Basty bet
Мейірімділік пен бірлікке үндейтін мереке
Рухани келісім күні – қазақ топырағында бейбітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған. Бұл күн елімізде Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен 1992 жылдан бастап аталып өтуде.
Дінаралық татулық, ұлтаралық келісім – баға жетпес жетістігіміз, құндылығымыз. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы да халықтардың өзара татулығы негізінде дамиды. Елімізде, біздің ауданымыздың өзінде қазақ халқымен бірге қаншама өзге ұлт өкілдері жемісті еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына үлкен үлес қосып келеді.
Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғауларында, өлең-жырларында өзара келісімді, бірлікті насихаттайды. Майқы бидің: “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деген нақыл сөзі қаншама ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге. Жалпы қай заман, қай қоғам болсын елдің тыныштығы мен амандығынан қымбат ештеңе жоқ.
Рухани келісім күні қарсаңында ауданның бас имамы Ақмамбетов Асхат Аманжолұлымен арнайы сұхбаттасқан едік. Аудан имамы әңгімесінде асыл дініміздегі бірлік, татулық турасында айтылған рухани дүниелерге кеңінен тоқталды.
-Асхат Аманжолұлы, дінаралық, ұлтаралық рухани келісімнің маңыздылығы жайлы дінімізде не дейді?
-Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Барлық мұсылманға Алланың берекесі болсын!
Рухани келісім күнін еліміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни 1992 жылдан бері атап өтуде. Тәуелсіздік біздің елімізге, жерімізге берген Алланың сыйы, нығметі. Рухани келісім күнінің мақсаты – еліміздегі түрлі ұлт өкілдерін, жалпы адамзат баласын біріктіруге, бейбіт өмір сүруге шақыру.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықты ауызбіршілікке ұйытып отырған мекеме. Қазақстан халқы Ассамблеясының да басты міндеті осы.
Ислам діні – бейбітшілік, амандық деген ұғымды білдіреді. Яғни, ислам дінінің мақсаты – жер бетіндегі адамзатты біріктіру.
Құран Кәрімде “Жер бетінде бейбітшілік орнағаннан кейін бұзақылық жасамаңдар” дейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) XV ғасыр бұрын дүниеден өтерінде, соңғы сөзінде “Жер бетіндегі адамдар барлығың Адам ата мен Хауа анадан тарадыңдар. Сендер бір-бірлеріңе бауырсыңдар. Сондықтан бауырлар бір-бірлеріңе жамандық, қастандық, дұшпандық жасамаңдар. Жанашыр, мейірімді болып, бейбіт өмір сүріңдер” деген.
Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы бірнеше жерінде баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де барша азаматтың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы иеміз “Әли Имран” сүресінде: “Бөлінбеңдер” деп әмір етсе, Оның Елшісі: “…Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар” деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.
Ата-балаларымыздың асқақ арманы мен өр рухының арқасында келген тәуелсіздік -Алланың бізге берген сыйы һәм нығметі. Жаратушы Рабымызға сансыз шүкірлер айтамыз, егемендігімізбен бірге дініміз де өркендеп, елімізде еңселі мешіттер мен медреселер бой көтерді, әлеуметтік жағдайымыз түзеліп, экономикамыз даму үстінде. Ендеше, халықтың әл-ауқатын бұдан әрі көтеру үшін бізге ең әуелі бірлік ауадай қажет. Өйткені бейбітшілік – біздің бақытымыз бен баға жетпес байлығымыз.
-Қазіргідей алмағайып заманда өркениеттер арасындағы бейбіт келісімді сақтау өзекті мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, діндер арасындағы үнқатысуды дамыту – бүкіл әлемдік жауапкершілік.
Қыркүйек айында Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтті. Осы съездің маңыздылығы жайлы әңгімелеп берсеңіз.
-Елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу дәстүрге айналған. Яғни, 2003 жылдан бері мұндай съезд біздің елімізде жетінші рет өткізіліп отыр.
Үстіміздегі жылы 14-15 қыркүйек күндері Астанада өткен форумда пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі кеңінен талқыланды.
Съездің негізгі мақсаты – ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайту, бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста, ынтымақпен өмір сүруге шақыру, бір-бірімен қақтығыстағы елдерді жарастыру. Әлемде орын алып жатқан табиғи апаттар, екі ел арасындағы қақтығыстар бүкіл әлемге кері әсерін тигізуде. Сондықтан орын алған қақтығыстардың түйінін бейбіт жолмен шешуге үлес қосу.
Съезге 100-ден астам ұлттың өкілдері қатысты.
Екі күннің ішінде съезге қатысушылар арасында ашық және салиқалы диалог болды. Форумға қатысушылар мен қонақтар адамзаттың пандемиядан кейінгі кезеңдегі рухани-әлеуметтік дамуының күн тәртібін жан-жақты талқылады.
