі бойынша күнделікті насихат жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 3095 үй араланып, 12165 адам қамтылды, жадынамалар таратылды, – дейді Ербол Шалхарұлы.
Иә. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, кез келген тосын жайттардың алдын алуға бар күшімізді салуымыз керек.
Су тасқыны және су басу кезеңінде халыққа күні бұрын хабар беретіндіктен, тұрғын үйлерде және жұмыс орындарында радиотрансляция торабы тәулік бойы жұмыс істеуі қажет. Хабарландыру сигналдары, эвакуация жасау шаралары мен ережелерімен танысып, оған күні бұрын дайын болған жөн.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close