Съезд қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерлерінің 7 съезінің Декларациясы қабылданды. 35 тармақтан тұратын құжатта қазіргі таңдағы жаһандық проблемалар барынша қамтылды.
Ислам діні татулық пен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқандарды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер. Көрші мен көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды. (Осы жауапқа съезд туралы тағы да қосамын)
-Жалпы ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Сондықтан біз осындай ұлы мұраттарды нысана етуіміз керек. Себебі, адам баласы қайырлы да ізгі амалдармен ғана Жаратушыға жақындайды. Осы орайда Отанымыздағы тыныштық әрбір отбасынан, отбасындағы ұстанымнан, тәрбиеден басталады. Отбасындағы ынтымақ, береке болу үшін қандай амалдар жасауымыз керек?
-Халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Адам баласының тұлға болып қалыптсауында ата-ана тәрбиесінің маңызы үлкен. Баланың тәрбиесін мұғалімге жүктеп қою дұрыс емес. Мен оған келіспеймін. Бала ұяда не көрсе, өскенде соны істейді. Ислам діні отбасында ата-ананың міндеттерін тәппіштеп, жіктеп айтып берген.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ата-ана баласына имани тәрбиеден артық ештеңе қалдыра алмайды» дейді. Ата-бабамыз әуелден бала тәрбиесіне ерекше мән берген.
Ұлы даналарымыздың өмірбаянын оқысақ, барлығы жастайынан медересеге барып, имани тәрбие алған. Мәселен, Абай атамызды алайық.
Жалпы, ынтымғы жарасқан, үйлесімді, иманды отбасында қоғамға пайдалы ұрпақ тәрбиеленетіні сөзсіз.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңғы қажылығында «Сендер әрқайсысың бақташысыңдар. Әрбір басшы өз қызметкерлерінен, әрбір отағасы отбасы мүшелерінін тәрбие беруден сұралады» деген. Ер-азаматтың міндеті – отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз ету ғана емес, жақсы қарым-қатынаста болу, жақсы тәрбие беру. Сондықтан рухани дүниеге, рухани дамуға басымдық беру керек.
-Қазір қоғамда елдің берекесін қашырып тұрған нәрсе – бей-берекет сөйлеу, яғни дәлел жоқ сөздерді, ауыр сөздерді бір-біріне ойланбастан айту. Бір-бірін сыйламау, жақсы көрмеу, бағаламау. Оның салдары қиын екенін түсінбеу.
Қазір бетпақтықты батырлық, бәлеқорлықты шындық деп түсінетіндер көбейді. Осы мәселе туралы діни тұрғыда не дейсіз?
-«Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл сөз бар. Ислам дінінде Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға сенер болса, жақсы сөйлесін, жақсы сөзі жоқ болса, сөйлемесін» дейді.
Отбасындағы, қоғамдағы адамдардың жаман сөздері, іс-әрекеттері, жаман қылықтары, бір-бірін ғайбаттауы – мұның барлығы білімсіздіктен дер едім. Жүрегінде иманы, сенімі жоқ, рухани тұрғыдан кедей адам өмірде көрген, естігін сөзімен, іс-әрекетімен өмір сүреді, амал етеді.
Қазіргі таңда теледидарда, әлеуметтік желілерде тәрбиелік мәні бар дүниелер аз. Имандылықтан алыс жандар әлеуметтік желілерде керексіз дүниелерге құмар болады. Мұның барлығы бір жағы өмірде не қымбат екенін түсінбеуден.
Адам баласын жақсылыққа жетелейтін нәрсе – дін. Асыл дінімізде материалдық дүниеге емес, рухани кемелдікке, көркем мінезділікке маңыз беріледі. Ал. Рухани жұтаң адам жамандыққа, қастандыққа, алдау, арбауға, өзінің арам пиғылын іске асыруға ұмытылады.
-Рухани келісім күніне орай аудан тұрғындарына деген игі тілегіңіз.
-Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері, расында да үлкен жетістікке жеткізді. Ұлтымызбен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін осы күн – қоғамдағы тұрақтылық пен келісім күні. Сондықтан да бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі ретінде аталып өтеді.
Тәуелсіздік жылдары ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Рухани келісім – біздің ұлтымызға тән үлкенді сыйлау, отбасына құрмет, балаларға қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болды. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі.
Барша жуалылықтарды мейірімділікке, игілік, бірлікке үндейтін Рухани келісім күнімен құттықтаймын! Әрбір отбасында тыныштық, береке болсын! Жаратушы Иемізден елімізге береке, бірлік, еңселі ел болуымызды тілеймін!
-Әмин!
Салиқалы сұхбатыңыз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»